Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады

98

Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Бүгінде қоғамда патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендету белең алды. Осы ретте түркістандық оқырмандарымыздың назарына тағылымды ақпараттарды ұсынамыз.

Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру бағытында саяси жаңғыруды, елімізді дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау және қоғамды одан әрі демократияландыруға арналған бірқатар маңызды бастамалар жөнінде атап айтты:

«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда, қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «Мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс» – деді Президент.

Әр адам жетістікке, табысқа өзінің адал еңбегімен жете алады. Ерінбеген адамға қашанда екі қолға бір күрек табылады. Бірақ қазіргі қоғамда жұмысты талғап, оның жалақысын азсынып, бірден мол табысқа жетуді ойлайтын қате пікір қалыптасқан. Масылдық бойды жаулап, еріншектікке жол береді. Ал, мұндай жалқаулықпен масылдық барда адам ешқашан табысқа кенеле алмайтыны анық.