«МҮГЕДЕК» ЕМЕС, — «МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАР»

88

Мен, Айқынбаев Әбдіғани Мірәкбарұлы, садақ атудан спорт шебері, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында садақ атудан ұлттық құраманың мүшесі, 2008 жылдың маусымындағы садақ атудан ОҚО бас жүлдесінің жеңімпазы, 2009 жылғы садақ атудан Федерация Кубогінің ІІІ орын иегері, 2010 жылғы садақ атудан Қазақстан Республикасы Ашық кубогінің қола жүлдегері болып табыламын.

Сіздердің бастамаларыңызбен ұйымдастырылып отырған «Мен заңда нені өзгертер едім?» атты байқау шеңберінде біраз уақыттан бері өз ойымда жүрген мәселемен бөліссем деген едім. Біз мен сияқты мыңдаған қандастарымызды, жерлестерімізді мазалап жүрген «тылсым таңбадан» арылуымыз қажет. Біздер, Қазақстан Республикасының мүмкіндігі шектеулі азаматтары, Қазақ Елі үшін, еліміздің даңқы мен абыройы үшін, Қазақстанның атын бүкіл әлемге мәшһүр ету үшін бар күш-жігерімізді салып еңбек етіп, қоғамға етене араласқымыз келеді. Садақ ату спортын дамытып, оны ұлттық спорт деңгейіне дейін көтеріп, мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан команда жинап Әлем чемпионатында, Паралимпиадалық ойындарда жүлделі орындар иеленіп, Қазақстанның атын қайсар, батыл, еңбекқор, кеңпейілді, ақылды да парасатты паралимпистермен әйгілі етсем деймін. Алайда, мен — мүгедек (инвалид) емеспін, — мүмкіндігі шектеулі жанмын.

«Мүгедек — инвалид» деген сөз жалғыз менің емес, мыңдаған мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамға етене араласуына кедергі болып отырғаны шындық. Мысалы, дені сау, ақыл-ойы толық азамат халқы үшін еңбек етуді, үлкен биік шыңдарды бағындыруды армандайды, алайда оқыс оқиға салдарынан (жол апаты немесе өзге де жайттар) кеміс болып, мүгедек деген таңба алып, қоғамнан шеттетіледі. Алға қойған арманы былай тұрсын, қоғамда өзгелер қатары өмір сүруінің өзі қиындап, күнделікті өмірде кедергілерге тап болып жатады. Ал ондай қиын сәтті жеңіп шығу әркімнің қолынан келе бермейді.

Мүгедек (инвалид) — ақыл-ойы, ойлау қабілеті төмен немесе мүлде жоқ адам. Ондай жандар мемлекеттің, қоғамның қолдауынсыз өмір сүре алмайды. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар сондай адамдармен бірге «мүгедек» ретінде қоғам өмірінен шеттетіледі немесе сол аттан намыстанып, «мен мүгедек емеспін» деген оймен өздерін шеттейді.

Осыған байланысты ұсынысым — Қазақстан Республикасының заңнамаларындағы, қоғам санасындағы, күнделікті өміріміздегі «мүгедек» ұғымын «мүмкіндігі шектеулі жандар» ұғымымен ауыстыру бойынша қолдан келгенше жұмыс жасалса нұр үстіне нұр болар еді. Мүмкін сол кезде, мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан садақ атудан команда жинап, халықаралық сайыстарда ел намысы мен абыройын қорғауға мүмкіндік туар ма еді?! Ең бастысы — мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін «мүгедек» деп атаудан арылар еді.

Осы ретте өзге елдердің де мысалына жүгінуге болады. Көрші Ресей Федерациясында «инвалид» сөзі қолданылмайды, оның орнына «люди с ограниченными возможностями» ұғымы кең етек жайған. Соңғы өткен Сочидегі олимпиада ойындарында да мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қандай қолдау көрсетілгенін көрген боларсыздар!? Ол спортшыларды өз елдерінің батырлары ретінде санап, өздерінен жоғары қоятындығына да куә болдық. Бізде де ондай батырлар аз емес, ал олардың өздері жайлы жариялауына кедергі болып отырған жайттардың бірі — «мүгедек» ұғымы екені сөзсіз.

Мен де өз басымнан қиын кездерді өткіздім, оқыс жағдайға тап болдым. Алайда, Аллаға шүкір, қиындықты жеңіп, артта қалдыруға жігерім жетті. Себебі, мен өзімді ешқашан мүгедек ретінде санаған емеспін.

Қоғамның толық мүшесі ретінде менің де алға қойған мақсаттарым бар. Келешекте Алаш алыптарының аманаттарын жүзеге асырып, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын, ата-бабаларымыздың дәстүрін бойларына терең сіңірген, үш тілде еркін сөйлейтін ұл-қыздарымызға садақ атуды үйретіп, мүмкіндігі шектеулі жандардан өзіме команда жинап, халықаралық сайыстарда еліміздің көк туын асқақтатсам деймін. Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан шеттемеуі үшін мемлекет тарапынан жоғарыдағыдай қадамдар жасалса оң іс болатынын тағы бір айта кеткім келеді.