ШИПАГЕРДІҢ ШУАҚТЫ СӘТТЕРІ

389

 

Қарапайым ғана ауыл баласының адам денсаулығын қорғау майданына қалай араласқанына ХХ ғасыр куә болып, оның өмір жолын ХХІ ғасырға аманат етіп тапсырды.

Иә, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының  Бөртескен ауылында 1933 жылғы 2 ақпанда туған Мұхтар Әлиұлы Әлиевтің өмір баспалдағы қазақ даласында медицинаның даму қадамдарымен тұстас келді.

Дәл сол кездері азаматтық дәріханалар деген болатын. Ал, оған дейін жақын әрі көршілес елдерден дәрілік заттар саудагерлер арқылы жеткізілетін. Фармацевтикалық құрал-жабдықтар да осы бір бастапқа арнайы медициналық білімі бар адамдардың қолында болды. Араластырғыш фармацевтика өнеркәсібіне қатысты бірнеше сұйық, тұтқыр, ұнтақ компоненттерден біртекті масса алу үшін қолданылатын жабдықтар соларға сеніп тапсырылды. Осы араластырғыштар арқылы өңдеуге болатын құрғақ ұнтақ, сұйық, қалың, тұтқыр және паста түрінде келетін материалдар азаматтық дәріханаларда кездесетін. Әрбір жағдайда оңтайлы нәтиже алу үшін белгілі бір аралас ортаның тығыздығы мен ылғалдылығына арнайы бейімделген белгілі бір құрылымның аппараты қолданылды. Сондықтан да кейде нәтижесі төмен болып шығатын дәрі-дәрмектен гөрі дала жұрты емдеу ісінде халықтық медицинаның бай тәжірибесіне сүйененуді артық санады. Мистикалық әрекеттерді былай қойғанда, кейбір шөптер мен тамырлардан жасалған дәрілерді көріп өскен жас жеткіншек Мұхтар үшін денсаулығы сыр беріп жүрген кісілерге көмек беру арманы бала кезден көкірегінен берік орын алды.

Ал, осы кезеңдерде Ташкент қаласының әскери лазаретінің дәріханасында қызмет атқарған фармацевт мамандар дала қазақтары емдік үшін қолданған 200-ден астам дәрілік өсімдіктердің сыр-сипатын анықтап, жинақтағаны ақпараттардан мәлім болды.

Соның ішінде өзімізге таныс жусан мен итсигекті былай қойғанда, Шәуілдір өңіріне бұкіл алқапқа егу үшін алып келінген дермененің де сипаттамасы бар еді. Осындай мағлұматтарды қызыға жинақтаған Әлидің қаршадай ұлының қолында дермене туралы мәліметтер көп болды. Соның ішінде: «Дермене – асыл шөп. Бойы 50 сантиметрге дейін өсетін жартылай бұталы, көпжылдық өсімдік. Оңтүстік Қазақстанда, әсіресе, Арыс,Түркістан аймағында жиі кездеседі. Кейде арасында улы түрі де кездеседі. Әсіресе, гүл жармай тұрғанда жапырақтарында сантонин деген улы зат пайда болады. Сол себепті, одан жасалған дәріні дәрігердің кеңесінен тыс пайдалануға болмайды» – деген жолдар бар.

Сол секілді, ол дәптеріне дерменені пайдалану жөнінде адам ағзасына зияны онша тие қоймайтын қарапайым ғана екі түрі барын жазып қойды. Оның бірі – дермененің жусан бір түрі. «Ол көп сабақты, балауса кезінде сабақтары түкті әрі сарғылт жасыл болып келеді. Өсе келе, сабағы қатайып, түгі түсіп, қызғылт сары түске боялады. Тамыры жуандап, тармақтанып кетеді, яғни, халық тілімен айтқанда, томарға айналады. Сабағның төменгі жағындағы жапырақтары сағақты болып келгенімен, жоғары бөлігіндегі жапырақтары бүтін, айыл пішіндес әрі қысқа болады».

Күнде өзі мал жайып жүргенде көретін иісі тәбет ашатын, ақын-жазушылар «жусан иісі» деп тамсана жазатын осы бір қарапайым өсімдіктің адам өміріне соншалықты пайдасы барын біліп өсті Мұхтар.

Дәптердің сыртына «Дермене, дермене жусан» деп жазып қойып, халық медицинасында жүрек талмасы бар науқастар үшін пайдалы қасиеттерін де тізбектеуді ұмытпады. Осы дермененің құрамынан ғылыми жолмен алынатын кристалды «сантонин» деп аталатын шипалық қасиеті өте жоғары препарат өндіретін зауыттың Шымкентте бой көтергенін де естіді.

Бұл өсімдіктің дәрілік қасиетін әлемге есімі танымал Калер және Алемс деген ғалымдар 1830 -жылдары арнайы зерттеп, дәлелдеген. Сол уақыттан араға ғасыр салып, қазақ жерінде Мұхтар деген болашақ ғалым дүниеге келді.

Ал, Шымкент химиялық-фармацевтика зауытының негізі содан жарты ғасыр өткенде, яғни, 1882 — жылы қаланды. Иванов пен Савинков деген орыс көпестері сантонин өндіруден бастаған өндіріс орны елімізде фармацевтика саласындағы ең лғашқы кәсіпорын ретінде тарихта аты қалды. Яғни, Шымкенттегі «Ф.Э.Дзержинский атындағы №1 химиялық-фармацевтика зауыты» деген атауға ие болды.

Көптеген жылдар бойы зауыт негізінен фармацевтикалық субстанцияларды, яғни, шикізаттарды әзірлеумен айналысты. Болашақ дәрі-дәрмектерді өндіруге арналған шикізаттар дайын препараттар шығаратын Ресей, Беларусь, Украина, Балтық жағалауы республикаларындағы және алыс шетелдердегі кәсіпорындарға жеткізілді. Сондықтан да еліміздің халқы үшін жасырын болып келген «Ф.Э.Дзержинский атындағы №1 фармацевтика зауыты» туралы да Отырардың талапты да талантты ұлы алғашқылардың бірі болып құлағдар болды. Бүкіл ел бейхабар болатындай медицина әлеміне деген құштарлығы арта түсті.

Еліміз тәуелсіздігін алған жыдары қайта тұлеген егемендіктің «қарлығаштарының» бірі ретінде танылған «Химфарм» АҚ зауыты бүгінде алға басуын жалғастырып, өзінде өндірілетін дәрі-дәрмектер тізімін заманауи жаңа препараттармен толықтыра түсуде.

Отбасындағы үлкендер дарынды ұлдарының мұғалім болғанын қалады. Әрине, әлемге аты мәшһүр ғалымдар шыққан топырақтан тағы бір білім мен ілім саласының жетекшісі шығуы заңды да еді. Жасынан спортты жанына серік еткен, Сыр жағалап, саят құру да қанына сіңген ауыл баласынан тамаша ұстаз шығары да сөзсіз еді!

Мұхтардың Түркістандағы мұғалімдер даярлайтын білім ордасында оқығаны туралы естеліктер де жетерлік.

Ондай естеліктің бірін елге таныс, тілі шұрайлы, күлкінің үкісін желбіреткен Отырардың тумасы, «Шаншар» театрының басшысы, актер Уәлибек Әбдірайымов былай өрбітеді:

– Мұхтар Әлиев пен менің әкем Түркістанда бірге оқыпты. Ол кезде мұғалімдік курстар болған. Екеуі сонда оқыған. Біздің әкеміз Түркісианға жақын болған соң ауылға жиі келеді. Сонда Мұхтарды  Әлиевті бірге алып келетін.

Ол кісі – жақсылықты ұмытпайтын адам. Әкем екеуі дос болды. Бірақ менің әкем өмір бойы мұғалім болып қалды да, Мұхтар аға медицина саласына кетті. Сол жолды қуып, мықты дәрігер болды.

Иә, осы мақаны  жазу барысында Мұхтар Әлиевтің өмірінің көпке белгісіздеу жақтарын да қарастырғанымыз бар. Соның бір қыры – кейіпкеріміздің көпке танымал мамандығы хирург болғанымен, ең алғаш басқан табалдырығы – педагогикалық білім ордасы болғаны.

Жас Мұхтардың алдымен Түркістандағы педагогтар училищесіне түскені жайында есітіп, білдік. Алайда, шебер дәрігердің өмірінің көп баяндала бермейтін осы кезеңі жайында егіле баяндайтын Мінәтай жеңгеміздің: «Ол дәрігер болудың оқуын кейін таңдады. Қолы алтын оташы, талайдың өміріне араша түскен алтын бәкілі, қолы шипалы азаматқа даңқ пен бақ осы дәрігер кезінде дарыды», –деген сөздері жүрегімізді толқытты.

Мұхтар Әлиұлының қанындағы педагогикалық машық оны  өмірде салмақты да, сабырлы етті.

Жаңақорған ауданына қарасты Талап қыстағында дүниеге келген Мұхтар Әлиұлын туған жері, өскен еліне бөліп қарамайтын жерлестерінің «Сыр өңірінің мақтанышы», тіпті «Бейіт планета хирургі» деп ардақтағанының да куәсі болдық.

Қазақ жеріне түрлі қажеттіліктерге байлнысты тартылған темір жолдың бір тармағы «Темір» стансасы арқылы өтетін. Жеткіншек жасындағы Мұхтар осы станса бекетінде дәріхана пайда болғанын байқады.

Теміржол бойындағы осындай бекеттерде дәріханалар жүйесін орналастыру өте жедел қолға алынған болатын. Айталық, бұл жұмыс басталғаннан кейінгі он жылдың ішінде, яғни, 1910-жылы дәріханалар саны 45-ке жуық болса, тағы 5 жыл ішінде 65-тен асты. Келесі бесжылдықтың ішінде дәріханалар орналастару «жалпы халықтық» сипатқа көшті.

Біздің кейіркеріміз Мұхтар Әлі  бір жасқа толғанда, Қазақстан дәріхана басқармасы құрылып, оның жұмысын басқару Таминдар Жанұзақовқа жүктелген болатын. Ел тұрғындарының денсаулығы үшін қызметін адал атқарған азаматтың тікелей басшылығымен жылжымалы дәріханалық мекемелер ұйымдастырылды. Оның жұмысын ширататын аналитикалық-бақылау зертханалары ашылды. Содан барып, еліміздің барлық аймағында фармацевтикалық фабрика бой көтерді.

Мұхтар Әлиұлы мектеп бітіретін жылдары елімізде фармация саласындағы ғылыми тәжиребелік жұмыстар өркен жайды. Қазіргі Қазақ Ұлттық Медицина университетінің фармацевтика факультеті, Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының клиникасы, Фармакология кафедрасы, Республиканың жоғары медициналық оқу орындарындағы арнайы кафедралар сол жылдары кереге керді. Осындай жаңалықтарға құлақ түріп жүрген жас Мұхтардың медицина әлеміне деген ынтасы арта түсті.

Сонымен Мұхтар Әлиұлы отандық медицинаның босағасынан аттады. Алматы мемлекеттік медицина институтының студенті атанды. Ол дәрігерлер даярлайтын білім ордасының есігін қаққанда– қазақ медицинасының даңқын асқақтандардың есімі мұнда көп айтылатын. Олардың көбісі соғыс және соғыстан кейінгі жылдарда қазақ медицинасының ғылыми бағытын дамытқан дарынды дәрігерлер ретінде танылды.

Мұхтар Әлиұлы әрі ұстаз тұтып, әрі тамаша табыстарына қызыққан дәрігер-эпидемиолог Ишанбай Қарақұлов, полк дәрігері кейіннен медико-санитарлық батальонның командирі болған Сиғабатулла Қарынбаев, әскер қатарында әкімшілік және дәрігерлік қызметтерді атқарған майор Халық Мұсабаев, КазГМИ-ді бітіре сала майданға аттанған Раиса Макашевалардың есімдері өте жоғары құрметпен аталды. Сондай-ақ, беделді ғалым, невропатолог- профпатолог, академик, профессор Бахия Атшабаров оқуды енді бітірген кезде әскерге шақырылып, танк-атқыштар полкінің дәрігері болғанда, кейіннен пофессор атанған Айкен Терлікбаев КазГМИ-дің дипломы қолына алып тұрып, әскер қатарына шақырылғанда бала Мұхтар небәрі он жаста екен.

Медициналық оқу орнының студенті атанған Мұхтар Әлиұлы 1940-1946 жылдарда инженерлік полкінің аға дәрігері болған Міржақып (Мир-Якуб) Нығматуллин, соғыс жылдарында полк дәрігері, санқызметті басқарған Зейнолла Төлегеновтің, оқуды бітіре сала майданға аттанып, полк дәрігері қызметін атқарған Қапан Макашев, майданда отоларинголог болған Мұса Нұғмановтың ерліке істерін танумен қатар, солардың батырлығына тең қызмет етуді армандап өсті.

Иә, сол жылдары қазақ медицинасының даңқын асқақтатқандардың қатарында Михаил Грибанов, Айдархан Апсатаров, Беркут Айдарханов, Петр Чекуров, Евгения Азарова, Рахила Ералина,Зайда Латыпова, Истюре Уразаков, Исхак Алибеков ,Алихан Чокин, Бегайдар Садыков, Виктор Зикеев және Василий Зюзин сынды азаматтар болды. Олар майдан төрінен аман-сау елге оралып, әрқайсысы қазақ медицинасы мен медицина ғылымының дамуына ерен еңбек етті. Өз бастамаларымен жаңа медициналық институттар ашты, Отан игілігі үшін ғылыми жұмыстар жүргізді.

Айтулы салалық клиникалар ұйымдастырып, медицинаның арнаулы салаларын жетілдірген азаматтардың жолын жалғаструшы жас буын дәрігерлердің қатарында Мұхтар Әлиұлы да сол бір майдангер және тыл дәрігерлері жасаған ерлік істердің отын үрлеп, жалынын жағуды армандады. Үлкен арман биік белестерге жетеледі.

Жоғары медициналық мамандық алған Мұхтар Әлиұлының тағы бір көксеген арманына жол сілтеген үлкен тұлға қазақ медицинасында хирургиялық қызметтің дамуына шексіз еңбек сіңірген Александр Николаевич Сызғанов еді. Өзі талай ерлікке тең істеріне електеген А.Н.Сызғановтың есімімен Мұхтар Әлиұлының қызметтік өмірі 20 жылға жуық ұштасып жатыр. Еліміздің әрбір азамат білетін А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы бүгінде әлемдік стандартқа сай хирургиялық ота түрлерін жасайтын медициналық мекемеге айналды.

Ал, Мұхтар Әлиев 1980 — жылдан 1985 — жылға дейін А.Н.Сызғанов атындағы Клиникалық және эксперименталды ҚазҒЗИ директоры қызметін атқарды. Содан 1982- жылдан 1987- жылға дейін — ҚазКСР денсаулық сақтау министрі ретінде осы мекеменің өркендеуіне көп қамқорлық жасады. Ал, 1997- жылы А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығына директор болып барды.

Жаңа дәуір – жаңа заман орнаған 2001 жылдан бастап А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығының құрметті директоры қызметінде болды.

Еліміздегі трансплантология ғылымының негізін қалаған ғажап адам Александр Николаевич Сызғановтың ісін жалғастару бақыты Мұхтар Әлиұлына бұйырды. Мұхтар өз ұстазы жөнінде жазып қалдырған бір естелігінде Александр Николаевич Сызғановтың Татарстанның Арск қаласында 1896-жылы дүниеге келгенін айтады. Содан өткен ғасырдың отызыншы жылдарында болған өзгерістер оны қазақ жеріне алып келеді. Міне, осы жылдардан бастап, адам жанының алтын қолды арашашысы өмірінің соңына дейін Қазақстанда ұлттық медицинаның дамуында адал еңбек етті.

Біз Мұхтар Әлиұлы еңбегіне бас иген және өмірінің барлық кезеңінде, әрбір игі істері кезінде құрметпен еске алып отырған А.Н.Сызғановтың өмір жолына қысқаша тоқталып өтуді де жөн көрдік. Осы естелік  арқылы Отырар алқабынан Алатау баурайына арман қанатымен ұшып келген қазақтың қара домалағы Мұхтар Әлиұлының ұстазына деген парасатты құрметіне қолдау танытуды көздедік. Сонымен қатар, дала перзентінің адамды қадірлеу жолындағы темірқазық тұлға болып қалыптасқан азаматтың тағдыр жолымен оқырман қауымды танстырып өтуді парызымыз деп санадық.

Қазан мемлекеттік университетінің түлегі Александр Николаевич Сызғанов 1922-1934- жылдары Қазан медицина институтының ассистенті, доценті болды. Одан кейінгі 10 жыл ішінде Қазақ медицина университетінде хирургия клиникасының меңгерушісі қызметін атқарды.

Батыста соғыс өрті дүрмеп тұрған 5 жыл ішінде қан құю станциясының директоры, одан кейінгі отыз жыл бойы Қазақ КСР Ғылым Академиясының клиникалық және эксперименттік хирургия институтының директоры қызметінде болды. Сондай-ақ, 1975-1980- жылдар арасында Қазақстан ғылыми-зерттеу клиникалық және эксперименттік хирургия институтының ғылыми кеңесшісі қызметін атқарған. Хирург, медициналық ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Александр Николаевич Сызғанов 1980-жылы Алматы қаласында 84 жасында дүниеден өтеді.

Жаны жомарт, ортақ істе жүрегі таза азаматтың еңбегі жоғары бағаланып, үш рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 4, 5, 7, 8-ші шақырылымдарының депутаты болған, «Денсаулық сақтау үздігі» атанған азаматтың есімін ұрпақ есінде қалдыру үшін атқарылған мемлекеттік шаралар да аз емес. Қазақстан клиникалық және эксперименттік хирургия институты бүгінде Ұлттық ғылыми хирургия орталығына айналып, Сызғанов Александр Николаевичтің атымен аталады. Сонымен бірге Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің озат студенттеріне Сызғанов атындағы стипендия тағайындалған. Алматы қаласының көрікті бір көшесі Сызғановтың атымен аталады.

Әрине, ірі болып қалу үшін мықтылармен иықтаса жүру керек. Бұл – ұлағатты өмір заңы. Ендеше, Мұхтар Әлиев жайлы айта отырып, оның сыйлас ағасы, мұраттас замандасы болған, қазақтан шыққан тұңғыш профессор Ишанбай Қарақұлов жайлы айтпай кету мүмкін емес.

Соғысқа дейін Қазақ КСР Денсаулық сақтау жөніндегі халық комиссары болып қызметін атқарған, майдан ортасынан оралғаннан кейін Қазақ Мемлекеттік медициналық институтының эпидемиология кафедрасы меңгерушісі болған, ал 1948-1950- жылдары Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтын басқарған азаматтың елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Денсаулық сақтау министрі қызметін 1950-1954-жылдары атқарған Ишанбай Қарақұлұлы- ғалым-эпидемиолог, медицина ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының,  КСРО Медицина ғылымдары академиясы корреспондент мүшесі, КСРО Медицина ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның және Қарақалпақ АКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Медицина ғылымы саласында қазақтан шыққан тұңғыш профессоры Ишанбай Қарақұлұлы – эпидемиология, профилактика және микробиология саласындағы белгілі зерттеуші және денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы ірі қайраткерлердің бірі. Ол теориялық және практикалық мәселелерімен де үзбей айналыса жүріп, ұлттық медицинаның болашағын жарқан ететін Мұхтар Әлиұлы секілді жастарға үлкен үміт артты. Қиын кезеңдердің артта қалғанын айтып, елдің бқытты болашағына сеніп өтті.

Профессор Ишанбай Қарақұлұлы еске алған қиыншылықтардың қатарында қаладан немесе облыс орталығынан шалғай орналасқан ауыл тұрғындарының дәрі-дәрмек сатып алу үшін үлкен келеңсіздіктерге ұрынатыны да айтылып жататын. Айталық, аудан орталығына немесе ірі қалаларға баруы керек. Осыған орай кейбір өңір басшылығы Денсаулық сақтау басқармасымен келісе отырып, ауылда тұратын халыққа дәрілік көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, жоспарлы түрде жұмыс жүргізсе деп армандайтын. Осы мақсатта бір орталықтан өңірдегі аудандық, ауылдық ауруханаларға шығатын автокөліктер сатып алынса. Мұндай қызмет көсету аясы жаңаша аспаптармен жабдықталып, сауатты мамандардың көмек-шаралары жүзеге асырылып жатса дейтін-ді.

Асыл ағалардың осындай арман-мақсаттарын Мұхтар Әлиұлы сынды ізбасарлары ел басшыларына дер кезінде жеткізіп отырды. Осы мақсатты көздеген ол сайлаушылар атынан ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің 1983 және 1985- жылдардағы 11-ші, 12-ші шақырылымдарының депутаты болды. Қазақстан Компартиясы XVI, XVII съездерінің делегаты, ҚКП ОК мүшелігіне кандидат болып қатысты. КОКП 1990 жылы өткен XXVIII съезінің делегаты және осы жылы шақырылған Кеңеске Халық депутаты болып сайланды. Елде талай жұмыстар атқарылып, ұлттық медицинаның жұлдызы жарқырады.

Алғаш рет «дәлелді медицина» термині 1987- жылы қолдана бастады десек, алғаш рет 1990-жылы наурыз айындағы баспа бетінде «дәлелдерге негізделген» мақалалар жарық көре бастады. Онда тиісті дәлелдердің анықталуы, сипатталуы және талдануы кеңінен орын алды. керек. Негіздемелер толық жазылды. Макмастер университеті болашақ немесе жаңа медициналық студенттерге арналған жаңа терминнің қазақ медицинасына тиімділігін ғалым ағалар осы сала бойынша зерттеулері арқылы, мұқият талғампаздық пен клиникалық тәжірибесі негізінде байқампаздық танытып отырды. Олардың мәлімдеуінше, Макмастер университетіндегі Дәлелді медицина бойынша құрылған жұмыс тобы дәрігерлердің кең аудиториясына 25 «Медициналық әдебиеттерді қолданушыларға арналған нұсқаулық» сериясын жариялады. Ал, 1995-жылы Розенберг пен Дональд жеке деңгейге негізделген дәлелді медицинаны «заманауи зерттеу нәтижелерін медициналық шешімдер қабылдау үшін іздеу, бағалау және пайдалану процесі» деп анықтады

Шет елдік әріптестері арасында уақыт ағымымен болып тұратын осындай жаңалықтардан Мұхтар Әлиұлы шет қалып көрген емес.

Өзіне деген талапшылдығының арқасында Халықаралық гастроинтестианалды хирургтер клубының мүшесі ретінде пікірталастарға жиі араласты. Оның медицинаның жаңа белестері туралы батыл ойлары өзі мүшесі болып табылатын Н.И.Пирогов атындағы хирургтер ассоциациясының отырыстарында талқыланды. Сондай-ақ Мұхтар Әлиұлының ПБИТС-мен күресу және алдын алу республикалық қоғамдық комитетінің құрметті төрағасы ретінде еңбегі ерен.

Баспа-ақпарат құралдарына арналған танымдық материалдары «Қазақстан хирургиясы», «Клиницист» және «Қазақстан медицина журналы» бетінен түск  ен емес.

Әрине, мұндай қағілездік, жаңалыққа ұмтылыс Мұхтардың бойында Алматы мемлекеттік медицина институтын емдеуші-дәрігер мамандығы бойынша бітірген жалынды жылдары-ақ қалыптасты деуге толық негіз бар. Өйткені, жоғары білімі туралы дирломды қолына енді ғана ұстаған жас маман бұқаралық ақпарат құралымен қоян-қолтық байланысқа түсіп кетті. Ол елдегі медицина саласының жай-күйіне жіті көңіл бөліп, сол 1957-60-жылдардың шегінде республика бойынша 60-тан астам дәріхана, 760-қа жуық дәріханалық бөлімше, 100-ден аса дүңгіршек, сондай-ақ аналитикалық-бақылау және галендік-фармацевтикалық зертхана мен 50-ге тарта аналитикалық стол ашылғаны жайлы хабарламаға пікір білдірді.

Ал, өзі медицина ғылымдарының кандидаты атағын қорғаған 1966 жылы Алматы медициналық университетіндегі фармацевтика факультетінің табалдырығын 200-ге тарта талапкер аттағанын қуана хабарлады.

Денсаулық сақтау жолына саналы ғұмырын арнауға бекінген алтын қолды дәрігер қырықтың қырқасында, яғни 1974-жылы докторлық диссертациясын қорғаса, арада екі жыл өткенде оған профессор атағы берілді.

Медицинадағы жолын Шәуілдір ауданы, «Темір» кеңшарында учаскелік аурухананың хирургі және бас дәрігері сатысынан бастаған ол жарты ғасырлық мерейлі жасын Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі қызметінде, Бүкілодақтық хирургтер қоғамы басқармасының мүшесі ретінде қарсы алды.

Халыққа қызмет көрсетудің алғы шебінде жүріп, Отырар топырағында басшылық сатысын бастаған атпал азамат 1980-1985- жылдары А.Н.Сызғанов атындағы Қазақ клиникалық және эксперименттік хирургия ғылыми-зерттеу институтының директоры, одан кейінгі жылдары Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі орынтағына отырды.

Лауазымның қандай биігіне көтеріліп, елдің шексіз құрметіне бөленген академик он саусағына сақтандырғыш қолғап киіп, дәрігерлік қызмет көрсе де аянған жоқ. Қайсы ортада, қандай аудиторияда болмасын: «Денсаулық – тек байлық қана емес, адамның өмір сүруіне берілген зор мүмкіндік. Оны ешкім де, ешқашан да өзге біреуге сыйға тарта алмайды», – деген қағидалы сөзін ұран қылып ұстанған алтын қолды маман нешеме созылмалы, кенеттен сырқатқа ұрынып, аяқ асты дәрігер төсегіне таңылған жандарға жанұшыра көмекке келді.

Қызметтің беделді сатыларында жүріп, өзі қабілетін арттырған, дағдысын қалыптастарған Алматы мемлекеттік медицина институтындағы клиникалық ординатор қызметінде жинақтаған тәжірибелерін тереңдей іске асырады. Сондай-ақ,  республикалық клиникалық ауруханасының хирург-дәрігері кезіндегі алмағайып шақтардан алып шыққан жедел шешімдерін ұқыптылыққа ұштастарды. Ол аз десеңіз, Қазақ ғылыми-зерттеу институтындағы онкология және радиология жөніндегі ғылыми қызметкер қатарында қолға алған жұмыстарын нақты аяқтап, бойындағы іскерлік дағдыны тереңдете түсті.

Сол кездің өзінде Мұхтар Әлиұлы онкологиялық ісіктердің пайда болу себептері мен алдағы қаупі жайлы батыл ойын ашық айтты.

Мысалы, оның айтуынша, Қазақстандағы онкологиялық аурулар көрсеткіші дамыған елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен делік. Алайда, осылай екен деп отыра беруге болмайды. Мүмкіндігінше оның алдын алу шараларын нығайта беруіміз керек. Қазақ онкология және радиология бөлімі қарастырып жатқан шаралар ауқымы осыны көздейді. Өйткені, клиникаларға онкологиялық ісік дерті әбден меңдеп кеткенде келетіндердің қатары әлі де сейілмей тұр.

Әрине, бұл арудың алдын алу туралы көп айта бергеннен гөрі ол адам бойында басталғаннан оның себептерін ескеріп, күтіне бастаған жөн. Сонымен қатар, осы дертке шалдыққаны анықталған сырқат одан-бұдан ем іздеп жүрмей, бірден мемлекеттік мекемеге келуі тиіс!

Сонда әрбір сырқат ауруды емдеудің жолы ғылыми-зерттеу орталықтары мен жеке клиникаларда жүргізудің айырмашылықтары білетін болады. Егер жеке клиникаларда онкологияны емдеумен тек хирург айналысып келеді десек, ғылыми-зерттеу орталықтарында хирургтен басқа химиялық терапевт, молекулярлы генетика, заманауи сәулелік терапия жүргізіледі. Мұның өзі тиісті де тиімді әдістердің қолданылатынын көрсетеді. Жекеменшік клиникаларда емдеу жолын хирург қана белгілейді. Ал, мұндай қатерлі ісікті емдеу үшін кемінде бес-алты адамнан құралған мультидисплинарлық команда қажет екені өз-өзінен түсінікті емес пе?

Жалпы алғанда ісіктен пайда болатын обыр бір жасушада пайда болады. Оны ішкі механизм арқылы емдеу аса тиімді. Ең көп кездесетін обыр – адамның өзіне-өзі тауып алатын қатерлі ісік. Бұл дегеніміз көп жыл бойына шылым шегудің нәтижесі. Темекі түтінің құрамында ДНҚ-ға шабуыл жасайтын химиялық заттар жеткілікті. Ал, күнде шеккен темекідегі химиялық заттар шабуыл жасай отырып, күндердің күнінде қатерлі ісіктің пайда болуына себеп болады. Сонда кемінде 20-30 жыл шылым шеккен кісінің организмінде шоғырланған дерт көзін кездейсоқ пайда болғанның қатарына қалай жатқызуға болады? Адамның жасы ұлғайған сайын мұндай қауптің жоғарылай түсетінін жоққа шығаруға болмайды деген ойды түсіну үшін көп білімнің қажеті шамалы. Қарапайым халықтың арасынан шыққан Мұхтар Әлиұлы жұртшылықты қапы қалдырып келе жатқан сырқаттың жайын осылай ұғындырды.

Ол бойындағы білімі мен біліктілігін ұштай түскен ғалым жыл өткен сайын медициналық ғылым әлеміне өз тарапынан жаңалық қосуға деген ұмтылысын байқатты.

Мұхтар Әлиұлы Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институты кафедрасының меңгерушісі, доценті, сондай-ақ, Алматы мемлекеттік медицина институты «хирургия» кафедрасының меңгерушісі болып жүрген жылдары 34 талапкердің – докторлық, 45 ізденген жастың кандидаттық диссертация қорғауына жеке жетекшілік етті. Жастар арасынан денсаулық қорғау ісінің беделді де белсенді мамандарының өсіп шығуына ұстаздық етті.

Ал, әлі жоғары оқу орындарының қабырғасында оқып жүрген студент жастарға арналған 350-ден астам ғылыми еңбек жазды.

Медицинадағы жаңалықтарды зерттеу арқылы оны өз тәжірибесіне енгізуде де Мұхтар Әлиұлының ұстанған өз жолы бар. Алдымен ол белгілі мақаланың тілін бір ыңғайға түсіріп алады. Сосын оны оқып, үйренуге тиісті аудиторияның түсінігіне бейімдейді.

Міне, осы жерде зерттелетін материалдың негізгі шыққан немесе туындаған көзіне ой жібереді. Әрине, бұл жерде халық ауызында жиі айтылатын мысалдар, болжамдар, материалға қажктті мәдени ескерткіштердегі медицина мағынасы ескеріледі. Сонымен қатар, жоғарыда айтқандай, халықтық эпостардың және фольклорлардың медициналық мағыналары жүйеленеді. Жазылған мұралардан туындайтын медициналық себеп, салдар қарастырылады.

Ең қажеттісі – осының бәрінен туындайтын мемлекеттік және қауымдық өмірге тікелей қажетті және пайдалы медициналық тұжырымдар әзірленеді. Мұхтар Әлиұлы өзінің дәрігерлерлік щығармашылығында осы жолды ұстанды.

Сондай мұқият әрі табысты шығармашылығының арқасында Мұхтар Әлиұлының қаламынан 12 монография, 15 ғылыми еңбек жинағы, 18 өнертапқыштық тақырыбындағы жұмыстар жарық көрді. Осылардың бәрі де патентті авторлық куәлікке ұсынылды.

Аталған ғылыми еңбектерінде академик ғалым өз еңбектерін ұлттық ауқымы кең философияға құрды. Ол адами түсініктің шыңы болып табылатын танымдық сарынға сала отырып, «адам баласының денсаулығы жаратқанның қолындағы, соның иелігіндегі ғана дүние» деген діни тұжырымдарға көлеңке түсіруден сақтанды.

Сондай нәзік нақышты, терең ойлы еңбегінің бірінде адам ағзасының туа біткен кінәраттары мен кем-кетіктерін түзетуге болатынын әдемі де жылы сипаттаулар арқылы жеткізді. Және осындай жаңалықтарға қол жеткізіп отырған медицина саласының табыстарын сөз ете отырып, дәлелдеді.

Тек білім жолындағы жастардың ғана емес, көпшіліктің көңілін денсаулығы нашар, өмір сүру мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да төрт мүшесі сау азаматтар сияқты толыққанды өмір сүруге мүмкіндік туғызатын медицина жаңалықтарына бұрды. Әрине мұндай үлкен мүмкіндіктердің ел арасындағы тәуіп, балгерлердің емес, қолы жеңіл, емі шипалы, өз ісінің білгірі ретінде танылған сауатты да салауатты дәрігер-мамандардың арқасында келетінін ұқтырды.

Бұл орайда түсінік, танымы әрқилы, шыбын жаны үшін кез-келген қисынға сенуге бейім тұратын көпшілік қауымның ортақ көзқарасын табу қиын екені өз-өзінен түсінікті. Алайда, ғылыми ізденістермен қатар, өмірден түйгені көп, Отырардай қасиетті жердің топырағынан  тәрбие алған Мұхтар Әлиұлы үшін мұндай көпшілік қауымға аса түсінікті еңбек жазу шиеленіп қалған көгенннің жібін шешіп, орамын тарқатып жібергенмен бірдей іс болғаны анық.

Сол секілді, ел арасын көп аралаған білімді азамат халықтың өзі жиі айтатын: «Бірінші байлық – денсаулық», – деген дағдылы сөзді қайталай келе, тек дені-басы сау, денсаулығы мықты азамат қана дүниеге денсаулығы жақсы ұрпақ әкеліп, өмірдегі тіршілік атты табиғи процестің жалғастырушысы бола алатынын баса айтатын.

Сонымен қатар, академик Мұхтар Әлиұлы отырарлық әл-Фарабидің медициналық трактаттарын өзіне бағдаршам – темірқазық тұтты. Ол көпке арнаған сөзінде Әл-Фараби бабамыздың медицина ғылымына үлкен мән бере отырып, терең зерттегенін жиі қайталйтын.

«Ұлы ғалым медицинаны теориялық тұрғыдан кеңірек қарастырған. Оның медицина жайындағы «Адам ағзалары жайлы», «Жануарлар ағзалары», «Темпераменттер туралы» терең ұғымды еңбектері – осының дәлелі. Бұл еңбектері, арада қаншама уақыт өтсе де, қазіргі медициналық ұғымдардың негізін анықтауға мүмкіндік береді», – дей келіп, дала ұланы Әл-Фарабидің сол заманның өзінде медицинаны «емдеудің шеберлік ғылымы» деп атағанын таңданыспен жеткізетін.

Әл-Фарабидің медициналық трактаттарына сүйене отырып, Мұхтар аурулардың тек себептерін анықтаумен шектелмей, адам денсаулығын сақтау жолдарын, ауруды жою шараларын көп ізденді. Ол ұлы ұстазының адам денсаулығына көп көңіл бөлгендігі соншалық, адам ағзасының әрбір мүшелерін жете зерттеп, көптеген еңбектерінде айтқанға да, оқығанға да аса түсінікті етіп, айшықтап көрсетіп отырды.

Мұхтар Әлиевтің қаламынан өрнек тапқан еңбектерді оқи отырып, ол данышпан бабасының заман биігінен болашаққа қарай отырып, қол жеткізген сансыз жетістіктерін мақтаныш етіп қана қоймай, ары қарай жалғастырып, жоғары дәрежеге жеткізгенін танып, түсінесіз.

Медицина тарихының негізгі міндеттерін жалпыға ұғындыру жайына келгенде қазақ топырағынан шыққан ғалымның әр сөзі түсінуге оңай,  күнде пайдаланып жұрген табиғи заттай әсер етеді. Мысалы, алдынан білім алған студенттерге медицина тарихын зерттеу әдістерін үйреткен анықтамаларына келейік.

Ол алдымен медицинаның материалдық және идеологиялық даму бағыттарын айқындайды. Сонымен қатар, медицина теориясына талдау жасай отырып, қорытынды жасайды.

Осындай тәртіппен дүниежүзілік медицинаның даму тарихын оқытуда әр елдердің дәрігерлерінің ғылыми және тәжірибелік жетістіктерін білу арқылы халықаралық медициналық тәжірибе алмасуды үйретеді.

Елімізді алғы асуларға шығарып, бағыт сілтеп келе жатқан басты құжаттармен қатар, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларында біздегі ең басты құндылық – жеке адам, адам өмірінің мәні, оның денсаулығын сақтау екені жиі көрініс береді. Сол үшін де елімізде «Салауатты өмір салты», «Саламатты Қазақстан» бағдарламалары бар.

Мұхтар Әлиұлының бүгінгі ғылым мен техниканың, цифрлық технологияның дамыған заманында медицинаның да сол көштен қалмай халыққа лайықты қызмет көрсетуі үшін ұсынып кеткен жаңалықтары, мәліметтері аса мол. Ол еңбекқорлығының арқасында мерзімдік басылым, ақпарат көздері арқылы ел тұрғындарының медициналық сауаты кемелденіп, дертіне шипа іздегенде өз қажетіне жаратар деген мағұлматтарды үзбей жариялап тұрды.

Белгілі мамандар: «Медицина саласы – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр салалардың бірі» – дейді. Осыған қоса  айта кетеріміз, расында да адамның денсаулығын қадағалау және бақылау ғана емес, оны қорғау, сақтау, оған тиісті емін  жасап, шипасын тауып беру кез келген адамнан біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты іс екені белгілі. Ал, осындай мамандықты екінің бірінің дарыны не таланты жете бермейтін ең жоғары деңгейде меңгеру оңай емес екенін мойындаған да жөн.

Әр адам үшін ең тәтті, теңдесі табылмас, шыбын жанына араша болудың маңыздылығын ойласаңыз, дәрігер үшін жұмыс барысында ешқашан  да қателесуге болмайды! Ол үшін өзгенің өмірін өз өміріңнен де қымбат санайтын түйсік керек! Өйткені, алдыңда бар жарық дүниесін сенің қолыңа тапсырып, бүкіл болашағын, арман, мұратын сенің деміңнен күтіп жатқан адам үшін жауапты өзің ғанасың! Сол себепті дәрігерлер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденісін күн сайын арттырып отыруы тиіс! Ол сырқатына ем сұрап келген науқасқа жәрдемдесудің барлық тәсілін, керек десеңіз, өте жедел де шұғыл жолын жетік меңгеруі тиіс.

Осындай өзгенің өмірі үшін жауапты мамандықты таңдағанда Мұхтар Әлиұлы қаншалықты қиын соқпақтармен жүріп өтетінін білді. Адам өмірінің Ата Заңмен қорғалатынын, ал бұл арада кішкентай, тіпті сезілмейтін қателіктің кешірілмейтінін де сезді!

Осының бәрін іштей сезіп, біліп, мойындағандықтан да ол құрметті адамның денсаулығын сақтау, кез келге ауруға қарсы күресте алдыңғы шепте жүрді.

Жай еңбек адамы болу мен әр адамға берілген жалғыз жүректің арашашысы болудың аса қауіпті де қадірлі екенін ұғып өскен ұлағатты жас ұстаздық жолдан гөрі дәрігерлікті таңдады. Өміріне серік еткен сол теңдессіз таңдауының абыройы үшін өзіне де, еліне де зор пайда тигізуді ойлады. Үстіне киген кіршіксіз ақ халатындай адал жүрекпен атқарған әр ісі – өзгелерге үлгі етуге әбден лайықты!

Үлкен жүректі, қалаған мамандығын жоғары сапа, өзіндік деңгейде меңгерген азамат еліміздегі жұртшылыққа ғана емес, бүкіл әлем халқына қазақ хирургы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Медицина ғылымдары академиясының президенті және негізін қалаушы, Қазақстанның Халық қаһарманы, Халықаралық хирургтар қауымдастығының мүшесі, Әлем азаматы, сондай-ақ халық қалаулысы – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 10-12-ші шақырылымының депутаты болды.

Мұхтар Әлиұлы: «Басына тағдыр салған тауқыметтен енді құтылмаспын, тосын келген кеселден тұрмаспын», – деп жарық дүниеден біржола үмітін үзген жандардың өмір шырағын жақты. Дертін емдеп, сырқатынан айықтырды! Осылайша дәрігерлік антына адал жан, абыройлы азамат биігіне көтерілді.

Мұхтар Әлиұлы өзі таңдаған мамандығына жан дүниесімен берілгендігін сан мәрте дәлелдеді. Ол өз ғұмырында әрқайсысы ауыз толтырып айтуға тұрарлық, 30 мыңнан астам операция жасапты. Ендеше, 30 мыңнан астам шаңырақтың шексіз қуанышына ортақтасты. 1 мың отбасын қара жамылдырар қайғыдан құтқарып қалды!

Мұхаңның бойына біткен табиғи дарыны ұлттық медицина саласын қиял жетпес биіктерге көтеріп, сындарлы жаңалықтармен толықтырып отырды. Оның өзі тікелей қатысқан операцияның барлығы дерлік ізбасарлары үшін қайталанбас сабақ, өшпес өнеге! Ал, оның нәтижелері ізденістегі ғалымдар үшін тағылымы мол тәжірибе болып қала береді.

Өткір бәкілі, шебер шешімді Мұхтар Әлиевтің жасаған операциялар ұлттық қана емес, әлемдік медицинаның сан түрлі салаларын қамтиды.

Өткір бәкілі, шебер шешімді Мұхтар Әлиевтің жасаған операциялар ұлттық қана емес, әлемдік медицинаның сан түрлі салаларын қамтиды. Өйткені, оның бірі – бауырдағы эхинококты лазермен күйдіру арқылы жасалса, келесі бірі аяқ-қолдың асқынған ауруын залалсыздандыру үшін  микрохирургия әдісін қолдану арқылы жүргізілген.

Өткір көз түгілі үлкейткіш линзаның өзіне ілінуі қиын қан тамырларын пластикалық жолмен байланыстыру қандай шеберлікті қажет етсе, асқазанға жасалған хирургиялық, пластикалық операциялардың күрделілігі жағынан одан кем түспейтіні анық.

Әлем басылымдары бірнеше тілде жарыса жариялап, қалың қауымнан сүйінші сұрағандай болған операциялар қаншама!

Солардың бірі, бірі болғанда да бірегейі Мұхтар Әлиев Қазақстан мен Орта Азия аймағында алғаш рет балаларға жүргізген бүйрек, бауыр алмастыру операциясы! Сондай-ақ соқыр ішекке эндоскопиялық әдісті қолдану отасы!

Дүниежүзінің жаңалыққұмар халқының көңілі алабұртып күткен әрі ұзаққа созылған өт жолы мен аналық бездегі ісікке жасалған операцияның ойдағыдай аяқталуы.

Мұхтар Әлиұлы өз жұмысында бір сарындылықты, бірізділікті қалаған емес. Ол өз ізденісін алдағы, яғни кезекті ісіне сөзсіз қолданып отырды.  Сондай барынша жетілдіріле отырып жасалған операцияның бірі қан тамырларына жасалды. Дәрігердің жаңашыл әрі шеберлік аясының кеңдігін танытқан бұл жұмыс ұлттық медицинаның ғана емес, әлем дәрігерлерінің хирургиялық тәжірибесіне енгізілді.

Академик-дәрігердің медицина өркениетінің шегін кемелдендірген тың табыстарын таңбалап шығу мүмкін емес. Айталық, соңғы еңбектерінің арасындағы айрықшасының бірі – ұйқы безіне аутотрансплантация жасау десек, бұл тізімді бүйрек пен арықша бездерге лапараскопия әдісін қолдану жұмыстары толықтыра түседі.

Сондай-ақ, Қазақстанда қолқа мен коронарлық артерияларды жалғастыру тәуекелін тұңғыш рет іске асырған операцияның  орны ерекше екені даусыз!

Әйгілі ғалым, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі,  Мемлекеттік сыйлықтың екі дүркін иегері, Мұхтар Әлиев  «Бейбіт Планета адамы» ретінде әлемдегі өркениетті елдердің медицина саласы ұсынған 34 авторлық куәліктің және патенттің иесі.

Ол өзінің ойлы да жүйелі еңбектері арқылы жалпы медицина тарихын – дүниежүзілік медицина мен оның түрлі салаларының дамуының жалпы заңдылықтарын, олардың ерекшелігін, басты мәселелерін, жетістіктерін, жаңалықтарын зерттеу жолдарын жас  ғылымдарға ұғынықты тілмен жеткізді. Халыққа еңбегі сіңген атақты ғалымдардың өмір жолымен таныстырып отырды.

Дүниежүзінде дәрігерлік ілімнің калай пайда болғанын, медицинаның халық мәдениеті мен тарихи дамуы мен бірегей екенін әрбір дәрігерлік салаларға байланысты терапия, хирургияның – арнайы өз кафедраларында зерттелетін аурудың алдың алу жолдары болатынын сөз етті. Соны түсіндіре отырып, әр аурудың пайда болу себептерін, кеселдің түрін анықтау және емдеу әдістерін зерделеу жолын көрсетіп берді.

Туған ел, қасиетті Отанның даңқын асырған, істері мен елге сіңірген еңбегі үшін Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын алған Мұхтар Әлиев –қазақ медицинасын талай рет биіктерге шығарған айтулы тұлға!

Мыңдаған өзекті жанға шапағаты тиген жеңіл қолды дәрігерлердің бірі, медицина ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан әйгілі азамат Мұхтар Әлиевтің даңқты істері – ұрпаққа өнеге, ұлт мақтанышы!

Қашан да жаңашыл, табыстарға талпынысын шектемеген ізденімпаз жанның ел арасындағы қарапайымдылығы жайындағы естелікпен жазбамызды аяқтап, елге өсер ұрпағыңызға өнеге етіңіз деген тілек айтқымыз келеді. Елге ақпарат көздері арқылы тараған мәлімет бойынша Мұхтар Әлиев 2008-жылғы наурызында Австрияға емделу үшін аттанған. Сол уақыттан 2009-жылғы қазан айына дейін академик ағамыз Венада болып, кейін Лондонда тұрды. Тек 2009-жылы Қазақстанға оралды. Ал, 2015-жылы, 82 жасқа қараған шағында өзі сүйген, өзгелерге іңкәр өмір сыйлаған мынау қайран дүниеден мәңгілік мекенге аттанып кете барды.

Марқұммен қоштасу Ұлттық Ғылым академиясының ғимаратында көпшіліктің қатысуымен өтті.

Қорыта айтарымыз, Мұхтар Әлиұлының ұлттық медицинадағы ұлағатты жолы мен өміршең еңбектері әр адамның өз денсаулығын сақтау мен нығайтуына мол әсерін тигізеді. Дәрігер мамандардың алдына келген сырқаттарды емдеу тәжірибесін молайтуға көмектесті.

Адамзат қоғамында аурудың алдын алу, денсаулық және жұмысқа қабілеттілік жағдайын жақсартуға, ұзақ өмір сүруге жетудің жолын ұсынады.

Қазақ медицинасы әлемін дүние жүзіне танытқан теңдессіз ғалым, Әл-Фараби ілімін жете түсінген және сол ілімді адамзат қоғамына қолдануда бар білімін, күш-қайратын сарқа пайдаланған, өзін қатардағы дәрігер ретінде сезініп кеткен Мұхтар Әлиұлы Әлиевтің өмірлік ұстанымы мен жаңа Қазақстанның даму жолын біз осылай байланыстырдық.