ЖОЛДАУДЫҢ БАСТЫ БАҒЫТТАРЫ НАСИХАТТАЛДЫ

294

«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», — дей келе, денсаулық саласын дамытуды тапсырған болатын. Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Н.Анарбеков пен «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Е.Бертаев Шымкент қалалық №2 емханасының ұжымымен кездесіп, Жолдаудың басым бағыттарын баяндады.

— Бұл Жолдау – жаңа Конституцияны іске асырудың негізгі тетігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауы маңызды бастамаларға толы болды. Соның ішінде елдің көкейінде жүрген көп сұрақ көтерілді. Халықтың денсаулығы, әлеуметтік мәселелері, елдің экономикалық дамуы, ешбірі назардан тыс қалмады. Мәселен, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы елдегі балалардың шотына 18 жасқа толғанға дейін аударылмақ. Сондай ақ, биыл күзде Президент сайлауы өтеді. Ал, келер жылы Парламент құрамы жаңадан жасақталмақ, — деді Н.Анарбеков.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев Жолдауда «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр», — деп, саланың әлі де дамытуды талап ететін бағыттарына тоқталған-ды. Жиын барысында дәрігерлер Жолдауға қатысты өз пікірлерін айтып, оның жүзеге асуына атсалысатындарын жеткізді.