ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУДА ЖАҚЫПОВТАР ОТБАСЫНЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ БОЛДЫ
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің қаншалықты маңызды екенін түсінуге, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіруге, әсіресе, жастарға жеткізуге мүмкіндік береді.
Ұлттық байқаудың қалалық кезеңінің марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов осылай деді.
–Халқымызда «Отан – отбасыдан басталады» деген ұлағатты сөз бар. Себебі, отбасы қай заманда болсын ел болашағы – жастарды тәрбиелейтін ыстық ұя. Сондықтан отбасы институтының іргесін нығайту арқылы Қазақстанның болашағын жарқын ете аламыз. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мақсаты — үлгілі отбасыларды анықтап, оларды өзгелерге өнеге ету, ұлттық салт-дәстүріміз бен отбасы құндылықтарын насихаттау, сол арқылы Отаншыл әрі ізгі ұрпақ тәрбиелеу, – деді Мұратжан Шүкірханұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, халқымыз ежелден ұлттық және отбасылық дәстүрлерге берік. Бұл қоғамдағы рухани құндылықтарды сақталуына оң ықпал етіп келеді. Сондықтан бұл іс-шараны Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі деуге болады.
Жалпы, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы басталғалы оған 1 мыңға жуық отбасы қатысқан. Ал, биылғы конкурсқа қатысуға Шымкент қаласынан 128 отбасы өтінім берген. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері, жас отбасылар, мәдениет пен спорт саласының үздіктері, кәсіпкерлер, меценаттар және ұзақ жылдары бойы ұрпақ тәрбиесіне еңбек сіңірген ұлағатты ұстаздардың да отбасылары бар.
Соның ішінде Шымкент қаласының әр ауданынан 4 отбасыдан іріктеп алынып, қалалық кезеңге 16 отбасы қатысқан. Арнайы комиссияның шемімен бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Біржан Жақыповтай атпал азаматты тәрбиелеп өсірген Жақыповтар отбасы жеңімпаз деп танылып, байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.
Чемпионның әкесі 69 жастағы Жақып Құттыбеков бүгінде жекеменшік спорт мектебінің директоры қызметін атқарып келеді. Ал, анасы Қарлығаш Зәуірбекова саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беруге арнаған ұлағатты ұстаз. Қырық жылдан астам уақыт бойы шәкірттерге математика пәнінен сабақ берген Қарлығаш апай бүгінде құрметті еңбек демалысында. Отасқанына 45 жыл болған бақытты отбасының 4 перзенті мен 15 немересі бар.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен қатысушыларға қала әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Іс-шараның соңы мерекелік концертке ұласты.
«Шымкент келбеті»
Фото Серік ҚОСАЕВ.