ЖАСТАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ҚЫЛМЫС ПЕН ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША РЕЙДТІК ІС-ШАРА ӨТТІ ЖӘНЕ «КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫ» ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің және Шымкент қаласы полиция департаментінің ювеналды полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, жастар және жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қалалық деңгейде рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара нәтижесінде Қазақстан Республикасы ӘКБтК-ның 442-бап, 2-бөліміне сәйкес (Кәмлетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерлерде жүрген болуы) түсініктеме жұмыстары жүргізілді.
Рейдтік шара аясында полицейлер жасөспірімдер жиналатын орындар, ойын-сауық мекемелері, көңіл көтеретін аумақтарды аралады. Аудан аумағында кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықпен қылмыстың алдын алу мақсатында түнгі ойын-сауық орталықтарында әкімшілік хаттама толтырып, тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Әрбір ата-ананың назарына кәмелет жасына жетпеген балаларын қараусыз қалдырмауды, бала тәрбиесімен тұрақты түрде айналысуды ескертеміз. Сондықтан ата-аналар өз балаңыздың өміріне жауапты екеніңізді ұмытпаңыз!
«КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫ» ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ
Шымкентте «Көрме орталығы» қайта ашылды. Мәдениет саласының ардагері К.Айдарбекова мен Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы А.Насыр салтанатты түрде ғимараттың лентасын қиып, жиылған көпшілік «Әжелер ансамблінің» шашуымен нысанның ішіне енді.
«Шымкент өркениеті» салтанатты жиынының аясында роботтар көрмесі ұйымдастырылып, оның бастамашысы Д.Фалин, «Көрме орталығының» директоры З.Қарабекова құттықтау сөз сөйледі.
— Біз еліміздегі жаңа технология мен робот құрастыру саласын танытуға атсалысып келеміз. Өскелең ұрпақтың инженерлік мамандықтарға, ғылымға деген қызығушылығын оятып, өнертапқыштық қасиетін дамытсақ дейміз. Ал, осындай жұмысты халыққа паш етуде «Көрме орталығының» орны ерекше. Қайта жанданып, көрермендердің жиналып жатқанына қуаныштымыз, — деді Д.Фалин.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме 21 шілдеден 11 қыркүйекке дейін жалғасады. Көрермендер роботтың 85 түрімен танысып, 7 виртуалды шындық технологиясы мен 4 техношоуды тамашалай алады. Сондай-ақ, робототехника бойынша мамандардың кеңесін алып, шеберлік сағаттарына қатыса алады. Көрмені тамашалаймын деген 14-21 жас аралығындағы жастарға әр сейсенбі сайын, ал әр сәрсенбіде зейнеткерлерге арнайы жеңілдік қарастырылған.
Шымкент қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұралған бишілері мерекенің сәнін келтірді.
Айта кетейік, жыл басындағы «Қаңтар оқиғасы» кезінде «Көрме орталығының» ғимараты зардап шегіп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.