«Тәлкекке түскен тағдырлар» атты кітабының ашылу салтанаты өтті

536
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні атап өтілді. Іс-шара аудандық мәдениет үйінде Бөріхан Тәменнің «Тәлкекке түскен тағдырлар» атты кітабының ашылу салтанатымен басталды. Кітаптың тұсауын аудан әкімінің орынбасары Азат Әбдіғалиұлы мен аудандық маслихат хатшысы Қасымбай Жақанұлы кесті. Осы шарада сөз алған, Азат Әбдіғалиұлы «Жақында оқып кітабыңызбен танысамыз. Өзіңізге шынайы алғысымызды білдіргіміз келеді. Арығарайда қолыңыздан қаламыңыз түспей, кітаптарыңызды көбейте беріңіз», -деді.
Кітапта қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларымыздың тағдырдың тоқырауын әбден көрген өмірі мен бастан кешкен оқиғалары шынайы әрі нақты деректермен баяндалады. Сондай-ақ, кітаптағы кейіпкерлердің әрбірінің мұрағаттағы суреттері осы басылыммен жарық көрген. Автор өз сөзінде кітаптың оңайлықпен жазылмағанын алға тартты. Деректерді жинау барысында көп мұрағаттарды қарап, ұрпақтарын іздеген екен.
Айта кетейік, Бөріхан Баймұсаұлы 1948 жылы 15 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Аманкелді ауылында туған. Қазіргі таңда Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі. Аудандық Қажылар қауымдастығының төрағасы.
Қуғын-сүргін жылдары ішінде Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 млн. астам адам жіберілді.
«Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды.
Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық» — деп атап өтті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуінде.
Қуғын-сүргіннен 100 мыңға жуық қазақстандық өтті. 20 мыңы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары болды.
Аталған іс-шара сахна төріндегі концерттік нөмірлермен жалғасын тапты. Әуелі сахнадан келбеті келіскен ұлт анасын байқаймыз. Кейуана ет жүрегі езіле жылап, халық арасындағы көзі ашық, зиялы тұлғалардың құйтырқы саясаттың құрбаны болғанын, сол заманғы еліміздің тыныс-тіршілігін жеткізді. Сол жақ іргеден М. Жұмабаевтың «Сағындым» өлеңін оқыған жан аярлық ер бейнесі енді. Осы сәтте әр бір көрерменнің тарихқа көз жүгіртіп, іштей көңілсіздікті сезінгенін аңғардық. Мұнан соң Н.Алтынбекқызы «Қазағым елім» әнін айтса, Жігіттер тобы «Рахмет саған туған ел», Д.Жұмабекова «Өмірге сауал», А.Қорғанбай «Атамекен» әндерін айтты. Балжан Байларбекова «Өмірге қайта келдім» монологын оқыды.
Іс-шара соңында саяси қуғын-сүргін құрбандарына құран бағышталып, ас берілді.