ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ҚОҒАМ: ОН БІР ҚҰРСАҚ КӨТЕРГЕН

303

Біз бүгін Ташбибі Анарбаева туралы әңгіме қозғамақпыз. Біз үйіне барғанда бір топ немерелері алдымыздан шығып, амандасып құрақ ұшып жатты.

— Апаларың үйде ма?

— Үйде. Сіздер үйге кіріп жайғаса беріңіздер. Апамызды шақырып келеміз, деп зыр жүгіріп, қонақжайлылық қасиеттерін көрсетіп жатты.

Шағын ғана денелі Ташбибі апаның осы әулетті ұйытып отырған үлкен қасиетке ие екені әңгіме барысында айшықтала түскендей. Ендеше өміржолына тоқталайық:

Ташбибі Анарбаева 1934 жылы 8 наурызда Сауран ауылында дүниеге келген. Балалық шағы зұлмат соғысқа тап келіп, еңбекке ерте араласқан буындардың бірі. Бүгінде сексен сегіз жасты бағындырған Ташбибі апа 11 құрсақ көтеріпті. Құдай қосқан қосағы Тоқтан Раметов ұзақ жылдар сауда саласында еңбек етіп, осы саланың майталманы атаныпты. Марқұм Тоқтан қарияның өмірден өткеніне 23 жылдан асыпты.

Өмірге әкелген Рустем, Қаһраман, Шерзат, Бекзат, Ахмет, Гүлбахар, Батырхан, Бахадыр, Махмұт, Ұшқын, Шәукат есімді 10 ұлдарын ұяға қондырып он келін алса, «арпа ішінде бір бидай» болған 1 қызын қияға қондырған. Барлығы бір-бір үйдің шамшырағын жағып отырған өнегелі отбасы иелері. Бүгінде он ұлы да әке жолын қуып, жеке кәсіпкерлікпен, атап айтқанда жеке шаруа қожалықпен, егін шаруашылығымен айналысады екен.

Әңгіме барысында апаға: — «11 ұл-қызды қалай тәрбиеледіңіз», — деген сауалды қойдық. Осы тұста әңгімеге Нышанкүл әпке (Сауран ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова) қосылып: «Ташбибі апа тұңғыш ұлыңызды есейген тұста ұрғаныңыз туралы айтсаңызшы», — деді.

— Үлкен ұлымның еншісі бөлек, үйі ауылдың бір шетінде тұрады. Тандырға нан жауып жатсам, үлкен келінім жүгіріп келіп: «Апа ұлыңыз ішіп алып, мазамызды алып жатыр,-деп жылады. Содан тұра жүгірдім, жолда көзіме көрінген таяқты алып ұлымды ұра түстім.Ұлым осы оқиғадан кейін ішпейтін, үйінің мазасын алмайтын болды. Осы үлкен ұлымды ұрып жатқанымды көрген Нышанкүл сол тұста ауыл әкімі болып тұрған кезі болатын, — дейді Ташбибі апа күліп.

— Орта жастан асқан ұлын ұрып жатқан көрініс әлі есімде. Бір таңқаларлығы ұлы апасын көргенде бірден есін жиып, «апа кешірші, енді қайталанбайды» деп айтқаны. Елуге келген ұлын тәрбиелегені мені шынында таңғалдырды. Бұл жанұяның өзгелерден ерекшелігі 10 ұлы мен қызы апасының сөзін қалт етпей тыңдап, аналарының сөзін заң ретінде қабылдайтыны. Бүгінде 10 ұлы да жеке кәсіппен айналысады, ауылдың өркендеуіне өз үлестерін қосып отырған үлгілі жанұя иелері-дейді Нышанкүл Жұманова.

— Жаратқан иемнің саналы ұрпақ бергеніне ризамын. Ұлдарым мен қызым айтқанымды істейді барлығы. Мен еңбекпен өскен адаммын. Таңертең ерте колхоз жұмысына кетіп, кешке кеш келетінбіз. Колхоздағы барлық жұмысты ауылда қалған әйелдер мен балалар атқарды сол тұста. Колхоздың барлық жұмысын атқардық. Аллаға шүкір, қазір еліміз тыныш, бейбітшілік заман. Жастарымыз біз көрген заманды көрмесін деп тілеймін.

Еңбекке ерте араласқаннан болар, сол дағды болып кеткен маған. Әлі күнге дейін қолымды бос қойып отыра алмаймын. Сәл қимылдамай қалсам ауырып қаламын. Сондықтан күнделікті ерте тұрып, үй шаруасына өзімнің үлесімді қосып отырамын. Есік алдындағы, бақшадағы арам шөптерді жұламын, гүлдерді суарамын. Әйтеуір қыбырлап жүргенді қалаймын. Ұл-қыздарымды де еңбекке баулып өсірдім. Барлығының өз үйлері, айналысып отырған кәсіптері бар. Бүгінде немерелерімді де еңбекке жақын болуларын күнделікті қадағалап отырамын. Алтындай жарқыраған немерелерім мен шөберелерім бар. Осы күніме мың қайтара шүкіршілік айтамын. Бақыт деген осы болса керек. Бақыттымын, — дейді Ташбибі апа.

Шынында, бақыт дегеніміз өсіріп жетілдірген ұл мен қыздың ата-анаға қарсы келмей, айтқанын тыңдап, өз арбалаларын өздері сүйреп отырғандары болса керек. «Ата-анаңа не істесең алдыңа сол келеді» дегендей, бүгінде Ташбибі апаның 11 ұл-қызы да немере сүйіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді. Шынында бір қарағанда қарапайым көрінетін апаның ерекше қасиетке ие екендігі бізді таңқалдырды.

Батыр ана, «Алтын алқа» иегері Ташбибі Анарбаева осынау ұлдары мен қызынан 43 немере, 64 шөбере көріп отырған бақытты әже. Өмірге он бір құрсақ әкеліп, олардың барлығын өнегелі тәрбиелеп, әрқайсысының жеке-жеке үй болып құралып кетуіне аналық көмегін аямаған осынау қарапайым ананың өмірі көпке үлгі боларлықтай.

Ләззат ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ САРЫБАЕВА.

Түркістан қаласы