Патерналистік және масылдық қатынас қаншалықты терең тамыр жайып кеткен

53

Түркістан облысының тұрғындарының назарына патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендету, қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастыру жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Әрбір Қазақстан азаматы дамудың даңғыл жолына жаңа бағыт алған еліміздің ілгерілеуіне өз үлесін қосуы қажет. Ол үшін алдымен қоғамда тек мемлекетке иек артып, соның көмегімен ғана өмір сүремін деген масылдық психологиядан арылу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Біз мұқтаждық пен масылдықтың ара жігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінгені жөн» деген болатын.

Үкімет осы бағыттағы шараларды ретке келтіруді қолға алып отыр. Демек, бүгінгі күні патернализмнен ада болып, ел қатарлы өмір сүру үшін мемлекеттің қамқорлығы емес, қолдауы да жеткілікті. Ал, мемлекет пен халық арасында әлеуметтік қатынастарды қалайша дұрыс жолға қоюға болады? Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығын қалайша ажыратамыз? Қазақстанда патерналистік көңіл күй қаншалықты күшті? Осы мәселе жөнінде сарапшылардың пікірі әртүрлі. Қалай болғанда да, түйін біреу – қазақстандықтарды масылдықтан түбегейлі ажырату керек, әйтсе де мемлекеттік саясаттың әлеуметтік құрамдас бөлігін босаңсытып алуға болмайды. Өйткені қазір екеуі де өткір тұр.

Бұл ретте Германияның Фридрих Эберт атындағы қоры таяуда еліміздің 14 пен 29 жас аралығындағы жастарының өмірлік құндылықтары мен не күтетіні туралы зерттеу жүргізгенін атай кеткен жөн. Орталық Азияның өзге елдерімен салыстыра зерделенген бұл зерттеуде біздің жас буынның патерналистік көңіл күйі өте жоғары болып шыққан. Олар бұрынғысынша мемлекеттен түрлі жәрдемақы, жеңілдіктер түрінде, тіпті несиелік рахымшылық сипатында көмек күтеді екен. Әсіресе, мемлекет еңбекпен қамтып, қызметке орналастырады деп күтетіндердің қатары өте көп екен. Ал зерттеуде қарастырылған жас санаты Қазақстан халқының жартысын құрайтын контингент екенін ескерсек, бұл жақсы ахуал емес.
«Қазақстандық қоғамда патерналистік және масылдық қатынастың қаншалықты терең тамыр жайып кеткендігі туралы әзірге дөп басып айту қиын. Өйткені дәл қазіргі жағдайда ел экономикасының геосаяси жағдайлардың салдарынан қандай күйге ұшырайтыны әзірге белгісіз. Әйтсе де, мұндай көңіл-күйдің өсе түскендігін зерттеулер көрсетіп отыр. Оның бір себебі Қаңтар оқиғасынан соң түрлі түйткілдер, соның ішінде әлеуметтік өткір мәселелер бойынша мемлекетке талаптың күшейе түскендігінде болуы мүмкін.