ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА 2 ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ САЛЫНУДА

335

Қала әкімінің Қаратау ауданы тұрғындарымен өткен есепті кездесуінде аудан әкімі Р.Мүлкеманов негізгі көрсеткіштерді атап, жоспарлармен таныстырды.

Қаратау ауданында 12 ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды.

Оның бірі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы – 23 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 1500 жұмыс орнын құрумен 21 жоба іске аспақ.

Екіншісі – «Агроиндустриалды аймақ» өндірістік жылыжай кешені — 11 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 369 жұмыс орнын құрумен 14 жоба жүзеге асады.

 

ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТЫЛУ БАРЫСЫ

Қала әкімінің есепті кездесуінде Қаратау ауданының әкімі Р.Мүлкеманов ауданның инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу барысы туралы айтты.

🚰 2023 жылы ауыз сумен қамтуды 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта биыл Нұртас су жинақтағыш магистралды құбырының құрылысы аяқталады. Ал Қайнарбұлақ және Асар-2 елдімекенінде құрылыс жүргізіліп, келер жылы пайдалануға беріледі.

💡 Достық пен Асар-2 тұрғындары сапалы электр желісіне қол жеткізеді. Тассай шағын ауданында құрылыс жұмыстары осы жылы басталып, 2023 жылы аяқталады. Нәтижесінде биыл ауданды электрмен қамту 97 пайызды құрамақ.

🔥 Биыл табиғи газбен қамту көрсеткіші 90 пайызға жетеді. Бұл мақсатта Тұран, Тассай, Нұртас, Қайнарбұлақ, Асар-2 елдімекендерінде құрылыс жұмыстары басталады. Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі.

🕳️ Мирас, Ақжайық, Тұран ішкі магистралы, Асар-2, Тассай, Достық елдімекендерінде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.  Асар-2, Тассай, Достықта жұмыстар алдағы жылы аяқталады.

🔦 2022 жылы 39 көше жарықтандырылады.

 

«ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ» НӘТИЖЕСІ

Қаратау ауданында 2021 жылға қарағанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 10 есеге артқан. Өткен жылы 5 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биылғы жылы 26 үй ауласы жаңарып, ирригациялық арықтар салу бойынша 2 жоба жүзеге асырылмақ.

Айта өтсек, жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.

 

СУ БАСУДЫҢ АЛДЫН АЛУ

Шымкент қаласында күзгі жауын-шашын кезінде ирригациялық арықтардың толып қалуының алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес ирригациялық арықтар орнатылу қажет жерлер зерделеніп, анықталған.

Биыл Қаратау ауданында жауын-шашын салдарынан болатын су көлдеудің алдын алу мақсатында ұзындығы 13,7 шақырымды құрайтын 22 мекенжайға ирригациялық арықтар орнату жоспарланған.

Қазіргі таңда 12 орынға мердігер мекеме анықталды. Келісімшарт құжаттамалары әзірленуде. Қалған мекен жайларға мердігер мекеме анықталуда.

 

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі