ШЫМКЕНТТІҢ БАС ЖОСПАРЫНА ҚАТЫСТЫ ҰСЫНЫСТАР САРАЛАНАДЫ

321

Шымкент қаласы бас жоспарының жобасын қоғамдық талқылауда 149 ұсыныс түскен. Олардың арасында инженерлік жабдықтау, қоғамдық көлікті дамыту, қала аумағын абаттандыру, мектеп, балабақша, емхана мен спорт және демалыс орындарын салу мәселелері бар.

Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың айтуынша, барлық ұсыныстар сараланып, құзырлы мемлекеттік органдармен келісіледі. Ең тиімді ұсыныстар бойынша бас жоспардың жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Нәтижесінде жыл соңына дейін қаланың  жаңа бас жоспары толық әзірленіп, ҚР Премьер-министрінің келісімінен кейін, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.

Айта кетейік, бас жоспарды әзірлеу үшін 2021 жылы «Градкомплекс» ЖШС-мен Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы арасында келісімшарт түзілген. Құжатты әзірлеуге ТМД елдерінен көлік инфрақұрылымы бойынша үздік мамандар, сәулет және құрылысы саласындағы ғалымдар мен бас жоспар әзірлеу жөнінде мол тәжірибеге ие сарапшылар шақырылды.

Олар қаланың шекараларын айқындап, аумақтық даму схемаларын, тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау және пайдалану тұжырымдамасын, орталықтарды, өндіріс орындарын, селитебті және рекреациялық аймақтарды орналастыру жобасын әзірлеген. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын дамыту ұстанымдары, соның ішінде жаңа әуежайдың, теміржол вокзалының, автобекеттің орналасатын орындарын анықтап, экономикалық кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша концептуалды ұсыныстар әзірлеген.

ШЫМКЕНТТІҢ БАС ЖОСПАРЫНА ҚАТЫСТЫ ТҰРҒЫНДАРДАН 149 СҰРАҚ ПЕН ҰСЫНЫС КЕЛІП ТҮСТІ

Бүгін Шымкент қаласы бас жоспарының жобасын ашық қоғамдық талқылау мәресіне жетті. Бір ай бойы жалғасқан талқылауға 2 мыңнан адам қатысып, 149 ұсыныс келіп түсті.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.

–Тұрғындар тарапынан келіп түскен сұрақтар мен ұсыныстардың арасында ең жиі қозғалғаны  инженерлік жабдықтау және қоғамдық көлікті дамыту мәселесі. Бұл бағытта 30 ұсыныс пен сұрақ түскен. Сондай-ақ, қала аумақтарын абаттандыру және саябақ салу жөнінде 24 ұсыныс болса, қоршаған ортаны қорғау бойынша 11 ұсыныс түсті. Қабылданған ұсыныстар салалар бойынша құзіретті мемлекеттік органдармен бірге сараланады. Сөйтіп олармен келісе отырып бас жоспардың жобасына өзгерістер енгізілуі мүмкін, – деді Мақсұт Пернебайұлы.

Айта кетейік, жоғарыда айтылғандардан бөлек қызыл сызыққа қатысты – 9, ЖОО, мектеп, балабақша және емхана, музей салу жөнінде – 9, спорт және демалыс орындарын салу туралы – 9, Нұршуақ шағынауданында саябақ аумағын қайта құрау бағытында – 5 және көпқабатты үйлер салу мәселесі бойынша 3 ұсыныс түскен.

Оған қоса тұрғындарды қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, өндіріс аймақтарын салу және сәулет-жоспарлау жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мәселелері де мазалайды екен. Бұл бағыттардың әрқайсысы бойынша көптеген ұсыныстар мен сұрақтар түскен. Талқылау барысында тұрғындар бас жоспарға қатысы жоқ 21 ұсынысын да айтыпты.

«Шымкент келбеті» —Айдар Құлжанов