МАҚТААРАЛДА ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ПЕН ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

266

 

Мақтаарал ауданында қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы бойынша аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен мекемеаралық мәжіліс өтті. Жиында қылмыстың алдын алу мәселелері мен себеп-салдары кеңінен талқыланды.

Аудан прокуроры Айтболат Досаев кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, мал ұрлығы, жол көлік апаттары, ұлтарлық араздықтың және алаяқтық қылмыстардың алдын-алу бойынша орын алған қылмыстар мен кемшіліктерге тоқталды. «Бұл қылмыстармен күресу үшін мемлекеттік органдардың жұмысы ең алдымен осы қылмыстардың алдын алуға бағытталуы қажет» — деді прокурор.

Атап айтар болсақ, жыл басынан бері интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстардың саны едәуір өсіп, 27-ге жеткен. Интернет-алаяқтықтың құрығына әйел адамдардың жиі ілінетіні де мәжілісте айтылды. Сонымен қатар, балаларды құқық бұзушылықтан қорғау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің психологиялық ахуалына тоқталған баянамашылар кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, іс-шара жоспарлары бекітілгендігін жеткізді.

Жауапты мекемелердің жасөспірімдерге қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстары мен олардың өз-өздеріне қол жұмсауының алдын алу бағытындағы жұмыстарын өз деңгейінде атқарылу керектігі тапсырылды.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мектептер мен балабақшаларға баратын жолдарды жарықтандыру, орталық көшелерді бейнебақылау камераларын орнату бойынша айтылған ұсыныстарға аудан әкімі Бақыт Асанов жергілікті бюджеттен бейнебақылау камераларын орнатуға 229 миллион теңге қаржының қарастырылғанын атап өтті.

Мәжілісте аудан прокуроры Айтболат Досаев ауылдық округ әкімдеріне әрбір елдімекендерді аралап, жүйелі жұмыстар атқаруды тапсырып, жауапты сала басшыларына заңды іс-шараларды сапалы түрде атқаруға шақырды.

Жиын барысында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар негізінде арнайы жұмысшы топ құрылып, әр елдімекенде тұрғындар арасында қылмыстың алдын-алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізілетін болды.