АУДАН БАСШЫСЫ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ
Мақтаарал ауданында «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» атты тақырыппен педагогтардың дәстүрлі тамыз конференциясы өтті.
Іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, ұлағатты ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар, бірқатар белсенді еңбегімен, шәкірттерінің жетістігімен көзге түскен ұстаздар қауымын марапаттады.
«Өткен оқу жылы толағай табысты жұмыстар мен жетістіктерге қол жеткіздік. Мұның барлығы ұстаздар, Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі деп білемін. Сонымен қатар, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Еліміздің жарқын болашағы. Баршаңызға шәкірт тәрбиелеуде зор табыстар тілеймін! Алдағы жаңа оқу жылында мол жетістіктерге, көп қуаныштарға жете берейік!» — деді Бақыт Насырханұлы.
Мұнан соң сөзге шыққан аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы, ауданның бас ұстазы Мұратбек Серікбаев 2021-2022 оқу жылында атқарылған жұмыстарға талдау жасап, жаңа оқу жылындағы жаңа өзгерістер мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндама жасады. Сондай-ақ, тамыз кеңесінде облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Анафия Қадырбекова, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сарсекбаевтар ұстаздарға деген ақ тілектерін айтты.
Айта кетейік, өткен оқу жылында 11 сыныпты бітірушілердің 1233-і ҰБТ тапсырды. Аудан бойынша 84 мектеп бітіруші «Алтын белгі» иегері атанса, 125 оқушы «Үздік» аттестатпен бітірді.
Биылғы жаңа оқу жылында 56 орта білім беру ұйымында оқу процесі жүретін болады. Жалпы 28 мыңнан аса оқушы білім алатын болса, оның 3 мыңға жуығы 1-сыныпқа қабылданғандар.
Биылғы оқу жылында Мемлекетіміз тарапынан аудан мектептеріне үлкен көмектер көрсетілуде. Атап айтқанда, 2022 жылы аудан бойынша жалпы 6 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жыл соңына дейін 2 мектеп, оның ішінде Ж.Нұрлыбаев атындағы жалпы орта мектептің 300 орындық ғимараты 1-қыркүйекте пайдалануға берілетін болады.