ТЕМКЕҢНІҢ ТАПСЫРМАСЫ

172

Сейдағаң, Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз «Лениншіл жас» газетін басқарып тұрған уақытта өндірте жазған кездерім болды. Оған Комсомол тұрмысы бөліміндегі Бауыржан Омаров (ҚР ҰҒА акдемигі) пен Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі (көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері) Өтеген Оралбаев ағамыз көп ықпал етті. Тапсырма береді, тастай ғып дайындап алып барамын. Газетке мақалаларым бірінен кейін бірі шығып жатады. Ол кезде газеттер қазіргідей көп емес, «СҚ», «ҚӘ», «ЛЖ» сосын «Ара» журналы.
Бірде «Лениншіл жасқа» үш мақалам («Нәтиже», «Жетекшісі жоқ ұйым», «Пародия парасатын ойласақ») араға күн салмай, бірінен соң бірі шығып, елді елең еткізгені бар. Соның соңғысында пародия жазудағы мәдениеттілік жайы қозғалды.
Ұстазым Темірбек Қожекеевтің «пародияда ақынның жеке басына тиісуге болмайды» дегені бар. Содан пародия жанры туралы айтып-айтып келіп, мысал ретінде Қажытай Ілиясовтың Тынышбай Рахимовқа жазған бір пародиясын келтірдім. Онда «пендесіз ғой, тыраштау, пендесіз ғой» деген жері бар. Осы жеке басқа тиісудің мысалы, сәтсіз шыққан пародия дегендей пікір айттым.
Газетті көрген Қажытай ағамыз ашуланып, бас редакторға кірсе, Сейдағаң: «Қажытай, сенің қатты ашуланғаныңа қарағанда мына нәрсе дұрыс жазылған болу керек» депті. Ашуланып барған Қажекең мырс етіп күліп жіберген екен.
Кейін жігіттер жолығып, «біздің бастық Қажекеңді бір ауыз сөзбен қатырды, енді Қажекеңнен қашпай көріне берсең болады» деді.
Сатира деген сондай жанр, жазуын жазып алып, артынан ыңғайсыз күйге қалып жүретінің бар.
Кейін Қажекеңмен кездестік қой, баяғы ашу тараған, бірақ «Сол кезде қолыма түспедің, бала! Былай, мойныңнан орып жіберетін едім» деп, оң қолын қылыш секілді көрсеткені бар. Сосын «Білемін, мұны сен жазған жоқсың, саған біреу жазғызды, ол кім?» деп те жүрді.
Ал шындығында бұл мақала менің «Ара» журналы және қазіргі қазақ сатирасының негізгі проблемалары» деген дипломдық жұмысымның бір бөлігі болатын. Кейін «Ерекше жанрдың ертеңі» деген атпен эпиграмма, достық әзілдер туралы ой қозғадым. Ұстазым әрі диплом жетекшім Темірбек Қожекеев мені ғалым болуға, сатира жанрын зерттеуге тартқысы-ақ келді, бірақ мен одан бас тарттым. Себебі, орысшам жоқ еді…
Орысша дегеннен шығады, бірде Темкең сатираны зерттеп жүрген орыс ғалымының еңбегі туралы реферат жазуға тапсырма берді. «Ол кітап Пушкин кітапханасында бар» деп шегелей түсті. Не деймін, алдынан мойным салбырап шықтым. Іштей «кітапханаға барғанда не істеймін, ол өзі орысша болса, мен оны түсінбесем, қалай реферат жазам?» деп қоямын.
Ақыры, сол кеткеннен мол кеттім. Зачет тапсыратын уақыт та келді, реферат жоқ. Айналып келіп, бір күні Темкеңнің алдында отырдым.
-Сен кітапты қолыңа ұстап көрдің бе өзі? – деп, сұрақты төтесінен қойды.
-Көрдім,-дедім бетім бүлк етпестен.
-Оқыдың ба?
-Оқыдым.
-Түрі қандай, қалыңдығы?..
«Қиналған Жамбыл жер осы» дегеннің өзі болды.
-Қандай кітап, сен маған қалыңдығын айтшы,-деді.
«Мынадай» деп, көзімді көзінен алмай, бас бармақ пен балан үйректің арасын бір елідей аша түстім.
Не дейд?!-деп бақырып берді.
Тағы да аштым.
Әр айқайға басқан сайын мен де саусағымның арасын ұзартып, кітаптың қалыңдығын қалыңдатып жатырмын. Бір кезде:
-Бар, қайқай! Сен оны қолыңа ұстамақ түгілі, көрмеген қусың!-деп қуып шықты.
Кейін Пушкин кітапханасына барсам, ол кітап емес, қарпі машинкаға басылған әріпке ұқсайтын бір кішкентай брошюра екен.
Содан арада біраз өткенде ұстазыма шынымды айттым: «Ағай, ол орысша… мен түсінбедім…».
-Немене, қытайдан келдің бе! – деп, алдымен бір ашуланып алды да, артынан жібіп сала берді, ақыл-кеңестерін айтқан болды.
Ал, бұл зачетті қалай алғанымды бұдан бұрын «Темкең тауып берген тақырыпта» жазған болатынмын, сондықтан оған оралмай-ақ қояйын…
Жылда журналистер мерекесі жақындағанда Темкең ұстазды еске алып қоятыным бар. Марқұм, жақсы кісі еді, берген дипломының нанын жеп келе жатырмын. Бұйырсын, маған ғана емес, барлық шәкірттеріне!

Балапан БАЗАР
2 маусым, 2021 жыл