БІЛІМ ТЕҢІЗІНДЕГІ МЕКТЕП

350

Мектеп қашанда білімділер жарысының ордасы. Сол үшін де бұл салада небір додалар өткізіліп жатады. Бүгінгі таңда осындай бәсекелердің түр-түрі бар. Және бар мүмкіндік те осында. Газетіміздің қалың оқырмандары да осы ортада. Өйткені ұстаздар қауымы әрқашанда зиялы орта болып есептелген. Ал, мұндай жандар туралы жазбасқа болмайды. Олардың ел игілігі үшін жасап жатқан еңбектерін айтып тауысу мүмкін емес. Сондықтан біздер мыңдаған шәкірт тәрбиелеген орта оқу орындары жайлы «Ұшқан ұя» атты айдар ашып, ұстаздар өмірін, тыныс-тіршілігін елге көрсетуді мақсат тұттық. Әрине, айдарымызға әбден жауыр болған сөздің бірін алмақшы да, қоя салмақшы да болдық. Бірақ, бүгінгі таңдағы патша көңілді оқырмандарға осы айдар ұнайды-ау деген тоқтамға келдік. Бұл жерде аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімімен келісуді де ұмытпадық. Сонымен оқырмандарды бүгін Шорнақ ауылындағы Шорнақ жалпы орта мектеп ұжымымен таныстырғалы отырмыз.

Бексұлу Жолдасбекова – Шорнақ атындағы жалпы орта мектебінің тұңғыш директоры, зейнеткер, Сауран ауданының Құрметті азаматы.

— Қай қоғам болмасын білімге аса мән берген. Ол кезде де білімді балалар біздің болашағымыз деп өмір сүрдік. Сол уақыттағы билік те бұл мәселеге аса мән беріп жатты. Түркістан ауданынан Қазақ ССР-нің Кеңесіне депутат болып сайланған Райхан Абдуәлиева деген шопан апамыз болатын. Бірақ, ол кісілер бүгінгінің депутаттарындай астанада отырмайды. Сессия дегенде бір барып қайтады, қалған уақытында ауылдағы тірлігін жасап жүреді. Әлгі апамыздың жоғары жаққа айтып жүруімен Шорнақ ауылының орталығына мектеп салынатын болды. Жұрт қуанып жатты. Мен ол кезде білім бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскерімін. Сонымен 1988 жылы оқу ғимаратының іргетасы қаланды. 1990-1991 оқу жылында сол мектептің ашылуы болды. Депутат апамыздың аманаты орындалды.

Басшылық мені директор етіп жіберді. Әрине, қалай ойласаңыз да жаңа мектептің жұмысын жаңадан бастау кімге болса да қиын тиетіні анық. Әсіресе, әйел адамына. Бірақ алдымда сенімді ақтау деген мақсат тұрды…

Әлі есімде оқуды 480 оқушы, 32 мұғаліммен бастап кеттік. Сол кездегі ауылдағы барлық шаруашылықтар барынша көмектесті. Олардың жәрдемімен облыс орталығы Шымкенттен мектеп жиһаздарын, парта, тақтаны алдырдық. Қоғамдандыру жұмыстары да қоса жүргізілді. Бүгінде көкпен таласып тұрған мектеп ауласындағы талдардың сонау Сарыағаштан көшеттері алдырылды. Жалпы, мектеп 784 оқушыға арналған. Оқушылар саны жылдан жылға арта түсті.

 

Дәулет Құдайбергенов – Түркістан қаласы, А.Байтұрсынов атындағы №1 жалпы орта мектебінің директоры. (2009-2013 жылдар аралығында Шорнақ жалпы орта мектебінің директоры болған).

— Мен қалалық білім бөлімінің бұйрығымен 2009 жылы осы мектепке директор болып тағайындалдым. Келген кезден-ақ, байқағаным бұл оқу орнына тәжірибелі, білікті мамандардың басшылық еткендігі. Мені ұжым жылы жүзбен қабылдады. Және Орынбасаров Ешанқұл, Бакиров Жарылқасын, Дүйсекеев Мұсахан, Маменов Мұхаметжан, Шержанов Арыпжан, Жолдасбекова Бексұлу, Рахманбердиева Шарбан, Әбдірахманова Жұлдызай, Тұрымбетова Пернеш, Аблязова Закия, Досметова Зайда, Әбдінабиева Шамшия, Матанова Мухаббат, Нұрметова Тұраш, Аубакиров Нұрәлі, Қосдәулетов Алиасқар сынды ұлағатты ұстаздар өздерінің өмірлік тәжірибелерінен дәріс берді. Оларды әлі күнге дейін еске алып отырамын.

 

Гүлназ Сапорова – Шорнақ жалпы орта мектебінің директоры.

-Мен осы мектепке 2013 жылдан басшылық етіп келемін. Мен өзімді ұжыммен біте қайнасып келе жатқан ұстаз ретінде есептеймін. Мектептің негізгі міндеті шәкірттерге тек білім беріп қана қоймай тәрбие беру. Осы жолда мектеп директорының орынбасарлары болып қызмет еткен Г.Миршаева, А.Абдуллаева, Р.Жапарова мен П.Қадірқұлова мен И.Хайдаровтардың да осы жылдар аралығында қосқан үлестері жетерлік. Мен директор болып келгеннен бері мектепті «Алтын белгіге» бітіргендер саны – 10 болды, Үздік аттестат иегерлері – 22 оқушыға артты.

Мектебіміз оқыту мен тәрбие берудің жаңа технологияларымен толығып әлемдік қауымдастықтың озық тәжрибелерін ұстаздарымыз сабақтарына батыл енгізуде. Атап айтар болсақ, мектептің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында 2013 жылдың қаңтар айынан бастап, Е-Iearning электронды оқыту жүйесі енгізілді. Мектептің материалдық-техникалық базасы жоғары, мектепте негізгі пәндерді мудьтимедиялық, интерактиві технологиялар арқылы оқыту жолға қойылып, мектеп электрондық оқыту жүйесіне көшкен. Кембридж бағдарламасы бойынша өзімнен бастап 13 мұғалім деңгейлік курстардан өтті. Бүгінде жаңа технологиямен топтық жұмыс негізінде сабақтар өтіліп, барлық мұғалімдер орта және қысқа мерзімді жоспар жазып, жаңа технологиямен үздік білім беруде.

«Шорнақ» жалпы орта мектебінде қазіргі таңда соңғы технология мен жабдықталған физика, информатика сыныптары бар. Сонымен қатар, мектебімізге оқу мен тәрбие саласы бойынша талмай еңбек еткен ардагер ұстаздарымызға үш кабинет атауы беріліп, талапқа сай жабдықталды. Мектебімізде 931 оқушы білім алуда, 112 мұғалім еңбек етуде. Шебер – 2, зерттеуші – 22, сарапшы – 32, модератор – 32.

Қазіргі таңда мектеп «12 жылдық білім беру жүйесіне көшу кезеңінде инновациялық технологияларды ендіру негізінде біліктілік-ті қалыптастыру» тақырыбында жұмыстар атқарып келеді. Әр мектептің тарихы минут сайын өзгеріп отыратын жағдай. Бірақ, мектеп табылдырығында қаланған адамгер-шілік құндылықтары баланың бойында өмір бойына сақталып қалатыны анық. Мектеп тек білім іргетасын қалап қана қоймай, өмірлік мінез-құлқыңды да қалыптастырады.

Мектебіміз бірінші кезекте ұйымшылдықтың, екінші тазалық пен жауапкершіліктің белгісі. Мұндағы ұстаздар қауымының әдептілігі жоғары, иманжүзді адами қарым-қатынастың биік деңгейін білдіретіні адам жанына жылылық ұялатады. Мектептің іші де жинақы әрі тап-таза, оқушылардың жан-жақты білім мен тәрбие алуына толық жағдай жасалынған. Мектеп дәлізіндегі қабырғадағы озат оқушылардың қаз-қатар ілінген суреттеріне қарап, мектепте білім саласының дұрыс жолға қойылғандығына көз жеткіземіз.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.