ҚАЛА БЮДЖЕТІНІҢ ӨЗІНДІК КІРІСІ АРТЫП КЕЛЕДІ

196

Бүгін сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясы өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Депутаттар сессия барысында қаланың 2024-2026 жылдарға арналған бюджетін бекітті.

Бюджетті нақтылау нәтижесінде, қала бюджетінің көлемі 734,6 млрд теңгеден 754,2 млрд теңгеге дейін артатын болады, яғни, өсім 19,6 млрд теңге. Өсім негізінен жергілікті бюджеттің өзіндік кірістерінің артуының есебінен құралып отыр.
Бюджет жобасы қоғамдық кеңесте қаралып талқыланып, қаражат, ең алдымен, халықтың өзекті мәселелерін шешуге, тұрмысын жақсартуға, әлеуметтік жағдайын көтеруге жұмсалатыны анықталған. Атап айтқанда, білім саласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға – 663,6 млн.теңге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдауға – 885,4 млн. теңге қосымша қаралып отыр. Бұдан басқа, республикалық бюджеттің резервінен вакцинацияға 2,8 млрд теңге бағытталуда.
«Даму бюджеті бойынша жалпы 3,8 млрд теңге қарастырылуда. Оның ішінде жаңадан қосылған шағын аудандардың инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамытуға – 2,5 млрд. теңге бөлінсе, сумен жабдықтау жүйесін дамытуға – 340,5 млн. теңге, газ тасымалдау жүйесін дамытуға – 4,3 млрд теңге, білім беру объектілерін дамытуға – 500 млн.теңге (бұл қаржыға Сабыр Рахымов атындағы «Жас Ұлан» мектебінің құрылысы да кіреді), сондай-ақ, көлік инфрақұрылымын дамытуға 3,9 млрд теңге бөлініп отыр. Қала экономикасының тірегі болып саналатын индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға 1,1 млрд теңге қаралды», – деді аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Шымкент қалас экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Е.Есқараев.
Сессия соңында қала әкімі күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде өз ойын білдіріп, қаланың әрі қарай өркендеуіне ықпал етер маңызды шешімдер қабылдап, әкімдіктің ұсыныстарына қолдау білдіргені үшін мәслихат депутаттарына алғысын білдірді.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ