ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЖЫМҰҚАНЫ

564
Биылғы 22 маусымда Екінші дүниежүзілік соғыс бас­талғанына тура 80 жыл тол­ды. Ұлықтайтын емес, күр­сініп еске алатын күн. Сол бір қанқасап қырғынға Қа­зақстан­нан аттанған азамат­тар саны 1 млн 200 мың (басқа бір дерек­терде 1 млн 400 мың). Со­ғыс­тан оралмағандар 600 мың­ның үстінде немесе тең жар­ты­сы.
Уақыт жылжып, заман өз­гер­ген сайын адамзат тари­хындағы сол бір теңдессіз соғыс жайлы тың де­ректер ашылып, өзгеше тү­сініктер қалыптасуда. Еуропаны бөлісу жөнінде Молотов – Риб­бентроп құпия келісімі болғанына шүбә келтірмейтін ұрпақтар есейіп келеді. Олар Кеңес Ода­ғын азат етуші деп есеп­темейді. Көнбістеу Азия­да, яғни өзімізде «сол соғысты Ұлы Отан соғысы деуге бола ма, жоқ па» деген ­сауал жиі қайталанатын болды.
Уақыттың мұндай өзгеріс­терін ешкім тоқтата алмайды. Соғыс туралы көп айтуға болады, бірақ ол тек соғысқа қатысқандар туралы болмауы тиіс.
Кеңес Одағының сол соғыста жеңуіне тылдағы адамдар да орасан еңбек сіңірді. «Жалаңаяқ жар кешкен» балалардан бастап, еңкейген кәріге дейін бел жазбай қайрат қылды. Соғыс жылдарын­дағы аңыз болып айтылатын оқиғаның бірі – күш атасы Қажымұқанның әрекеті. Кеңес Одағы – идеологиялық мемлекет (Қадыр Мырза-Әли) еді ғой.
Бір жағы идеологияға қажет болды ма, жоқ әлде 37-нің қаралауы тұсында «Патшадан медаль алған» деп соңына түскендерге адалдығын дәлелдеудің қамы ма, шынымен патриоттық сезім­мен бе, Қажекең Қазақстанның сол кездегі басшыларына барып, майданға көмек қолын созу үшін қарекет қылатынын айтып, қолдау сұрайды. «Жасы жетпіске жет­кеніне қарамай, 100 мың сом ақша тауып, оған ұшақ жаса­тыпты» деген желпіндірген ақ­пар, отыз жылдың алдындағы Кеңес Одағы құлағанға дейін айтылды.
Әрине, ол шындық.
Туғанына биыл 150 жыл тол­ған Қажымұқан Мұңайтпасов атамыздың әлемнің көптеген елдерінде «Қара Иван», «Яма­гата Мухунури», «Қара Мұстафа» «Қызыл бетперде» секілді лақап есімдермен жекпе-жекке шық­қанын бүгінде біреу білсе, біреу біл­мейді. Ондай лақап ат жамы­луына отар халықтан мұндай мықты шықпауы тиіс деген басқыншылық көзқарас әсер етті ме, әлде өзге себептері бар ма деген сауал көлденеңдейді.
Қа­жекең төрт рет үйленген. Ал­ғаш­қы әйелі поляк қызы. Әйел­де­рі­нен туған ұрпақтар кімдер, қазір олар қайда жүргенін де білген аб­зал. Ұрпақтарынан бізге бел­гі­лері – ұлы Жанәділ Қажымұқанов күрестен Қазақс­танның Еңбек сіңірген жаттық­тырушысы, нем­ересі Шаттық Қажымұқанов ка­ратэден халық­аралық дәреже­дегі спорт шебері, тағы бір не­мересі Бақытжан Қажымұқанов белгілі ком­по­зитор. Әрине, Қа­жымұқан туралы Сәбит Мұқа­нов­тан бастап бір­шама жазушылар жазды. Алда талай көркем шығармалар да дүниеге келер. Кино фильмдер де түсіру қажет.
«Өмір мек­тебінде» Мұқа­новтың әсірелеуі болса білмейміз, «Қазір екі жүз он төрт-ақ кило­грамм тартам. Қай­ратымның толық, денемнің қатты ке­зінде екі жүз жиырма ки­ло­грамм тартқан кезім болған еді» дейді балуан­ның өзі. Әлемжеліде бойы – 194 см, салмағы – 139 кг деп жүр. Қалай болғанда қа­зақтың мықты халық екенін дә­лелдеген тұлға­ның өмірі жайлы аңыздан ақиқат­ты аршып алатын уақыт жетті. Өйткені Қа­жы­мұ­қанды дәріптеу – қазақтың батыл да батыр, алып халық болғанын дәріптеу.
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ.
«Ana tili».