ҒҰРЫПТЫҚ ӘНДЕР НАСИХАТТАЛДЫ
«Shymkala» этноауыл төрінде «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының» ұйымдастыруымен «Ауыл кеші көңілді…» атты ән кеші өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүріміз бен ғұрыптық әндерімізді жас ұрпаққа насихаттау. Ән кешіне Түркістан облысының Жетісай, Сарыағаш, Арыс, Түлкібас, Созақ және Сайрам аудандары мәдениет үйлерінің өнерпаздары мен қаламыздың дәстүрлі әншілері қатысты.
-Қазақтың өнері мен дәстүрі мәдениетіміздің көрнекті саласы. Мәдениет саласына өзімнің 40 жыл ғұмырымды арнадым. Осы жылдары көп еңбектеніп, жақсы дүниелер шығардық. Қазіргі таңда жастарды да үйретіп жатырмыз. Оларға өз түйгендерімізбен бөлісіп, олар да бізге өзінің жаңашыл идеяларын ұсынады. Солай ерекше сыйлықтармен тойшыл қауымды түрлі сый-сияпатпен қызықтырып, жақсы көңіл күй сыйлаймыз. Біз бүгінгі ән кешіне «тойбастар» көрінісін алып келдік. «Дәстүрдің озығы мен тозығы бар» демекші, қазіргі тойбастар заманға сай түрленіп келеді,- деді Арыс қаласы мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі Гүлсім Серікқызы.
Бағалы да қасиетті құндылықтарымыз бүгінгі кеште өз тұғырына қонды. Барлық салт-дәстүріміз сахна төрінде көрініс тапты.
Бесік жыры, Тұсаукесер, Беташар, Сыңсу, Аушадияр, Жар-жар, Тойбастар, Бақсылық, Жарапазан, Жоқтау сынды ғұрыптық әндер осы уақытқа дейін маңызын жоғалтпаған құнды мұраларымыз болып табылады.
«Ауыл кеші көңілді…» атты ән кешінде түрлі өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, жасы үлкен қария кісілер ақ батасын берді. Сонымен бірге іс-шараға қатысқан барлық өнерпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарын табысталды.
Айдана Мұхтарова
Жақында Шымкент қаласындағы «Shymkala» этноауылында «Ауыл кеші көңілді…» атты дәстүрлі және ғұрыптық әндер кеші өтті. Оны әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырды.
Ұлттық салт-дәстүріміз бен ғұрыптық әндерімізді насихаттауға арналған шараға Жетісай, Сарыағаш, Арыс, Түлкібас, Созақ және Сайрам аудандарындағы мәдениет үйлерінің өнерпаздары қатысты. Олар «тұсаукесер», «жар-жар», «бесікке салу», «тойбастар», «жоқтау», «сыңсу», «жарапазан» секілді ғұрыптық әндерді орындады.
Ал, Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әртістері, М. Әуезов атындағы ОҚУ «Театр жəне шығармашылық» кафедрасының студенттері, Майра Ормолдаева, Лəйла Жұмабайқызы сынды аға оқытушылар мен дәстүрлі әншілер қазақ халқының салт-дәстүрлеріне байланысты сахналық көріністер қойды. Сәбиді бесікке салып, «Бесік жырын» шырқады.
«Бесікке салу» көрінісі кезінде Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова жайлы көпшілікке ой салар ғибратты оқиға айтылды. Оқырманға түсінікті болу үшін оған да тоқтала кетейік.
Жастау кезінде Зейнеп апамыз үлкен жиынға барса керек. Сол жердегілер: «Батырдың келіні келді. Баланы бесікке Батырдың келіні салсын» деп тілек білдіреді. Сонда Зейнеп апамыз: «Иә, менің Батырдың келіні екенім рас. Бірақ, мен бір ғана баланың анасымын. Қазақ «жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар» деп бекер айтпаған. Қазақта жалғыз балалы әйел нәрестені бесікке салмайды» деп бас тартқан екен.
Мұнан кейін «тұсаукесер», «жар-жар» секілді салт-дәстүрлеріміз көрсетілді. Жалпы, кеш барысында айтылған «бесік жыры», «тойбастар», «беташар», «жоқтау», «көрісу», «сыңсу», «жар-жар», «жарапазан» секілді ғұрыптық әндеріміздің ұлттық дәстүрімізбен сабақтаса отырып көрініс тапқаны көпшіліктің көңілінен шықты. Кеш соңында барлық өнерпаздарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Пернебай САПАР, «Ońtústik Qazaqstan»