ҚҰРСАЙ, САЙРАМ, ҚАЙНАРБҰЛАҚ: ТАЗА СУҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕТІН КҮН ТАЯУ

171

Шымкентте 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда кесте бойынша ауыз сумен тұтынып отырған Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендерінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұдан бөлек, қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 6 нысанда су құбырларын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Олар — Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумағы.

Ал Құрсай елді мекенінде ұзындығы 336,5 шақырым су құбырының 95%-ы тартылған. Биылғы маусым айында қолданысқа берілетін нысан шағынаудандағы 22 мыңнан астам абонентті сапалы тіршілік нәрімен қамтуға мүмкіндік береді.

Қайнарбұлақ елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 329,8 шақырымды құрайтын ауыз су жүйелері жүргізіледі. Құрылысты «Мелиоратор» ЖШС жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін 170 шақырым құбыр тартылып жұмыстың шамамен 55 пайызы орындалды. Мердігер мекеме жыл соңына дейін жұмыстар толық аяқталады, — дейді.

Еңбекші ауданы бойынша Қаратөбе, Қарабастау, Абдулабад, Тоғыс, Жұлдыз, Бадам-1, Жыланбұзған, Айнатас, Базарқақпа тұрғын үй массивтерінде алдағы уақытта ауыз су құбырларына байланысты тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Соның ішінде Қарабастау елді мекенінде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2022 жылы аталған жобаны іске асыру мақсатында «Сарыағаш-Аман» ЖШС-мен келісім шарт жасалған. Су құбыры желілері мен су қабылдау имараттарын қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазір құрылыс жұмыстарының 48% аяқталып, ұзындығы 35,5 шақырым келетін су құбыры жүргізілген.

Жоспарланған 6 нысанның құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталса, 72 мыңнан астам адам орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады.