БАРЛЫҒЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ИГІЛІГІ ҮШІН

186

Жауын-шашын маусымында су басу қаупінің алдын алуда ирригациялық жүйелердің маңызы орасан. Келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін Тұран ауданында биыл 24 шақырымды 41 көшеге ирригация салынады. Осы орайда, бүгінде 20 көшеге суағар салу үшін мердігер мекеме анықталып қойған. Мердігер Қазығұрт шағынауданындағы Жандарбеков, Бөгенбай батыр, Шымған, Оңдасынов, Мұханов, Баянауыл, Төлебай көшелеріне, 112 орамдағы Аманжолов, Нарадоволцов, Темірқазық көшелеріне, 4- шағынаудандағы Байтулы баба көшесіне, Наурыз шағынауданындағы Жанкент көшесіне арық салу жұмысын бастап жіберген. Қалған 19 көшеге тамыздың соңына дейін мердігерді анықтау жоспарланып отыр.

Ауданда көшелерді жарықтандыру ісі да қарқынды жүріп жатыр. Биыл аудан әкімдігі 22 көшені жарықтандыру жоспарын алға қойып, қазіргі сәтте 5 көшеде жұмыс аяқталған. Тұран ауданына жүктелетін міндеттің бірі – тұрғындарға қолайлы орта жасақтау үшін аулаларды абаттандыру, көгалдандыру және тұрғылықты жерінде демалыс аймағын құрып, спорт және ойын алаңшасын салу. Тұранда 544 көпқабатты үй 355 аулаға біріктірілген. Абаттандыруды қажет ететін 3 аулада құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
–«Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде тұрғындардың ұсынысымен 20 ойын алаңшасы мен 12 спорт алаңшасын салуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда 9 ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.Сонымен қатар, қаланың келбетіне эстетикалық көрік қосып, жаяу жүргіншілердің шөлін басу үшін 13 орынға ауыз су бұрқағы орнатылды. Осы субұрқақтарды орнату мақсатында 6,5 млн. теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды. Олар Мәделі қожа – Рысқұлбеков көшелерінің қиылысы, Байтұрсынов – Бекбосынов, Момышұлы – Желтоқсан, Дулати – Рысқұлов, Темірлан тас жолы – Мангельдин, Темірлан тас жолы – Желтоқсан, Республика даңғылы – Асқаров көшесі және Темірлан тас жолы – Қожанов көшелеріне қойылды, – дейді аудан әкімі.

Сапалы интернет қолжетімді

Тұран ауданында мобилді интернетпен қамту үлесі 92 пайызды құрайды. Биыл бұл көрсеткішті 95-ке жеткізу үшін 4 елді мекенге мобильді оператордың базалық станциясы орнатылып жатыр. Атап айтсақ, олар –Жаңаталап шағынауданына «Tеле 2», Құрсай, Агрофирма-Қарасуға және Ақжар шағынауданына «Kcell» байланыс оператор станциялары. Нәтижесінде, 37 620 тұрғын сапалы интернетпен қамтылады. Сондай-ақ, оптикалық желі тарту ісі де жолға қойылған. 2023 жылдың жоспарында аудан тұрғындарының 80 пайызын оптикалық желімен қамту тұр. Осы мақсатта 112 орам, Самал-1, Агропром және Жаңаталап шағынаудандарына оптикалық интернет желісі тартылып жатыр. Осылайша, 41 мыңнан астам тұрғын жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізеді.

Санитарлық тазалық – саулық кепілі

Адам денсаулығында қоршаған ортаның санитарлық тазалығы ең басты қағиданың бірі. Тұран ауданында тазалық жұмыстарын оңтайландыру мақсатында секторларға бөлініп, жұмыс жүргізіледі. 21 елді мекендегі 597 көшеге техникалық және механикалық тазалық жүргізу 9 секторға бөлінген. Бұл жұмыстарды «Таза ел» ЖШС-нің 180 жұмысшысы атқаруда. Бүгінде мердігер алдағы қыс маусымына 5 мың текше метр құм мен 1000 тонна тұзды қамдап отыр. Одан бөлек күнделікті көшелерді сыпырып, шыққан қоқысты арнайы орындарға тасымалдап, қоршаған ортаның санитарлық тазалығына жауапты. Ал, күнделікті тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау ісін «Керемет-2020», «Бастау» және «Шымкент Спец Комплекс» мердігер мекемелері атқарады.

–Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындармен кездесіп, талап-тілегін тыңдаудан бөлек, «I Komek 109» ситуациялық орталығына келіп түскен ұсыныстарды да шет қалдырған емеспіз. Жыл басынан бері орталыққа аудан тұрғындарынан 1 720 өтініш пен шағым түссе, бүгіде оның 1 683-і бойынша тиісті жұмыс атқарылып, 39-ы жұмыс барысында, – деді Боранбай Нығметұлы.

Қыс қамын жаз ойла

Қазір жаз мезгілінің соңғы айы. Бұл кезде қала аумағы алдағы қысқы жылыту маусымына қызу дайындық үстінде. Ескі жылу жүйелері қайта жаңғыртылып, тозған жүйелер жаңасына ауыстырылып жатыр. Тұран ауданы әкімдігі де бұл жұмыстардан қалыс емес. Ауданда 544 көпқабатты үйдің 501-і орталық жүйеден жылу алады. Алдағы жылыту маусымына дайындақ барысында 200 үйде сығымдау жұмыстары аяқталған. Аталған сығымдауды қазір 6 мекеме жүргізіп жатыр. Ал, табиғи газбен қамтылмаған 369 жеке секторға қатты отын жетізуге 2 көмір қоймасы қызмет атқаруда. Жалпы, бұл үйлерге көмір қажеттілігі 1476 тоннаны құрайды. Аудан әкімінің айтуынша бүгінге дейін 136 үй қысқы көмірін қамдап алған екен.
Құрылғанына жыл толмаған ауданда атқарылған жұмыс көп, халыққа қолайлы орта қалыптастыруда ауқымды істер алда тұр. «Тұрғындардың талап-тілегін дер кезінде орындау бағытындағы жұмыстар — бұдан кейін де жалғасын табады», деп аудан әкімі Б.Болатбеков сөзін қорытындылады.

«Шымкент келбеті»