ЕГЕМЕН ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛІ КҮН

239

Таяу күндерден соң қазақ елі үшін ұлық мереке, Ұлттық мереке. Иә, еліміз 13 жылдан кейін алғаш рет Республика күнін тойлайды. Мемлекет басшысы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұсынысын халық қалаулылары қолдап, оны қайтадан мемлекеттік мереке етіп бекітті.

Иә, тарих беттерінде Республика күні деген атпен тіркеліп, хатталған, санамызда жатталған бұл күннің мәні зор. Өйткені бұл күн еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын.

Тарихқа аздап шегініс жасасақ…

Өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап еліміз аумалы-төкпелі, толқымалы күндерді кешті. Ол сонау 1985 жылдың жылымығы қоғамда бел алған Қайтақұру үдерісінен бастау алған да болар. Одан кейінгі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін азаттықты аңсаған қазақ жастарының боданнан бостандыққа ұмтылысы, алғашқы тәуелсіздік қарлығаштары деп таниды зерттеушілер бүгінде. Сол тұстағы С.М.Киров атындағы КазГУ-дің студенті ретінде 1990 жылғы Алматыдағы саяси үдерістер күні бүгінге дейін көз алдымызда, санамызда жаңғырып тұр десем артық айтқандық емес. Иә, сол кездегі ел астанасындағы ала көбең көп оқиғалар орын алды. Қоғам қайраткері Сәбетқазы Ақатай бастаған «Азат» қозғалысы, Хасен Қожахмет бастаған «Желтоқсан» ұлттық партиясы, күнбе-күн Республика алаңында бейбіт шеруге шығып, Үкіметке өз талабын қойып, елді егемендікке бастағаны есімізде. Тіл, діл, егемендік тұрғысындағы елдік өткір мәселелерді көтеріп қызу талқылап, олары халықтан қолдау тапты. Жасарал Қуанышәлин, Айсұлу Қадырбаева сынды саяси серкелер алаңдарда саңқылдап сөйлеп, ұлттың мүддесін көздейтін, рухымызды көтеріп, жігерлендіретін. (Біраз уақыт аштық жариялап, алаңда киіз үй тігіп жатып алғаны бар ағамыздың). Ал, ақын Мұхтар Шаханов бас болып 1990 жылдың қазан айында Желтоқсан оқиғасы құрбандары үшін Республика алаңына тұңғыш рет мемориал-дық ескерткіш тақта орнатып, митинг өткізген болатын. Митингіге жиналған халықтың қарасы қалың еді. Аяғында алаңға сыймай кетті. М.Шаханов саңқылдап сөйлеп, елдік, егемендік, ұлттық тұтастығымыз туралы небір көсемсөз, шешенсөз үлгісін көрсетті. Иә, Желтоқсанның 4 жылдығы тұңғыш рет кең ауқымда аталып өтті. Біздер ақын ағамыздың Желтоқсан батырларына арнап оқыған өлеңінен рухтанып, біразға дейін қанаттанып жүрдік.

Студент болса да Қазақ радиосында жұмыс істеп жүрген қатарласым Ақылбек Сансызбайұлы саясат серкелерінен сұхбат алып, онымен ілесіп мен де барып тыңдап, «Өркенге» мақала жазып, осы бір тарихи сәттің куәсі болғанымыз бар. «Сүйінші, достар! Бүгін еліміз Егемендік декларациясын қабылдады, естідіңдер ме? — деді редакциядағы қыз-жігіттер қуанып бөркін аспанға атып жатты. Бір-бірімізді құттықтап, мәре-сәре болдық.

…1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.

Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды.

Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды. Бұл жарлыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің No307-XII жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ал 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, ұлттық мереке болып жария етілді. Ал, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды. Республика күнінің мәртебесі қалай қайтарылды дегенге келер болсақ, 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», — деді.

«1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні яғни 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды. Ұлттық мереке мен мемлекеттік мерекенің айырмашылығы қандай? Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Республика күнін мемлекеттік мереке мәртебесіне қайтаруды «маңызды және тарихи шешім» деп атады. «Осы заңға сәйкес 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мереке болып бекітіледі. Бұл — тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде бекіту мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызды қадам болып табылады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз», — деді Мәулен Әшімбаев.

…2009 жылы ҚР «Мерекелер туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, 25 қазан Республика күні мерекелер тізімінен алынып тасталды. Бұған қарсы болғандар болған екен. Қоғам қайраткері Ирак Елекевтің мына пікірі сөзімізге дәлел:

— Менің ойымша, бұл мерекеден бас тартуымыздың қажеті жоқ. Бұл – Қазақстан тарихының бір бөлшегі. Аса бір ауқымды болмаса да, қалай болғанда да, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарған күн ретінде біз оны атап өтуіміз керек.

Жақында ғана парламент мәжілісінің депутаты Алтай Тілеубердин еліміздің егемендігін жариялаған күнді қалпына келтірудің дұрыстығына байланысты дәлелдер келтіріп президентке хат жазды. Бүгін біздің әріптесіміз депутат Перегрин де осындай дәлелдер келтірді. Екінші жағынан, Республика күні мен тәуелсіздік күндері бір бірімен байланысып, астасып жатыр. Сондықтан бір ғана мерекені – Тәуелсіздік күнін қалдырғаны дұрыс та болған шығар,бәлкім. Иә, бұл сол тұстағы биліктің таңдауы болған шығар, әйтеуір сызылып тасталды. Алайда, санамызда жаңғырып тұрған бұл күн, бұл тарихи оқиғаға куә қаншама жандардың жүрегінде қалды, санасынан сызылған жоқ. Міне, тарих тегершігі кері айналып, ұлттық мерекеміз қайта оралды. Қазақта: «Қайтқан малда қайыр бар» деген сөз бар. Ұлтымызға, жұртымызға қайта оралған ұлық мереке құтты, қайырлы болсын, ағайын!

Әтіргүл ТӘШІМ.