«МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ»: ЖАСТАР МЕН ЖҰМЫССЫЗДАРҒА МҮМКІНДІК

281

Шымкенттегі «Арбат» алаңында өткен «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне келушілердің қарасы көп болды. Үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан жәрмеңкеде қала мен республиканың өзге өңірлерінен 120 жұмыс беруші мекеме 5 мыңға жуық жұмыс орнын ұсынды.

Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, жұмыс берушілерге ең бастысы еңбек құқығының бұзылмауына ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.

Іс-шара барысында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері Enbek.kz электрондық еңбек биржасы ұсынған бос жұмыс орындарын халыққа таныстырды. Еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеген азаматтар медициналық, техникалық, жеңіл өнеркәсіп пен басқа да қызмет көрсету салалары бойынша уақытша және тұрақты жұмыс орындарына жолдама алады. Сонымен қатар, солтүстік өңірлерден келген жұмыс беруші мекемелер де жәрмеңкеге қатысты. Өткен жылы бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне жұмыс берушілер 5 өңірден келсе, биыл 7 өңірден – Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай мен Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарынан арнайы келген. Олар шымкенттіктерге бос жұмыс орындарын ұсынып, еңбек шарттарымен таныстырды.

– Жоғары оқу орнын тәмамдап, еңбек жолын бастаған жастар үшін мұндай шаралардың маңызы зор. Оларға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндіктері ұсынылуда, – деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова.

Жәрмеңкеге қатысқан жұмыс берушілер де іс-шараның мүмкіндігі көп екенін тілге тиек етті. Биыл үшінші рет қатысып отырған «INTELLEKT» жалпы орта мектебінің басшысы Қанат Сәрсенұлы былтыр 3 мұғалімді осы жәрмеңке арқылы жұмысқа қабылдаған.

Балмаржан Нарбекова биыл 57 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланғанын атап өтті. Оның ішінде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 33 500 адамды жұмыспен қамту көзделіп, бүгінде 20 мыңға жуық адам жолданған. Сондай-ақ, қалада іске асырылып отырған Ұлттық жобалар шеңберінде және жеке кәсіпкерлердің жеке бастамасымен «2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» бойынша биыл 23 420 жұмыс орыны құрылады. Оның 22 044-і тұрақты, 1376-сы уақытша жұмыс.

Айта кетейік, қазірдің өзінде 10 043 жұмыс орны ашылған.