“ШАШПА ПАЛАУДЫҢ ШЕБЕРІ-ШАХИДА…”

649

Палау – әлемдегі ең танымал және ең көп сұранысқа ие тағамдардың бірі. Әр әйелдің өз сыры бар дегендей, палауды әркім әрқалай жасайды. Мысалы, Түркістан базарында «Аян» кешенінің алдындағы палаудың дәмін түс мезгілі болмай жатып жиылған халықтың көптігінен білуге болады. Оны өзбектің палаушылары түрлі ноқат, мейіз, бөдене, тауық жұмыртқаларымен сәндеп, түрлендіріп жасап, кешке дейін үлкен-үлкен 3-4 қазанды босатады. Негізі палаудың жүзден астам дайындалу түрлері болса да, өзіміздің өзбек ағайындардай ешкім әзрлей алмайтындай көрінеді. Келісесіз бе?
Палауды ем үшін де пайдаланады деген аңыздарға құлақ түрсек, бағзы заманда Бұқара әміршісінің баласы кедей отбасының қызына ғашық болып қалады. Ол – ханзада, бойжеткен – тас кедейдің қызы. Әлбетте екеуіне отбасын құрып, бақытты өмір сүруге болмайды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, әбден мазасы кеткен ханзаданың жағдайы нашарлай бастайды. Ештеңеге тәбеті болмай, азып-тозып, құр сүлдері қалады. Сонда ибн Сина оған палау жеуге кеңес береді. Нәтижесінде, ханзада айығып кеткен дейді.
Өзбек халқында палауды күнделікті ас үшін әйелдер әзірлесе, той-жиындарда бұл қадірлі асты ер адамдар дайындайды. Ал бүгін «палаудың сапасы күрішке байланысты» деп есептейтін және бейсенбі күні міндетті түрде шашпа палауды әзірлейтін Шахидамен таныс болайық. Он саусағынан бал тамған аспаздың тағамы ауызашар уақытын асықтыра түсетіндей. Бағасын әттең дәміне емес, бейнеге қарап берерсіздер.
Шахида Мухитдинова керемет аспаздығымен қатар, отбасында бақытты жар, көп балалы ана, ағылшын тілі мұғалімі. 12 жылдан бері мектеп қабырғасында оқушыларға білім беріп, отбасында бала тәрбиесіне де үлгеруі – біздің түркістандық пысық келіншектерге тән таптырмас қасиет. Ата-ана тәрбиесін, ата-ене өнегесін көрген Шахида «балаларымды өсіруге көмектескен, үлгілі отбасы болуыма жол салған аналарымыздың арқасында ешқашан шаршамайтынын» айтып, өзінің шаттыққа толы шаңырақ иесі екенін шаттана білдірді.

Несібелі Иманқұлова,
Түркістан облысы