ИБАТА КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛДЫ

155

Түркістан облысының шалғай ауылдарына да газ беріліп жатыр. Сауран ауданы Ибата ауылы көгілдір отынға қосылды. Мемлекет басшысының Қазақстан аймақтарын газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында аталмыш жоба жүзеге асырылуда.

Газды қосу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зулфухар Жолдасов пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жәркешов, Ибата ауылдық Ақсақалдар алқасының төрағасы Бабажан Якубов және сала мамандары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Міне, көптен күткен Ибата ауылына көгілдір отын – газ келді. Осы нысанның құрылысы мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында жүргізілді. Ендігі жерде сіздер қыс басталғанға дейін газ кіргізуді қолға алу қажет деп санаймын. Газ негізінен экологиялық таза отын, алдағы уақытта елді мекен халқының әл-ауқатын дамытуға серпіліс береді деп ойлаймын, – деді салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зулфухар Жолдасов.

Қазіргі таңда Түркістан облысын газдандыру деңгейі 74 пайызды құрап отыр. Елді мекеннің газ құбырларының ұзындығы 99,3 мың метрді құрайды.

– Биыл ұлттық компания 19 елді мекенді газға қосты. Бүгінгі таңда жобаны жүзеге асырудың арқасында Ибата ауылының 8 мыңға жуық тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Сонымен Түркістан облысында 14 ауданның 13-і газдандырылды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Сауран өңірінің Ойық, Бершінтөбе және Шоқтас елді мекендерін көгілдір отынға қосу жоспарлануда, – деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жәркешов.

Сонымен қатар, Түркістан АГТС-те күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстарының барысы тексеріліп жатыр. Айта кетейік, тексеруге жазылушылар саны 235 791 болса, оның 36 659-ы Түркістан қаласында. Биыл Ұлттық компания 76 елді мекенді көгілдір отынға қосуды жоспарлап отыр.

Бұған дейін Түркістан облысы әкімдігімен бірге ұлттық компания Келес ауданындағы Бәйтерек және Жамбыл-2 елді мекендерін көгілдір отынға қосқан болатын.

Ал, Сауран ауданында 36 елді мекен болса, оның 8 елді мекені табиғи газбен қамтылған. Осылайша, облысты газдандыру 22 пайызды құрайды.

Айта кетерлігі, нысан құрылысы төрт жыл бұрын басталған болатын. Жобаның жалпы құны құны 2 млрд теңгеге түсті. Мердігер мекеме – «Күмбез Констракшн» ЖШС-гі Ибата елді мекенінің 44 көшесіне магистралдық газ құбырын жеткізді. Бұған дейін тұрғын үйлердің маңына дейінгі ШРП ішкі жеткізу құбырлары орнатылған болатын.

— Осындай игілікті жұмысты атқарғандарыңыз үшін ауыл тұрғындары атынан сіздерге шексіз алғысымызды білдіреміз. Мұндай арманды ата-бабаларымыз аңсап өтті. Менің жасым сексенде. Біз бұған дейін ағаш отын, көмір жағып келдік. Соңғы кездері білесіздер көмір отыны қымбаттады. Жақсы уақытта қиындықтан құтқардыңыздар. Енді ауыл іші де тазарып, жақсы болып қалатын болды. Ауылдың барлық тұрғындарына жеткізіледі деп сенемін,-деген Ибата ауылының Ақсақалдар алқасының төрағасы Бабажан Якубов табиғи газ алауын жақты.

Сауран ауданы бойынша елді мекендердің 30 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген.

-Мен аудан әкімінің бірінші орынбасары ретінде коммуналдық тұрғын үй саласына жауап беремін. Ибатадағы табиғи газға қосу шарасы бәрімізге қуаныш сыйлайды. Ибата елді мекенінде 7800 адам тіршілік етеді. Жалпы көлемі 1850 абонент табиғи газға қосылғалы отыр.

Жалпы ауданда 36 елді мекен бар. Биылғы жылы 13 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттары ресімделуде. Оның ішінде Бабайқорған, Майдантал, Шорнақ ауылдық округтерін табиғи газбен 2024 жылы қамту үшін құжаттары әзірленіп жатыр. Одан бөлек абонентерді магистралдық желіге қосу бойынша коммуналды сала еңбеккерлері бірлесіп жұмыс жасайтын болады. Осы Ибатаға жақын орналасқа Ойық ауылындағы 42 абонентке де табиғи газ жеткізіледі. Оның сыртында Шаға ауылдық округіне қарайтын Бершінтөбе, Шаға, Шоқтас елді мекендеріне бір ай көлемінде табиғи газ жеткізілетін болады,-дейді Сауран аудын әкімінің бірінші орынбасары Мақсат Таңғатаров.

-Міне Жаңа Иқан ауылдық округінің Ибата елді мекені табиғи газға қосылды. 2023 жылғы жоспар бойынша Сауран ауданында 11 елді мекенді табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда соның сегіз елді мекеніне газ тартылды. Жыл аяғына дейін тағы да үш елді мекенге жеткізіледі. Олардың ішіне Ойық, Шоқтас, Бершінтөбе елді мекендері кіреді. Ал 2024 жылдың жоспарында тартылатын ауылдық округтердің жобалық-сметалық құжаттары бекітілді. Олардың ішінде Шорнақ, Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтері бар. Осы ауылдық округтеріне қарасты он екі елді мекен көгілдір отынмен қамтылатын болады. Елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру мақсатындағы осындай жобалардың жүзеге асуына мәслихат депутаттары да да лайықты үлестерін қосуда. Біз қашанда елдің мұң-мұқтажын әкімшілікке, мемлекетке жеткізуге әрқашанда әзірміз. Оның ішінде магистралдық газ құбырлары жасалғаннан кейін мердігерлік мекемелермен бірлесе отырып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларының табиғи газді үйіне кіргізіп беру мәселесін ақылдасып шешетін боламыз.

Иса БЕРКІМБАЙ.