БАЛУАННЫҢ ҚАСИЕТТІЛІГІ

344

(Қажымұқан өмірінен жаңа деректер)

Көріпкелдік ұлтымыздың ұрқында (генінде) бар, арғы тарихымызға түкпірлесек, алты жүз қырық алтыншы жылы туылып, жеті жүз қырық бірінші жылы қайтыс болған Тоныкөк Білгенің құлпытасындағы «Мен Тоныкөк Білгемін, Алдын ала білгенмін» дейтін қасиеті кейінгі ұрпаққа да жұғысқан. 1675 жылы жарық дүниеге көзін ашқан Мөңке бидің: «Адам ақысыз жұмыс істемейді, Дүниені түрлеп кестелейді. Ащыны ащы демейді, Сағынып тамақ жемейді. Тапқанын олжа дейді, Әлһам білгенді молда дейді. Бір-біріне қарыз бермейді, Шақырмаса көрші-көршісіне кірмейді» дегені бүгінгі тұрмысымыздың көрінісінен алшақ емес. Көріпкелдік пе? Әрине!

Сыр сүлейі Қарасақал Ерімбет екінші дүниежүзілік соғысты басталуынан отыз жыл бұрын болжап, қалай аяқталатынын 1911 жылы елестеткені бұлтартпас шындық. «Жыланда жұрттың бәрі қан жылайды, Уа дариға, көрер ме ең қойдың жазын?!» депті көріпкел. Қазақша жыл санауымыздағы жыланда, қазіргіше 1941 жылы ортақ Отанымызға неміс фашистері басып кіріп, жалпақ жұртты қан жылатқаны айдан анық. Жаудың беті қой жылы (1943) қайтарылып, ел қуанышқа бөлене бастағаны да ақиқат. Соны тұп-тура отыз жыл алдын қалай ғана дөп айтқан?! Дәл осылай күн ілгері түйсіну қабілеті Қажымұқан атаның бойынан да табылған.

Қажекеңе соғыс жылдары қашан да есігі ашық, пейілі кең, дастарқаны жаюлы тұрған Әбіш Байтанаевтың жазбасындағы мына жолдармен балуанның көріпкелдігі туралы пікірімізді түйіндейміз: «Мен түнде мәжіліс болып, кеш қайттым. Ол кісі үйде жоқ. Апамнан сұрасам, сонау жардың басында Арыстың жағасына төсек салдырып жатыпты. Азанда мен кеткен соң, апам ол кісіге шай құйып беріп отырып, ол кісінің бал ашуға қалай екенін сұрағанда, ол кісі оны ертең айтамын депті. Таңертең шай үстінде Қажекеңе түндегі айтқанын есіне салған екен.

– Дұрыс, ол уәдем есімде, – дейді. – Бірақ, мен бал ашпаймын. Сіз айтқаннан кейін «түс көрер ме екем» деп ойланып жатып едім. Түс көріппін. Соғысқа үш балаң кеткен екен. Оның әзірше біреуі келеді, – дейді.

Шынында да, кешікпей Амантай келді. Қалған екеуі – Әбдіразақ пен Ысқақ сол бойы келмей қалды».

Рауан БЕГАЛИЕВА, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры.