ЖЫЛҒАДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА

259

Аудан әкімі Мұхит Отаршиев Жылға ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Алдымен аудан басшысы алдыңғы кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тоқталып, содан кейін алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі жарықтандыру, таза ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету, жол белгілерін орнату, интернет желісімен қамтамасыз ету, жаңа мектеп салу, оқушылар тасымалы, электр желісін орнату, жайылым жер мәселесі туралы өтініштері мен пікірлерін айтты.

Өз кезегінде аудан басшысы Қарақалпақ елді мекенінде фельдшерлік амбулатория салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде, жеңімпаз мекеме анықталғаннан соң құрылыс жұмыстары басталатынын жеткізді.

Айта кетсек, Жылға, Нұрауыл, №3 Ферма, Шеңгелді, Қарақалпақ, Шайхана елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасының мерзімі аяқталуына байланысты, бүгінгі таңда жобаға қайта түзету жұмыстары жүргізілуде. Жоба сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін құрылыс жұмыстарына қаржы бөлдіру үшін облыстық салалық басқармаға ұсынылатын болады.

Сонымен қатар, Жылға ауылдық округінде 1233 га жер ауылшаруашылығы алқабының жайылым түріне ауыстырылып, ортақ жайылымға берілді. Сондай-ақ, аталған ауылдық округ аумағындағы 19385 га жерге жер пайдаланушылармен егістік жерлер егіннен босағаннан кейін ауыл тұрғындарының малдарын жаюға меморандум жасалынды. Аталған жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін тұрғындардың мәселесі шешіліп, ортақ жайылым жерлердің көлемі ұлғайды.