ӘКІМНІҢ ӘН ӘЛЕМІ

895
«Мақтанарым да, табынарым да, сағынарым да, жабығарым да – Ордабасым!
Барым да, нарым да — осы! Бай­лығым да бақытым да — осы! Сон­дықтан да менің елім бар, елім деп со­ғар жүрегім бар — мен бақыт­ты­мын!».
Осынау жолдардың туындыгері, туған жерін жанындай сүйетін әмбебап тұлға, майталман қайраткер, асыл сөз­ден өлең өріп, әдебиет әлеміне құлаш сермеген ақын, ән қанатында қа­лық­тап, халқына талай сазды әуен сый­лаған сазгер Әкім Ысқақтың кітаптары барша оқырман қауымға жақсы та­ныс. Оның шығар­машы­лы­ғының жаста­р­ға берер тәлім-тәрбиесі мол.
Осы ретте аудандық мәдениет Үйін­де Елбасы Н.Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағд­ар: Рухани жаңғыру» ма­қа­ласы мен «Туған жер» жобасы ая­сында жас ұрпақтың кітап оқудағы ру­ха­ни санасын қалып­тас­тыру, туған жер­ге деген сүйіспеншілігін арттыру мақ­сатында аудандық орталық кітап­ха­на­ның қызметкерлері «Әкімнің ән әле­мі» атты әдеби кеш ұйым­дас­тыр­ды.
Рухани кешті аудан әкімі Батыр­шаев Бағлан ашып, өскелең ұрпақты отансүй­гіштікке, мейірімділікке бау­литын ақынның шығармаларын аудан жұрты тұшына оқитындығын, әрбір жазбаларынан өмірге деген құштар­лық лепті айқын аңғаруға болатын­ды­ғын тілге тиек етті. Ел үшін, аудан үшін атқарған істерін, мектеп оқу­лық­тарын­да да жерлес қаламгердің ондаған туын­дылары енгенін мақтаныш сезім­мен жеткізді. Деніне саулық, қаламына қуат тіледі. Шығармашылық кеш иесіне құрмет көрсетті.
Әкім Ысқақ Ордабасы ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Респуб­ликасы Пар­ламенті Мәжілісі бірінші шақыры­лы­мы­ның депутаты, қазақ тілінде тұңғыш жа­зылған «Халықтың көші-қоны туралы» заң­ның авторы, мемлекет және қоғам қай­рат­кері. Көпшілік хабардар болар, дәл осы көші-қон туралы заңның арқасында алыс және жақын шетелдерден 300 мыңға жуық отбасы, яғни 1 миллион­нан аса қан­да­сы­мыз атамекенге оралды.
Мем­ле­кеттік қыз­меттен бөлек, шығармашылық саладағы ең­бегі де ұшан-теңіз. Жеті өнер түйіскен оның қа­ламынан туған «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін», «Көңіл қымбат», «Алтыным» атты кітаптары өз оқырмандарының сүйікті шығармаларына айналған. Бір ғана «Жүректегі жазулар» кітабы бірнеше тілге ауд­арылып, орыс тілінде «Записки серд­це» деген атпен жарық көр­ді, «Алтыным» де­ген кітабы Мә­дениет және спорт министрлігінің тап­сырысымен өткен жылы ба­сылып шы­ғып, еліміздің барлық кітап­ханаларына таратылған.
Осы кітап жас жазушы Маф­ту­на Нәжиеваның ауда­руында «Олтиним» де­ген атпен Өзбекс­тан­ның Ташкент қала­сында жарық көріп, Сайрам, Сау­ран ауданда­рын­дағы өзбек мектеп­те­рін­де қосымша оқулық ретінде де оқытылуда.
Ол өзінің халықшылдығымен, ержү­рек­­тігімен, ең бастысы қазағына тән қара­пайым қамқоршылдығымен, туған жер­ге де­ген құрметпен Орда­басы ауда­нын, атауын сақтап қалған шын мәніндегі дара тұлға.
1997 жылдың қорытындысында БАҚ бағалауы бойынша еліміздің ең үздік пар­ламентшісі болып танылып, «Жыл адамы» атанды.
Ақын, жазушы, журналист, сазгер, сатирик ретінде республика жұртшы­лығына аты мәлім, қаламы қарымды қаламгер де. Ол Қазақстан Жазу­шы­лар одағының мүш­есі. Әдебиет сүйер қауымға публ­ицис­ти­ка­лық және көркем шығармалары арқылы жақ­сы таныс. Сондықтан болса керек, ауда­ны­мыз­дағы Абай, С.Ысқақов атын­дағы мек­теп­теріндегі сыныптарға, Оңтүстік Қа­зақ­стан мемлекеттік педагогикалық университеттегі 321 аудиторияға есімі берілген.
Кешке оралар болсақ, «Әкімнің ән әле­мі» атты нотасымен берілген кітабы жарық көрді. Бір топ жас оқырмандары кеш кейіп­ке­рінің сырға толы жыр шумақтарын, қа­ра­сөздерін жатқа оқыды. Бұл оқыр­манд­ар­­д­ың әдебиет әлеміне, ақынның шы­ғар­ма­шы­лығына деген құрметін көрсетсе керек. Кештің ерекшелігі халық­аралық, рес­пуб­ликалық байқау­лардың лауреаттары, Нұр-Сұл­тан қаласынан арнайы келген Прези­дент оркестрінің әншілері Әлібек Ізбасаров «Жақсы адамдар» атты жаңа әнінің тұсауын кессе, Асылхан Шалқаров «Оралшы жаным қайтадан» атты әнін нәшіне келтіре орын­да­ды. Ал саксофон атты үрмелі аспапта Жанат Аб­данов «Көңіл қымбат, «Соңғы вальс» ән­деріне музыкалық ком­по­зи­ция жасады. Бұл шын мәнінде тың­дар­мандар қауымын тәнті етті.
Сазгердің «Күзді сүйем», «Қуант­қым ке­леді», «Көңіл қымбат», «Соңғы вальс» сияқ­ты танымал әндері кешке қатысу­шы­ларды баурап алды.
Әсерлі кешке көрші Бәйдібек ауданынан арнайы бір топ қонақ келіп қатысты. Қо­нақ­т­ар атынан аудандық «Алғабас» га­зетінің бас редакторы, Бәйдібек ауда­ны­ның Құр­мет­ті аза­ма­ты, қаламгер Абзал Әділбеков ақ тілегін ақтарып, шынайы құрметін көрсетті.
Ау­данымыздың ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Ораз Есқараев, «Жастар ресурстық ор­­талығының» директоры Әсел Бай­ма­ха­но­ва және бір жарым жасында ағасы бата бер­ген, бүгінде аудандық мәслихаттың ең жас де­путаты Әділет Әбухайыров нағыз оқыр­ма­­ны екенін дәлелдеп, бұдан 21 жыл бұ­рынғы қайраткер қолтаңбасын сақтап жүргенін көр­­сетті.
Осы тұста оқырмандардың ойын тыңдап көрдім.
Қожагелдиева Айнұр, оқырман: «Әкім аға­ның шығармаларын оқыған кезде бойым­ды бір ерекше сезім билейді. Себебі оның жазбаларында тек шындық, ақиқат жайлы сурет­теле­ді. Оның әрбір сөзі адамға ерекше күш сыйлап, адамгершілікке бау­ли­ды, тағы бір ерекшелігі сол – қара сөздері уа­қыт­қа бағынбайды, қай заман, қай дәуірде оқы­­саң да сол кезеңге арналғандай әсер ала­сың». Ширек ғасыр бойы туған жеріне еңбек дем­алысында тағзым етіп ке­ле­тін Әкімнің ән әле­мі тыңдар­ман­дарын тағы бір әсерлі қуа­ныш­қа бөледі.
Бет қатталып жатқанда белгілі қаламгер Әкім Ысқақ ағамыз Орталық Азияның » Янги овоз» ( «Жаңа дауыс») Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданғаны және төраға кеңесшісі болып сайланғаны, сондай-ақ бел­сен­ді қызметі үшін Әлішер Навои атын­дағы орденмен марапатталғаны жө­нінде хабар келді.
Гүлмира ЕЛБАСИЕВА