БАРША ҚАЗАҚ ҚАДІР ТҰТҚАН АНА, АЙТЫСКЕР АҚЫН

648

Биыл киелі Отырардың от ауызды, орақ тілді суырып салма ақыны, барша қазақ қадір тұтқан ана Тәушен Әбуованың туғанына 90 жыл толып отыр. Сүбелі сөз бен ұшқыр ойдың иесі Тәушен Жорабекқызы өскен жерін, туған елін, қасиетті халқын, оның болашағын жырлап өткен отырарлық ақындардың ұстазы десек қателеспеген болар едік. Қазақтың қара өлеңімен талай қазақтың құлақ құрышын қандырып, тауып айтқан ұтымды ойлары мен мағыналы жырларымен елін сүйсінткен Тәушен ақынды халқы сағынады, әлі де іздейді.

Осының бір дәлелі кеше ғана шырайлы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Асылдың көзі…» жобасы аясында ақынның артында қалған ұрпақтарымен, ізбасарларымен және көзін көрген замандастарымен «Айтыстың ақберені» атты сыр-сұхбат кездесу кеші өтті.

Кешке ақын апамыздың ұл-қыздары, айтыстағы жолын жалғаушы айтыскерлер қауымы, замандастары, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, Отырар аудандық «Әдебиет және Өнер» бірлестігінің төрағасы, жазушы Сағындық Қыдыр, әнді жанына серік еткен Нышан Төлегенов ағаларымыз келіп, арнайы қатысты.

Кеш шымылдығы ақын Мейіржан Жақыповтың арнау өлеңімен түріліп, одан әрі алғашқы сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлына берілді. Ол өз сөзінде: «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды деген. Елуден асқанда Тәушен апамыз осы сөздің тегін айтылмағанын дәлелдеп кетті. Ұзақ уақыт булығып қалған талант көкке көтерілді. Ақынның алғашқы қадамын қуаттап, қол ұшын созған оның адал жары Серікбай мен ақын Көпбай Омаров еді. Айтыста Тәушен Әбуова екпінімен ешкімді қарсы келтірмеген. Ақынның тауып айтқан сөздері, әдемі қалжыңы әлі күнге елдің көкейінде»,-дей келе ақынның 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған кештің өтуіне ұйытқы болған айтыскер ақын Анар Жаппарқұловаға шынайы ризашылығын айтып, аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың алғыс хатын табыстады.

Жас айтыскерлер арасындағы «Күміс домбыра» иегері Даниал Болысбек пен облыстық оқушылар айтысының жеңімпазы Сұлтан Сәуірхан сахна төрінде айтыс жасап, көпшілік көрерменнің көңілінен шықты.

Айтыскер ақындардан ҚР Мәдениет саласының үздігі Карима Оралова, Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттерінің жазушылар одағының мүшесі Бөрібай Оразымбет, Бекмұрат Анарбаев, Жандос Мырзабек, Нұрлан Есенқұлов және Нұрғали Әнәпия кештің қадірлі қонағы болды