ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 348 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ
Шымкент қаласында алдағы жылдары қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі 80 пайызға артады. Бұл көрсеткішке жету үшін 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Осының негізінде жалпы 563 жоба қарастырылған.
Кешенді жоспар аясында биыл шаһарда 348 шақырым жол жөндеу жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 271 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі. Қалған жолдың құрылысы келер жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға артады. Жалпы қала аумағында 187 нысанда жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оның 164-де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінде Мангельдин, Тоқаев, Жолан батыр, Ақназар хан, Клара Цеткин, Республика, Рысқұлов, Іляев, Тәшенов, Дулати көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Он магистральды көшенің төртеуі жаңа, алтауы өткен жылдан өтпелі құрылыстар.
Айта кетейік, жол құрылысы саласында өткен жылы орталық көшелердің құрылысына басымдық берілсе, осы жылы ішкі орамдық көшелерді жөндеу қолға алынып отыр. Сондай-ақ, қалада биыл 122 шақырым жолға шағал тас төселеді.
50 шақырым көшенің жол сызықтары жаңартылды.
Шымкент қаласында биылғы жылы 450 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылатын болады. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 200 шақырымы акрильді бояумен сызылатын болады. Жалпы бүгінге дейін 50 шақырым көшенің жол сызықтары жаңартылды.
Аталған жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмеу мақсатында түнгі уақытта сызылуда. Жүргізілген жұмыстар барысында Бақбаев көшесінің жол сызықтары, Тайманұлы көшесінде орналасқан мешіт тұсындағы жаяу жүргінші өткелі, Әділбек Керімше және Аманқұлов көше қиылыстарындағы жаяу жүргінші жолы, Рысқұлбеков-Мәделі қожа көшелері қиылысындағы бағдаршамды жаяу жүргіншілер өткелі, 1 мамыр көшесінің Театральная және Жарқынбеков көшелері аралығы жаңартылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
Ұлағат шағынауданында 16 көшеге тас төселеді.
Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбек бүгінде 14,5 мыңға жуық халқы бар Ұлағат шағынауданы ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен 100 пайыз қамтылғанын айтты.
Ықшам ауданда 52 көшенің 31 асфальтталған, шағал тас төселгені — 21. Биыл кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілген 16 көшеге тас төсеу жоспарлануда. Ал, 2023 жылы 19 көшені асфальттау жоспарда бар.
Ұлағатта 2 248 абонентті қамтитын кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Осы жылдың соңында құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Аталған аумақта 8 көше жарықтандырылған. 2021 жылы Спатаев пен К.Тленшин көшесі жарықтанса, биыл Айдын көшесіне кешкі шамдар орнатылады. 2023-2025 жылдар аралығында 10 көше жарықтанады.