ШОРНАҚТАН ШЫҚҚАН ШОҢ БАТЫР

165

Түркістанның Шорнақ ауылында 1922 жылы дүниеге келген жерлесіміз Құрбанбай Рысбеков мектепте тарих және география пәнінің мұғалімі болып жүргенде 1942 жылы 2 ақпанда Қызыл Армия қатарына шақырылады. Ол неміс басқыншыларымен күресте әскери қимылдарды тез үйреніп, кіші лейтенант, атқыштар взводының командиріне дейін көтеріледі.

1943 жылы күзде Совет армиясы жауға тойтарыс беріп, жедел қимылмен Днепр жағалауына жетті. Днепр өзені, Вира деревниясы, Яцки селосын бұған дейін неміс басқыншылары үш рет жаулап алған болатын. Алайда, төртінші рет жауламақ түгілі, әскері қоршауда қалып, неміс генералы тұтқынға түседі. Фашистердің түпкі мақсаты Киевті басып алу болатын. Оған кедергі осы Яцки селосы болғандықтан неміс басқыншылары оны аяусыз бомбалады. Ондағы үш селоны, фашистердің қанды шебінің қолына түскен балалар мен қарттарды жаудан азат етті. Өзіне жүктелген тапсырманы бұлжытпай орындады. Днепр үшін болған шайқаста мыңдаған жауынгерлермен қоса, командирлердің ішінде Құрбанбай да ерекше көзге түсті.

1943 жылы 6 қазанда Днепрден бірінші болып, өзеннің оң жағындағы керамикалық институтты жаудан босату туралы тапсырма алады. Қиян-кескі соғыста жаудың себелеп тұрған оғына қарамастан, Днепрдің оң жақ жағалауына өтіп, қанды қырғынның ортасында фашистермен ұрысқа кірісіп кетеді. Бұл жолы Құрбанбайдың взводы немістің бір ротасын түгелімен жойып жібереді. Жерлесіміз шабуылдаушылардың алдыңғы қатарында шайқасты. Осы соғыста бір өзі 15 немісті жайратты. Жауынгерлік тапсырма абыроймен орындалды. Алайда, осы айқаста Құрбанбай ауыр жараланады. Осы шайқастан кейін Құрбанбай бір айдай емделіп, ұрыс даласына қайта оралады. Жас өрен желтоқсан айының соңында ауылына хат жазады.

«Тылдағы сіздердей ата-аналар мен бөбектерді жаудың қолынан азат еттік. Топ ішінде аттай үш күн болдым. 3 күн ішінде 3 селоны, бір үлкен станцияны азат еттік. Берілген бұйрықты орындадық. Бір күн өткен соң 25 желтоқсан күні әуеден неміс ұшақтары ұша бастады. 4 ұшақ бомба тастады. 5 үй талқан болды, 5 кісі жараланды. Оның ішінде мен де бармын…».

Бұл батырдың ауылға жазған соңғы хаты болатын. Осы хаттан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, 29 желтоқсан күні қаза табады. Небәрі 21 жасында жауға қарсы күресте жер жастанған жерлесімізге КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы 1944 жылғы 10 қаңтардағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

1951 жылы Құрбанбайдың әкесі ұлының зиратын іздеп, Украинаның Яцки селосына келіп, ұлының мүрдесін таппай елге оралады. «Ұлы Жеңістің 60 жылдығына – 60 игі іс» бастамасымен «Жеңіс» тобы құрылып, батырдың зиратын тауып, туған жердің топырағын табыстап, Құран бағыштап қайтты.

Құрбанбай Рысбековке өзі туып — өскен Шорнақ ауылындағы №5 мектеп-интернатына батырдың есімі беріліп, ескерткіш-бюст орнатылған.