«ЖАУЫНГЕР. ЖАЗУШЫ. ЖУРНАЛИСТ»

162

Қазақ әдебиетінде майдангер қаламгерлердің үлкен шоғыры болды. Олар — Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Ілияс Есенберлин, Қасым Аманжолов, Тахауи Ахтанов, Мұзафар Әлімбав, Сырбай Мәуленов, Сәуірбек Бақбергенов, Хамит Ерғалиев, Дихан Әбілов және өзге де қалам мен қаруды тең ұстаған ақын-жазушылар. Осындай шоқтығы биік қаламгердің бірі — Кемел Тоқаев. Бірегейлігі тыңнан түрен салып, соны соқпақ жол тауып, қаламгерлер ара¬сынан алғашқылардың бірі ретінде қазақ әдебиетінде детектив жанрында қалам сілтеді.

Кемел Тоқаев – детектив жанрының шебері. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі кеңес милициясы чекистерге арналған шығармаларға бәйге жариялағанда қатарынан төрт рет бас бәйгені алған сөз жүйрігі. «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма» повестері және детективке құрылған «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» пьесалары – осының айғағы. Мұның бәрі оқырманнан өз бағасын алған. «Соңғы соққы», «Солдат алысқа кетті» романдары әдебиетіміздің алтын қорына енгені сөзсіз. Оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылды.
К.Тоқаевтың «Арнаулы тапсырма» кітабы Ұлы Отан соғысының қаһарман ардагері, айбынды партизан Қасым Қайсеновтің ерлігі жөнінде. Халқымыздың осы батыр перзенті жөнінде тұңғыш шығарма жазған да Кемел Тоқаев.
Майдангер қаламгердің биік болмысын, бейнесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Əке туралы ой-толғау» атты ғұмырнамалық кітабын парақтағанда көреміз. Аталмыш туындысында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы əкесі Кемел Тоқаев пен анасы Тұрар Шабарбаева туралы көркем əңгімелейді. Ғұмырнамалық кітап ата-анасына ескерткіш сынды. Еңбек «Балалық пен жастық шақ», «Соғыс», «Əдебиетке барар бұралаң жол», «Кемел Тоқаевтың шығармашылығы», «Кемел Тоқаев және оның замандастары», «Ана» атты 5 тараудан тұрады.

«Əке туралы ой-толғау» кітабынан Кемел Тоқаевтың қиын-қыстау тағдырының балалық, жасөспірім кезеңі Шымкент қаласымен тығыз байланысты екенінен көзіқарақты оқырман хабардар. Жас түлек Кемел мектепті Шымкент қаласында бітірді, оның ұстаздары, сынып жетекшілері Әбіш Байтанаев пен Мырзай Алтынбекова сынды педагогтар болған. Ұлы Отан соғысына бір сыныптан аттанған 25 түлектің үшеуі ғана майданнан аман оралған. Соның бірі — Әбіш ұстаздың інісі, сыныптасы Амантай Байтанаев. Амантай Байтанаевтың та Ұлы Отан соғысынан кейінгі бейбіт өмірде жазушы ретінде повестері мен әңгімелері жарық көрді, көптеген республикалық басылымдарда журналист болды. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші кезінде сыныптасымен бірге қызметтес те болды.
Майдангер-қаламгер, журналист, драматург, қазақ әдебиетінің детективті-шытырман оқиғалы жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай К.Тоқаев атындағы республикалық қоғамдық қордың ұйымдастыруымен жазушының 2 және 5 томдық кітаптары жарық көрді. Көптомдықтардың тұсаукесер таныстырылымы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада өтті.
«Жауынгер. Жазушы. Журналист» атты әдеби кешті Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов ашты. Жиынға жазушылар Ш.Орынбай, З.Қыстаубаев, драматург С.Қасымбек, «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы Б.Тайжан және бірқатар ардагерлер қатысты.
Жаңа кітаптарды Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова таныстырып, қала әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов пен
К.Тоқаев атындағы әдеби сыйлықтың иегері, жазушы
Ш.Орынбай лентасын кесті. Кеш соңында ардагерлерге, зиялы қауымға және Шымкент қаласының көпшілік кітапханаларына
К.Тоқаев атындағы республикалық қоғамдық қордың атынан жаңа көптомдықтар тапсырылды.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында К.Тоқаевтың 100 жылдығына орай «Солдат соғысқа кетті» атты автобиографиялық романы бойынша Әл-Фараби кітапханасы республикалық эссе байқауын жариялаған-ды. Кеш барысында байқау жеңімпаздары — ОҚМПУ студенті Ақбота
Елубек (1 орын, Шымкент қаласы), Нурзия Рахметова (2 орын, Жетісу облысы), Әділ Толмағанбетов (3 орын, Алматы қаласы) Алғыс хаттармен марапатталып, жазушының 2 томдық кітабы сыйға тартылды.
Қаламыздың іргелі оқу орындары — ОҚМПУ және М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттері жазушы шығармалары бойынша және Қ.К.Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабы бойынша әдеби композиция ұсынды.
Іс-шара барысында көпшілік жазушы К.Тоқаев туралы қысқа бейнефильмді тамашалап, қаламгердің шығармашылығына арналған «Майдангер. Қаламгер. Қайраткер» атты кеңейтілген кітап көрмесімен танысты. Әдеби кешті Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шакеев қорытындылады.

Гүлмира АЛПЫСБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары, ҚР мәдениет саласының үздігі,
«Қазақстанның құрметті кітапханашысы» атағының иегері