ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ НҰРБОЛ ТҰРАШБЕКОВ: «КИЕЛІ ШАҺАРДЫҢ АТЫНА ЗАТЫ САЙ БОЛУЫНА БӘРІМІЗ МҮДДЕЛІМІЗ»

283

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков киелі шаһардағы алты шағын ауданның секторларында тұрғындармен кездесіп, бірқатар азаматтарды өтініштері бойынша қабылдады. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегендей ашық та еркін форматтағы кездесулер барысында қаланың қордаланған көптеген жайларының еңсеріліп қалғаны, әлі де бірқатар кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің басы қылтиды.

САУРАН СЕКТОРЫНДА СЕКСЕН СЕГІЗ МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАБУДА

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Сауран» секторының тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы пікірлесуде. Бұл шаһар басшысының жыл басынан бері «Сауран» секторындағы үшінші кездесуі. Ақпан және наурыз айларында тұрғындармен кездесу барысында көтерілген 88 мәселенің бүгінгі таңға 82-і нақты орындалса, 3-і орындалу үстінде, тағы 3 мәселенің тиісті бөлімдермен заңдылығы зерделенуде. «Сауран» тұрғын үй алабында 15,8 шақырым құрайтын 28 көшеге тас төселді. Оның ішінде М.Төлебаев, Алпамыс батыр, А.Жұбанов, Желтоқсан, М.Мәжит және СМП-313 аумағындағы көшелер бар. Әзірге сарқынды су жүйесі толық жүргізілмеген кей көшелерге тас төсеу және асфальттау жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай отыр. Сонымен қатар, Сарыарқа, Төле би, М.Төлебаев көшесіне және сонымен қатар 35,9 шқ құрайтын 31 көшеге жарықшамдар орнатылып, қазіргі уақытта кезең-кезеңімен электр көзіне қосылуда. Б.Майлин – Ә.Жангелдин аралығына жаяу жүргіншілерге арналған жол (тротуар) құрылысы аяқталды.

Сондай-ақ, Сауран секторындағы 1-ші мөлтек ауданында абаттандыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Оның ішінде спорт алаңшаларын салу, аумақты асфальттау мен аяқжолдар төсеу, жарықшамдар орнату және т.б. жұмыстар жүргізілуде. Мұнда жұмыстардың 80 пайызы орындалды. Шілде айының соңына дейін жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Қазіргі таңда, 2-ші мөлтек ауданда абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастырылды. Құрылыс жұмыстары шілде айының ортасында басталады деп жоспарлануда. Түркістан қаласының 1-2 мөлтек ауданында 9 дана трансформаторларға күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекеттік жобаға сәйкес, 1 мөлтек ауданда жоғарғы кернеулі электр кабельдері 30 үйде толық жаңартылды. Қазіргі таңда 2 мөлтек ауданда жоғарғы кернеулі электр кабельдері ауыстырылуда.

Сауран секторында жалпы жоба бойынша 110 шақырым ауыз су желілері қайта күрделі жөндеуден өткізілуде. Бүгінгі таңда жұмыстың 70 пайызы орындалды. Өткен кездесулерде бірқатар көшелерге кәріз жүйесін жүргізу мәселелері көтерілген болатын. Мәселені шешу мақсатында 3 жоба әзірленіп нақтылануға ұсынылды. Оның ішінде Ортақ, Шавгар сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету 3-кезек, Баянауыл аумағын сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету, Мақта зауыт және СМП-313 аумағын сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету жобалары бар.

Жалпы, Түркістан бойынша 2022 жылға 100 аялдама орнату және 50,3 шақырымды құрайтын 41 көшеге аяқжол салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 75 аялдамасы орнатылса, 21,2 км құрайтын жол аяқжолмен қамтылды. Барлық жұмыстар толығымен алдағы шілде айында аяқталады.

 

ЯССЫДАҒЫ ҚЫРЫҚҚА ЖУЫҚ МӘСЕЛЕНІҢ ЖАРТЫСЫНАН КӨБІ ОРЫНДАЛДЫ

«Яссы» секторындағы жыл басынан бергі екі кездесуде Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековке 37 ұсыныс пен өтініш түскен болатын. Олардың 25-і нақты орындалып, 7-і орындалу үстінде, ал 5 мәселе тиісті бөлімдер тарапынан заң аясында орындалуы зерделенуде. Соңғы кездесу барысында Нұрбол Әбдісаттарұлы атқарылған жұмыстар туралы мәліметтерді баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Тұрғындардың тілегі назарға алынып, «Тұран» ауылында спорт алаңшасын салу жобасы іске асырылуда. Бюджет есебінен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталуға дайын. Сектор аумағында 21 шақырымды құрайтын 23 көшеге тас төселді, 30,25 шақырымды құрайтын 24 көше ағымдағы жылы орташа жөндеуден өтеді. 3,1 шақырымды құрайтын 3 көше асфальттанды. Қалған көшелерде сарқынды су жүйесінің сервистік жұмыстары аяқталғаннан кейін, орташа жөндеу жұмыстары жалғасатыны айтылды. Жаяу жүргіншілерге арналған жол бойынша 3,9 шақырым құрайтын 5 көшеде аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланып, қазіргі уақытта 4 көшеде құрылыс толығымен аяқталды. Маусым айының соңына дейін қалған 1 көшедегі 0,2 км аяқжол құрылысы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар 76 шақырымды құрайтын 64 көшенің жарықтандыру жұмыстары аяқталып, қазіргі уақытта көше жарықшамдары толығымен іске қосылды.

«Яссы» тұрғын алабында бүгінгі таңға «Көгершін, Әл-Фараби, Саурық батыр» көшелеріне қосымша трансформаторлар орнатылғаны да айтылды.

«Яссы» мөлтек ауданында жалпы жоба бойынша 180 шақырым кәріз желісімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда, жұмыстың 71 пайызы атқарылды. Ауыз су тартылмаған көшелерге жоба жасалып, қаржы қарастырылды. Тамыз айында құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.

Қаламызды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында «Яссы», «Шауғар» мөлтек аудандарына және МКТУ аумақтарын 10-0,4 кВ жоғары кернеулі электр кабель салу құрылысы, темір бетонды бағаналарын орнату және заманауи кабелдік жүйеге ауыстыру және әрбір үйдің есептегішін жаңарту жұмыстары толығымен аяқталды. Аталған жоба бойынша жеке үйлерге, яғни абоненттерді жаңа тоқ желісіне қосу жұмыстары жалғасуда, тамыз айында толық қосылып бітеді деп күтілуде.

 

БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ – БІРЛІКТЕ

«Бірлік» секторындағы жыл басынан бергі екі кездесуде Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековке 67 ұсыныс пен өтініш түскен болатын. Олардың 61-і нақты орындалып, 3-і орындалу үстінде, ал 3 мәселе тиісті бөлімдер тарапынан заң аясында орындалуы зерделенуде. Осы кездесу барысында Нұрбол Әбдісаттарұлы атқарылған жұмыстар туралы мәлімет ұсынып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Тұрғындардың тілегі назарға алынып, «Баянауыл» елді-мекенінен 900 орындық мектеп құрылысын салудың жобалау сметалық құжаты әзірленді. Осыған орай, мектеп құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік жекеменшік серіктестік жобасы аясында жер таңдау жұмыстары жүргізіліп, құжаттар дайындалуда.

Сектор аумағында 16,2 шақырымды құрайтын 25 көшеге тас төселді, 50,3 шақырымды құрайтын 41 көшеге жыл соңына дейін аяқжол салу жоспарлануда. Сонымен қатар, 33 шақырымды құрайтын 25 көше жарықтандырылды. «Бірлік» мөлтек ауданында жобадан тыс қалған көшелерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін арнайы жоба әзірленді. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталуда. Сектордағы бірнеше көшелерде сарқынды су жүйесінің құрылысы басталды. «Бірлік» мөлтек ауданында жалпы жоба бойынша 180 шақырым кәріз жүйесін тарту көзделген.

Қазіргі таңда, жұмыстың 71 пайызы атқарылды. Ауыз су тартылмаған көшелерге жоба жасалып, қаржы қарастырылды. Тамыз айында құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.

Жалпы, ағымдағы жылы тасымалдаушы мекемелер тарапынан 40 автобус алып №6, 10 бағыттарды қайта жаңартып, қосымша №16, 17 бағыттарды іске қосу жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта, соның 10 дана автобусы алынып, №6 бағытта қызмет көрсетуде.

 

ОТЫРАРДА ОҢ ӨЗГЕРІС КӨП

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков кезекті кездесуді «Отырар» секторында өткізді. «Отырар» секторында жыл басынан бері қала әкімінің тұрғындармен өткен кездесулерде 101 мәселе көтерілген. Олардың 87-і нақты орындалса, 7-і іске асырылуда, 7 мәселе тиісті бөлімдер тарапынан заң аясында орындалуы зерделенуде. 34 шақырымды құрайтын 26 көшеге жарықшамдар орнатылып, іске қосылды. «Отырар» тұрғын алабының 5,7 шақырымын құрайтын 6 көшенің жолдары орташа жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, 3,4 шақырым құрайтын 3 көшеде жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол төселді. 4 шақырымдық Т.Айменов және А.Рысбеков көшелеріне шағал тас және қиыршық тас төселлі.

Қазіргі таңда, қаланың климатына оң әсер ету мақсатында «Отырар» тұрғын алабында Саттарханов пен Майкотов көшелерінің арасындағы жасыл желекті суарудың гидрантты жүйесін орнату бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Отырар» аумағындағы тұрғын үйлерді сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары басталып, жүзеге асуда. «Отырар» мөлтек ауданындағы көп қабатты үйлердің маңын абаттандыру жұмыстары басталды. Жұмыс аясында аяқжолдар төсеу, көгал егу (газон), асфальт салу, көше жарықшамдарын орнату, арық салу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қоса, Отырарда ойын алаңшаларын ретке келтіру жұмыстары бойынша жобалау сметалық құжаты әзірленіп, толықтай жөндеу жұмыстары басталды.

2022 жылы «Отырар» алқабында Бершінтөбе, Өте батыр көшелеріне трансформатор подстанциялары орнатылды. Нәтижесінде осы аумақтағы электр желілерінің кернеулері қалыпқа келтірілді. Бірқатар жаңа аллеялар мен аяқжолдарды салу құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Арман» тұрғын үй кешенін абаттандыру бойынша аталған үйлерге құрылыс бөлімі тарапынан сыртқы инженерлік инфрақұрылым құрылысы мен ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, су, кәріз, электр, газ, байланыс, абаттандыру.

Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары аяқталып, абаттандыру құрылысы жүргізілуде: аяқжолдар төсеу, автокөлік жолдары, түнгі жарықтандыру, орындықтар, ағаштар, газондар, суару жүйесі толықтай аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.

«Отырар» мөлтек ауданы бойынша 5 қабатты 36 тұрғын үйде халық толығымен қоныстанған. Жалпы 36 үйде 8 аулаішілік абаттандыру бар екенін ескере отырып, сол аулаларға жөндеу жұмыстарының құрылысы басталды.

Жобаға сәйкес жаңадан көлік жолдары, аяқжолдар, сыртқы жарықтандыру, орындықтар, ағаштар мен газондар, түнгі жарықтандыру жүргізіледі. Құрылыстың аяқталуы 2022 жылдың соңына белгіленіп отыр.

«Отырар» мөлтек аудан тұрғындары үшін демалатын орындар мен жасыл желектерді көбейту мақсатында «Яссы» көшесі бойынан 2,34 гектар аумақта гүлзар құрылысы басталды. Аталған нысанда үлкен субұрқақ, демалыс орындары, спорт алаңшалары, балалар алаңшалары, аяқжолдар, веложолдар, жүгіру жолақтары мен жасыл желектер қарастырылған. Қазіргі таңда мердігер тарапынан жер жұмыстары жүргізіліп, бордюр орнату мен төсемелер төсеу, инженерлік желілерді тарту жұмыстары аяқталды.

Яссы көшесі бойынан желілік саябақ орнайды. Сондай-ақ, Яссы көшесінің «Арман» тұрғын үй кешені жақ бетінен 2,98 гектар аумақта желілік саябақ құрылысы басталды. Аталған саябақта су жүретін канал, аяқжолдар, кірмежолдар, жүгіруге арналған жолдар, жаттығуға арналған алаңшалар мен спорт алаңшалары салынады. Нысанды жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.

Түркістан қаласын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, ХҚТУ, «Яссы», «Шауғар» тұрғын алқабында 10-0,4 кВт жоғары кернеулі электр желісімен қамтамасыз ету жұмыс жобасы іске асырылуда. Нәтижесінде замануи кабельдік жүйе іске қосылып, әр үйдің есептегіштері жаңартылады.

 

ШАУҒАРДЫҢ ШАРУАСЫ

ШИРАЙ ТҮСТІ

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Шауғар» секторында тұрғындармен кездесуі еркін форматта өтті. Бұл сектордың тұрғындары жыл басынан бері қала әкімінің атына 42 ұсыныс-тілегін жеткізген болатын. Қазіргі таңда, 42 мәселенің 35-і толық орындалса, 3-і іске асырылуда, ал 4 мәселе тиісті бөлімдермен заң аясында зерделенуде. «Шауғар» тұрғын алабында 27,6 шақырым құрайтын 27 көше жарықтандырылды. Көше жарықшамдары кезең-кезеңімен электр көзіне қосылуда. Орташа жөндеу жұмыстары 3 шақырымды құрайтын 2 көшеде жоспарланып, құрылысы басталды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған жол – 16 шақырымды құрайтын 15 көшеде құрылысын жүргізу жоспарланып, бүгінгі күнге 4,43 шақырымды құрайтын 5 көшенің құрылысы аяқталды, 10 көшеде құрылыс жалғасуда. Тас төсеу жұмыстары – ағымдағы жылы «Шауғар» тұрғын алқабына қарасты 9,2 шақырым құрайтын 23 көшеге тас төселді.

«Шауғарда» 2021 жылдан ауыз су желілерін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталды. Оның аяқталу мерзімі 2022 жылдың желтоқсан айы. Жобадан тыс қалған көшелерді ауыз су желісімен қамтамасыз ету үшін мердігер мекеме анықталуда.

Өткен кездесулерде бірқатар көшелерге кәріз жүйесін жүргізу мәселелері көтерілген болатын. Жалпы «Шауғар» мөлтек ауданын кәріз желісімен қамтамасыз ету 3 нысанға бөлінген. Қазіргі уақытта «Ортақ», «Шауғар» сарқынды су жүйесімен қамтамасыз етудің 1-кезек құрылысы жүргізілуде. Оның 1 нысаны қаржыландыруға ұсынылып, 1 нысаны бойынша жобалау сметалық құжаты әзірленуде.

 

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘКІМГЕ

АЛҒЫСЫ ШЕКСІЗ

Үш ай бұрынғы кездесуде көтерілген 59 мәселенің 53-і шешімін тапқан.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қызметіне кіріскен кезде тұрғындарға ашық болу үшін және мәселелерді тез анықтап, оңтайлы шешім қабылдау үшін шаһарды секторларға бөліп, оның әрқайсысына жауапты өкілдерді бекіткен болатын. Қазіргі таңда Түркістан қаласы 6 секторға бөлінген. Оның әрқайсысында оннан астам қызметкер жұмыс жасайды.

Міне, осы бастаманың нәтижесін тақырыбымызға арқау етіп отырмыз. Себебі мемлекет басшысы әкімдердің халықпен жиі жүздесуін жүйелі жолға қоюды тапсырған еді. Сол міндетті орындау барысында Түркістан қаласының әкімі кезекті кездесулерін өткізуде. Соның бірі әкімнің «Бекзат» секторындағы кездесуі тұрғындардың атқарылған жұмыстарға алғыс айтуымен басталды»,- деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Бекзат» секторында ақпан және наурыз айларында тұрғындармен кездесу барысында 59 мәселе көтерілген. Олардың 53 нақты орындалса, 6 мәселе тиісті бөлімдермен заң аясында орындалуы зерделенуде. 61,3 шақырымды құрайтын 40 көшеге жарықтандыру жүйесі жүргізіліп, көше жарықшамдары кезең-кезеңімен электр көзіне қосылуда.

Биыл Самал көшесі орташа жөндеуден өтеді. Жаров, Қазақбаев, Жәңгір хан көшелеріне жаяу жүргіншілерге арналған жол жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта Жәңгір хан көшесі аяқжолмен қамтылып, қалған 2 көшеде құрылыс жұмыстары жалғасуда. 3,8 шқ құрайтын 4 көшеге тас төселді. «Бекзат» аумағындағы тұрғын үйлерді сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылыс жұмыстары 2022-2024 жылдарға жоспарланған. Жангелдин көшесі аумағын электрмен қамтамасыз ету жобасы аяқталды. Ендігі кезекте абоненттерді қосу жүргізілуде.

Кездесу барысында тұрғындардың көтерген аурухана салу бойынша Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында облыста 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған, оның ішінде 7-і Түркістанда салынатыны айтылды. Кездесу барысында көтерілген мәселелер алдағы уақытта жоспарға енгізіліп, тиісті шаралар қабылданатыны сөз болды.

«Бекзат» тұрғын алабында тұрғындармен кездесуден соң қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдау барысында жұмысқа орналасу, қоғамдық көлік, тазалық, баспана кезектілігі жөнінде ұсыныстармен қатар әлеуметтік көмек жөнінде өтініштер айтылды. Айтылған өтініш-тілектер зерделеніп, заңға сәйкес жоспарланып, жүйелі жүзеге асатыны түсіндірілді. Сонымен қатар, кей сауалдар бойынша құқықтық кеңес берілді.