ОБЛЫСТЫҢ АБЫЗ АҚСАҚАЛЫ ӘБДІБЕК ҚАЖЫ
Түркістан қаласының «құрметті азаматы», батагөй-абыз ақсақал, қаламгер Әбдібек қажы Абылайұлы Бейсеновтің мектеп бітіргеніне 65 жыл толуына орай «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты практикалық-танымдық конференция өтті. Оған өңірдегі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, «Бөбек» Ұлттық ғылыми практикалық орталығының Обсерватория директоры, «Алтынсарин» және «Қазақстан ғылымына қосқан қомақты үлесі үшін» төсбелгілерінің және тағы басқа ғылым-білім саласындағы көптеген марапаттардың иегері, теориялық физика және астрофизика саласы бойынша қазақтың тұңғыш ғалым қызы Нұрзада Бейсен қатысты. Әбдібек ағамыздың перзенттері шетінен өнерпаз, нағыз «сегіз қырлы, бір сырлының» өзі. Олар ғылыми конференцияның әрін кіргізді.
Қазір Сауран ауданы, Абай ауылының қадірменді қариясы, Түркістан қаласының «құрметті азаматы», қаламгер, батагөй Әбдібек қажы Бейсенов 1934 жылы Түркістан қаласы, Абай ауылында «Батыр баба Ер Жаманбайдың қара шаңырағы» немесе «Үлкен үй» деп атап кеткен Жаманбай батырдың жетінші ұрпағы Тобағабыл бидің шаңырағында дүниеге келген.1938 жылы әкесі Абылай Бейсенұлы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, артынан соғысқа алғы шепке кетіп, содан хабар-ошарсыз кеткен. Ал анасы Шәрипа Құрышбайқызы 1938 жылы өмірден озған. Ол қазіргі Абай (бұрынғы Ақтөбе ауылы) ауылында орта мектептің табалдырығын аттайды.1947-1948 жылдары Қазақстан КП ОК-нің ұйымдастыру бөлімінің жауапты нұсқаушысы қызметін атқарып жүрген әкесінің інісі Әбілбек Тобағабыловтың шақыртуымен Алматы қаласында мектепке барады.
1948 жылы Түркістан қаласындағы қазіргі Ахмет Байтұрсынов (бұрынғы Ленин мектебі) мектебіне білім алуға ауысып келіп, оны 1955 жылы жақсы бітіріп шыққан. Мектепті бітіре сала ауылға келіп, колхоз жұмысына араласады. Сарыағаштағы Қапланбек ауылшаруашылық техникумының агрономия мамандығына оқи жүріп, сол жерде комсомол комитетінің хатшысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы сынды қызметтерді қоса атқарған. Оқуын ойдағыдай бітіріп, қызмет жолын Ордабасы ауданы, Исаханов ауылында агроном қызметінен бастайды. 1966 жылдан бастап Куйбышев (Бабайқорған) совхозында механик, гидротехник, артынан ұзақ жылдар бойы агроном болып қызмет атқарады. Тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағы құлап, совхоздар тараған тұста, Әбдібек ақсақал өңірде алғашқы болып, Абай ауылында ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, егін, бау-бақша егумен айналысады. Көптеген ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтиды. Көп өтпей зейнеткерлікке шығып, сол жылы Түркістан төңірегінде алғашқылардың бірі болып, «Ақтөбе» шаруа қожалығын ашады. Содан бері аттан түспей, ауыл шаруашылығы саласымен үзбей айналысып, Тәуелсіз мемлекеттің дамып-өркендеуіне еңбегін сіңіріп келеді.