МЕДИЦИНА – ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА ҚОЛАЙЛЫ САЛА

161

Шымкенттегі облыстық фтизиопульмонология орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын іске асыру бойынша кезекті кездесу өтті. ОФО басшысы И.Құдайбергеновтің төрағалығымен өткен жиынға медицина мекемесінің ұжымы қатысты.

— Президент Жолдауында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесі кеңінен сөз болды. Өйткені, медицина – инвестиция салуға қолайлы сала, тек оған дұрыс жағдай жасау қажеттігі, сонымен қатар, медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керектігі айтылды. Жалпы, осы тақырып төңірегінде өз пікірлеріңізді білдіру маңызды, — деді И.Құдайбергенов.

Еліміздің басты құндылығы – адам. Ал адам денсаулығына қатысты түйткілді мәселелерді кейін ысырып қоюға болмайды.

— Мемлекет басшысы еліміздегі емдеу мекемесі жоқ 650 елді мекенде екі жылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілетінін айтты. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасамақ. Демек, денсаулық сақтау саласындағы шешімін табуы тиіс мәселелер кезек күттірмейді, — дейді қоғамдық штаб мүшесі Рамазан Бектұрғанов.

Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдіру де өзекті мәселе. Бұл мәселе төңірегінде Президент медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылатынын қадап айтты. Яғни, алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізбек.

Жиынға қатысқан медицина қызметкерлері тақырып төңірегінде өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, көпшілікті еліміз үшін маңызды құжат саналатын Президент Жолдауын қолдауға шақырды.