«Таза Қазақстан» бағдарламасы – патриотизмнің экологиялық көрінісі

61

Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Түркістан қаласында кезекті жалпықалалық сенбілік өтті. «Таза Қазақстан» бағдарламасы – патриотизмнің экологиялық көрінісі. Табиғатты қорғау, туған өлкені таза ұстау – бұл Отанға деген сүйіспеншіліктің нақты әрекеті. Патриот болу – Туға құрмет көрсету ғана емес, туған топырақты аялау мен сақтай білу. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы – бұл тек табиғатты тазарту емес, елін сүю мен құрметтеудің нақты көрінісі. Бұл бастама мен патриотизмнің арасында тікелей байланыс бар. Бағдарлама аясындағы сенбіліктер, тазалық акциялары – жастарды еңбекке баулиды, елге пайдалы іс жасауға итермелейді. Бұл – азаматтық сана мен жауапкершілікті оятатын құрал. Елге қызмет етудің бір түрі – экологиялық тәртіпті сақтау. Осы ретте, тазалық шарасына Түркістан қаласына қарасты дербес бөлімдер, 6 сектор, коммуналдық мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, облыстық басқармалар мен департаменттердің қызметкерлері белсенді қатысты. Жалпы тазалық жұмысына 800-ден аса адам өз үлесін қостты. Сенбілік барысында шөптер шабылып, аяқжолдар сыпырылып, қоқыстар жиналды. Нәтижесінде 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, аумақтар толықтай тазартылды. Қала аумағында экологиялық тұрғыдан маңызды деп танылған 18 белгіленген аумақта сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Түркістан қаласы әкімдігі мен тиісті мекемелер бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, өңір экологиясын жақсарту жолында белсенді жұмыс атқаруда.

«Патриотизм» терминінде әркімнің өзіндік түсінігі бар. Дегенмен көпшілік – өз Отанына деген сүйіспеншілігін көрсететін биік сезім ретінде ұғынады. Шындығында, патриотизм түрлі формада және әр адамда белгілі бір дәрежеде көрініс табады. Бағзы заманнан бүгінгі уақытқа дейін өз еліне, ұлтына, халқына деген сүйіспеншілік, туған мәдениетіне, тіліне, жетістіктері мен жеңістеріне мақтаныш, шет жақа шыққанда туған жерге деген сағыныш сезімінің туындауы, Отан мен ортақ идея үшін өз мүддесін құрбан етуге дайын болу, елдің бүгіні мен болашағына алаңдау, өз халқының мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуге және азаматтық борышын өтеуге ұмтылу сияқты сипаттамлар қалыптасқан. Тұлғалық деңгейде патриотизм – адамның дүниетанымында, мақсат-мұраттарында, мінез-құлық нормаларында көрініс табатын маңызды, тұрақты сипат. Ал оның жоғарғы көрінісі – өз халқына, оның өмір салтына, тарихына, мәдениетіне, мемлекетіне, іргелі құндылықтар жүйесіне қатысты ұжымдық көңіл-күйде, сезімде, оны бағалауда көрінетін қоғамдық сананың маңызды бөлігі. Жалпы патриотизм сөзі ежелгі гректің «патриа» –  атамекен сөзінен шыққан. Отанға деген құрмет, өз халқына деген сүйіспеншілік, өз салт-дәстүріне құрмет, ұлты мен елінің жеңістеріне мақтаныш – осының барлығы патриотизмге тән қасиеттермен теңестіріледі. Қарапайым сөзбен айтқанда, Отанға, тілге, салт-дәстүрге, мәдениетке деген сүйіспеншілік. Адам бойындағы патриотизм оның іс-әрекетінен көрініс табады. «Шағын Отанына» деген сүйіспеншіліктен бастау алатын патриоттық сезім кемелдену жолында сан түрлі кезеңдерден өтіп, жалпыхалықтық патриоттық санаға, еліне деген саналы сүйіспеншілікке көтеріледі. Ол – мемлекет діңгегі беріктігінің моральдық негізі және қоғам дамуының, сондай-ақ жеке тұлғаның белсенді азаматтық ұстанымы мен Отанына аянбай қызмет етуге дайын болуының маңызды ресурсы. Әлеуметтік құбылыс ретінде кез келген ұлт пен мемлекеттіліктің дамуының нығайтқыш негізі. Елінің тұтастығы мен егемендігін, оның ұлттық қауіпсіздігін, тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жеке мүддесі мен ұмтылысынан әлеуметтік және мемлекеттік принциптерді жоғары қою, сондай-ақ жеке адам, қоғам өмірі мен қызметінің жоғары мәні ретінде бағаланады.  Патриотизмді қоғамдық сананың ең маңызды құрамдас бөлігі ретінде жете бағаламау қоғам мен мемлекеттің әлсіреуіне әкеледі.