Ұлы – академик Мұхтар Әлиев туралы естелік.

508

1993 жыл. С.Асфендияров атындағы медициналық мемлекеттік институттының ректоры Е.С.Белозёровтың шақыруымен проректор қызметіне келдім. Жұмыс қызып, уақыт өтіп жатты. Келесі жылдың жаз айларында телефоныма кенет күтпеген қоңырау келіп түсті. Телефонның арғы жағынан: –«Мен ғой академик Мұхтар Әлиев  ағаң», – деген ірі  дауыс естілді. Мен де жылы шыраймен амандасып, ары қарай тыңдап тұрмын.

–Жақында менің шәкіртім  Қанат  Әбикулов хирургия кафедрасының меңгерушісі қызметіне өтейін деп жатыр, соны қабылдашы, –деді Мұхаң.

–Мен ол жылдары ғылыми кеңестің мүшесі едім. Осылайша  Мұхтар Әлиевпен біздің алғашқы тансытығымыз басталған еді.  Кейін өзім арнайы барып, кабинетіне кіріп, жеке қол алысып, таныстым. Содан бері аға-іні болып,  жақын араласып кеттік.

Бір байқағаным, бұл кісінің қабылдау бөлмесінен үнемі адам қарасы үзілмейтін. Келушілер еліміздің түкпір-түкпірінен, түрлі мәселелерін арқалап келетін. Бұл дегеніміз, Мұхтар Әлиевтің өз ісінің кәсіби маманы, қолы  алтын дәрігер, жоғары сұраныстағы қызметкер екенін аңғартады.

Бір күні ауылдан денсаулығы сыр беріп, Сартай деген әпкем келді. Осыған дейін талай дәрігердің алдын тоздырып шаршаған әпкемнің  арманы Мұхтар Әлиевке қаралу еді. Жағдайы ауыр екенін көріп, әпкемнің соңғы өтінішін  жерге тастай  алмадым. Мұхтар ағамен жолықтырдым. Ол кісі бір-ақ сөзбен: «Ертең ауруханаға жатқызайық», –деді. Содан, Сартай әпкем 10 күн ауруханада жатты. Ағамның айтуы бойынша, әпкем уақыт өткізіп алған,  ауруы  асқынып кеткен. Операцияға  шыдай алмайтынын айтып, ауылға аман-есен жеткізіп алыңдар деді. Сонда Мұхтар аға Сартай әпкеміздің қанша уақыт өмірі қалғанын тура айтыпты ғой…

Содан, өзімнің туған келінім Жанатқа да операцияны Мұхаңның өзі жасап еді. Өті  толып, қиналып келген келінімнен  ірілі-ұсақты  тоғыз  тас алып шықты. Осындай жағдайлардан соң, Мұхтар ағаның кішіпейіл, қарапайым адами  қасиеттерін көруге  болады. Өйткені қандай іс болмасын ең алдымен  өзі білек сыбана  кірісіп кететін еді. Қаншалықты қолында билік болып, басқа біреуді жұмсай алса да, ең алдымен жақындарына өзінің қолынан келгенше көмектесетін.

Жылдар өтті. Алыс-берісіміз таусылмай, арқа-жарқа араласып жүрміз. Осылайша уақыт өте келе жақсылықта жолықтық. 1998 жылы Жәнібек Нәлібайұлы 60 жасқа  толды. Үлкен тойға денсаулық сақтау саласының қаймақтары жиналды. Бұл уақытта келіншегім Гүлбарамның төртіншісіне аяғы  ауыр болатын.  Той  қызып жатыр. Мұхаң, Өмекең (Өмірзақ Айтбаев), Ілекең (Ілия Жақанов) бәріміз бір үстелде отырмыз. Содан, Мұхаң тұрып  тілек айтты:

–Бұл тостты келін Гүлбарам үшін алып қоялық, аман-есен  босансын, – деді. Мен сонда орнымнан ұшып тұрып:

–Егерде ұл болса, сәбиге сіздің есіміңізді берсек  болады ма? – дедім.  Қасымдағы ағалар:

–Қыз болса ше? –деп күле кетті. Мен де саспай:

–Онда жеңгемнің  атын қоямыз, — дедім. Жеңгемнің есімі  Мінавар еді.

Содан көп ұзамай Гүлбарам дүниеге ұл әкелді. Есімін құрметті ағамызға

ұқсасын, сол кісінің жолын берсін  деп, «Мұхтар»,– деп қойдық. Қырық күн  өткен соң, шілдехана тойға Мұхаң мен  жеңгем өздері арнайы келіп, жөн жоралғысын жасап, баламызға ақ батасын берді.

 

Ал, 2000-жылдары осы Мұхтар баламызға «жүрек ақауы» диагнозы қойылды. Сонда Мұхтар Әлиев ағамыз Жақсылық Досқалиевті  кабинетіне шақырып алып, Москвадағы Бакулев институтына операция жасатуға квота бөлгізді. Ағаның арқасында баламызды қаратып, ем-дом шараларын жүргіздік. Бұл да ағамның бауырмалдылығы, жанашырлығы мен үлкен адамгершілігінің белгісі еді. Қазіргі таңда, сол кездегі сәби Мұхтарымыз 24 жасқа толып, тепсе темір үзер азамат болып ер жетті.

Құрметті Мұхаң өмірге ғасырда бір-ақ рет келетін ірі тұлға. Ол кісінің қолдауы мен көмегінің  арқасында біраз қызмет атқардым. Тек қана маған ғана емес, талай кісіге қол ұшын созып, көмегін беретін. 1997-жылы Көпен ағам мені Өзбекәлі Жәнібековпен таныстырды. Ол кісі өз үйінің холында отыр екен. Сырқаты меңдеп, мазасы болмай жүрген сияқты. Кіріп, амандасып:

– Аға, сіздің кітабыңызды оқып, жеке танысуға келдім, – дедім. Жан-жақтан шырылдаған телефон Өзекеңді комсомолдар күнімен құттықтап, дамыл таппай жатыр. Өзбекәлі Жәнібеков те қазағымның біртуар азаматы ғой.

Ол кісі маған жауап беріп:

–Тағы да менің екінші кітабым шықты ғой, – деп, маған кітабын сыйлады. Мен кітапқа көрімдік бердім де:

–Көлік  керек болып немесе басқа жағдайлар болса, көмегімді аямаймын. Кез-келген уақытта хабарласыңыз,–дедім. Әңгіме–дүкен құрып, біраз отырдық. Содан, бір-екі мәрте көлік сұратып, емханаға барып жүрді. Мұхтар ағамыз сол кезде Өзекеңнің де денсаулығына қарайласып жүрді.

–Пернехан, маған Өзбекәлі ағамыздың хал-жағдайы туралы хабарларды жеткізіп тұршы, — дейтін. Ардақты ағамыз сырқатынан айыға алмай, көп ұзамай қайтыс болды…

Тағы бір естелік. 1998 жыл болатын, Мұхтар аға: «аңға шығайық, табиғатты сағындым», – деді. Мен Есік қаласында тұратын Тұрлан деген досыма хабарласып, аңға шығуды ұйымдастыруын сұрадым. Орманға жетіп, жаяу қар омбылап жүріп келеміз. Бір уақытта Мұхтар ағам артқа қарай құлап бара жатыр екен. Қарасам, аяғы қалың қардан шықпай қалыпты. Мен сол мезетте артынан ұстап үлгердім. Абырой болғанда, аяғы сынбай аман қалды. Қыс мезгілі болса да таза ауада, қаланың у-шуынан осылай демалып қайтқанбыз.

1997 жылы Қуаныш Айтаханов ағам: «50 жасқа толып жатырмын. Мына шақыру қағазын Мұхаңа өзің жеке жеткізіп, тойға келуін өзің қамтамасыз етсең», –деді. Тез арада аға мен жеңгеге ұшаққа билет алып, бірге баратын болдық. Мұхтар ағамның асқақ абыройын сол кезде көрдім ғой. Аэропорттың вип залынан аяғын жерге тигізбей шығарып салып, Шымкенттің мен деген ер-азаматтары «ілтипат» көрсетіп күтіп алды. Тойға бірге бардық, мереке өте жоғары деңгейде өтті. Дәл осындай сапар 1999 жылы Серікжан Сейтжанов ағамыз 50-ге келгенде қайталанды. Ол кезде де айтарға сөз жетпейтін керемет, үлкен той болған еді. Ағамызды мұндай шараларға қатысуға шақырған кісілер үшін Мұхаңды құрметті қонақ қылып күту үлкен мәртебе еді.

Солай жылдар өтіп жатты. 2003 жылы мен Шығыс Қазақстанда Сәрсен Аманжолов атындағы мемлекеттік университетте бірінші проректор болып қызмет атқардым. Сол кезде Гүлбарам екеуміз Мұхаңның 70 жасқа толуына байланысты мерейтойға шақыру қағазын алдық. Әрине, қуанып Алматыға ұшып келдік. Тойдың ашылуы опера-балет, яғни ,театрланған қойылым ретінде басталды. Отыратын орнымыз алдыңғы қатардан екен. Үлкен депутат ағаларымыздың ортасында болдық. Әлі күнге дейін есімде, жанымызда Е.Абылкасымов отырды. Ол кісімен де жеке танысып, жақсы әңгіме-дүкен құрдық. Театрға келген кісілердің қарасы қалың, еліміздің бүкіл бетке ұстар қаймақтары жиналды. Қайталанбас керемет той өтті. Бұл шараны Мұхаңа арнап, қалалық әкімшілік ұйымдастырыпты. Әрине, ағамызға көрсетілген  мұндай құрметтің бәрі адал еңбегінің жемісі деп білемін.

Содан мен қызмет бабымен Шығыста жүріп, Мұхаңмен соңғы жылдары көп араласа алмай кеттім. Күндердің күнінде құлағымызға суық хабар жетті. Ардақты ағамыздан айырылып қалдық. Жерлеуіне қатысып, топырақ салып қайттым. 2017 жылы Мұхаң қайта-қайта түсіме кіре берді. Менің отбасымнан құран дәметіп жүргендей болды. Әдейілеп арнап мал сойып, Астанада тұратын ағайындарды шақырып, молданы шақырып құран оқыттық. Екі күн бұрын Мінавар жеңгемізге звондап, келіп құранның ішінде болуын сұрадым. Ол кісі сырқаттанып жүргенін айтып, келе алмайтынын жеткізді. Маған ағаңа деген құрметің үшін деп рақметін айтып, батасын берді.

Әруағыңнан айналайын,  асыл ағам! Бақұл бол!

 

Пернехан Ибадуллаұлы Садықов

Техника ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі,

Отырар ауданының құрметті азаматы