«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

0
31

«Әділет» партиясының Түркістан облыстық сайлауалды штабының өкілдері Созақ ауданындағы индустриялық аймақты аралап, өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Сапар барысында партияның облыстық филиалының төрағасы Алмас Салимов бастаған штаб мүшелері еңбек ұжымдарымен кездесіп, жұмысшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесуде өңірдегі өндіріс әлеуетін арттыру, кәсіпорындардың жұмысын жандандыру, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және тұрақты жұмыс орындарын ашу мәселелері сөз болды. Штаб өкілдері партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасындағы «Әділ экономика» бағытының негізгі міндеттерін таныстырды.
Аталған бағыт аясында облыста 100-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 14 агрожобаны іске қосу және 1 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау арқылы шағын және орта бизнестің өндіріс көлемін ұлғайтуға басымдық беріледі.
Штаб төрағасы Алмас Салимов еңбек адамдарымен әңгімелесу барысында өндірісті дамыту мен жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, экономикалық өсімнің нақты нәтижесі жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен халық табысының артуынан көрінуі тиіс.
Өндіріс орындарын аралау барысында жұмысшылар өз пікірлерін білдіріп, партияның сайлауалды бағдарламасын қолдайтындықтарын жеткізді. Штаб мүшелері ұсыныстарды назарға алып, партия бағдарламасында белгіленген міндеттердің маңызын түсіндірді.

-«Әділет» партиясының басты мақсаты – өңір экономикасын нығайту, өндіріс орындарының әлеуетін арттыру және әрбір азаматқа тұрақты еңбек етуге мүмкіндік жасау. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады,

-деді Алмас Алтайұлы.

«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі