Н.ТҰРАШБЕКОВ:«ШАҺАРДАҒЫ БАЗАРЛАР ТАРТЫМДЫ БОЛУЫ ҚАЖЕТ»

287

Бүгінде облыс орталығы болған киелі шаһарда атқарылып жатқан жұмыстар легі жетерлік. Жаһандық көшке ілесіп дамудың жаңа үлгісін жасап жатқан қаланың тыныс-тіршілігі қарбалас күйде. Күн сайын өркендеу мен түрленудің әр қадамы нық сеніммен жасалып жатқандай. Айтылған ойдың бір көрінісі ретінде қала әкімінің бір апта бойы атқарған жұмыстарының маңызды дегенін азды-кем сараптап оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Осы аптаның айшықты шаралары қатарында қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің жеке қабылдау өткізгенін айта кеткен жөн. Шаһар тұрғындарының мәселесін жіті назарда ұстап, өз бақылауына алуды мақсат еткен кездесуде басты міндетін толықтай орындады деуге негіз бар. Олай болатыны 16 азамат жеке мәселелерін айтып, өтініштерін жеткізсе, осы орайда, көтерілген 18 мәселе арнаулы мамандардың қатысуымен толықтай зерделенген.

Мәселен баспана кезегін жылжыту бойынша көтерілген сұрақтарға Нұрбол Әбдісаттарұлы заңдылығын тереңдей түсіндіріп, жер құжаттарына қатысты шағымдарды тиісті бөлім басшысына заңға сәйкес қарап, жан-жақты құқықтық кеңес беруді тапсырған. Сонымен қатар, жерге қатысты барлық даулы мәселелер тек сот тәртібімен шешілетінін атап өтуді де ұмыт қалдырмаған. Сондай-ақ, жол және қоғамдық көлік қатынасын реттеу жағдайын алға тартқан «Бірлік» секторы тұрғындарының ұсынысы назарда ұсталып, тиісті жұмыстар атқарылатынын тілге тиек еткен.

«Әсіресе, әлеуметтік мәселелерді саралауда мұқият болыңыздар. Көмек шын мұқтаж азаматтарға көрсетілуі тиіс. Сол кезде демеушілердің аманатына да қиянат болмайды. Ал, еңбекке жарамды азаматтар мүмкіндігінше жұмысқа тартылғаны дұрыс. Содан да халқымыз «Тарыққанға балық берме, қармақ бер» деген аталы сөз қалдырған», — дей келіп, бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеген.

Келесі маңызды шара ретінде «Түркістанның базарлары тартымды болуы қажет» деген ойды талқылаған келелі кеңес туралы айта кеткеніміз оң болмақ.

Қаланың кәсіпкерлерімен кездескен алқалы жиында сауда нысандарының жағдайы, қызмет көрсету сапасы мен тұтынушыларға қолайлы орта қалыптастыру төңірегінде өрелі ойлар әңгімеге арқау болды. Айтылған ойлардың ішінде ең маңызды мәселе тазалық екені айтылды. Сонымен бірге, ретсіз сауда орындарын жою, санитарлық талаптардың және өрт қауіпсіздігінің сақталуы, көлік қатынастарын реттеу жайы да көтерілді.

Өз кезегінде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков базар, сауда қатарлары — қала келбетін құрушы негізгі нысандардың бірі екенін ұмытпағанымыз жөн екенін айта келіп, қала қонақтары мәдени-рухани демалыстан соң, көбіне базарларға баратынын, сондықтан, ұсынылатын қызмет деңгейі мен сапасы Түркістан туралы пікір қалыптастыруға әсер ететінін назарға алудың маңыздылығын тілге тиек етті.

Айта кетсек, қазіргі таңда шаһарда жалпы алаңы 153,9 мың м² құрайтын 12 ірі сауда орны (5 базар, 7 сауда қатары) тұрақты қызмет көрсетіп, бұл жерлерде 3307 сауда орындары өз жұмыстарын жалғастыруда.

Бүгінде шаһардың жаңа қала аумағында жұмыстың қарқынды жүріп жатқанын, өзгерісі де көздің жауын алатындай, тіпті адам танымастай құлпырып сала бергенін білеміз. Осындай кезде көптің ойында негізгі қала аумағында қандай өзгерістер орын алды деген түйткілді сұрақтың болуы заңды. Атаулы сұрақтың жауабы ретінде атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды айта кетейік.

Бұл күндері қала аумағын абаттандыру бойынша нақты 15 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, 1 және 2 мөлтек аудандарын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінген. 9 подстанция жаңартылды. Сонымен қатар, заңсыз «полигон» қызметін атқарып келген алаңдарды тұрғындардың демалыс аймағына айналдыру қолға алынған. «Төлеби» және «Шығармашылық» саябақтарында балалар ойын алаңшаларымен қатар бұқаралық спортпен шұғылдану орындары жасақталмақ. Гүлзарлар мен жасыл белдеуге, Тұран мөлтек ауданы аумағын ағын сумен қамту үшін гидрантты суландыру жүйесі жүргізілуде.

Айта кететін жағдай соңғы 3 жылда қалада 536 жоба іске асып, оның 251-і аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 13 мың гектар жерге 3,5 млн. түп ағаш егілген.

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен шаһар аумағында инфрақұрылым жүйелерінің жұмысын саралау жиналысы да көп мәселеге арналды. Нақтылап айтқанда электр қуаты, газ, жылу, таза су, тазалық жүйелерінде және КСК қызметінде түйіні тарқатылмаған түйткілдердің болмауын сала мамандарына қатаң түрде ескертті.

Әсіресе, жөндеуді немесе ауыстыруды қажет ететін аумақтарды осы кезден анықтап, ұсыныс беру қажет дей келіп, жарамсыз жағдайға жеткенін күтудің қажеті жоқ екенін, алдын алу маңызды екенін айтты. Сонымен бірге, жаңартылатын желілердің нақты картасын әзірлеп, жұмысты өзектілігіне қарай жоспарлауды нақтылап отырып тапсырды.

Жиналыс барысында коммуналды төлемдерді оңтайландыру жөнінде ұсыныс қаралды. Тұрғындар үшін тиімді нұсқа әзірлеп, барлық жүйелер қызметін бір төлеммен барынша жеңіл төлеу мүмкіндіктерін қарастыру жайы қозғалды. Қала әкімі мұнда төлем есептерінің қолданушыларға ашық және анық жүргізілуі керектігіне ерекше назар аударуды жүктеді.