ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ 350-ГЕ ТАРТА «ТРАМАДОЛ» ТАБЛЕТКАСЫН ТӘРКІЛЕДІ
Түркістан облысының полицейлері құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу, сондай-ақ есірткі құралдарының заңсыз айналымының жолын кесу жөніндегі жедел-профилактикалық іс-шаралар шеңберінде «Трамадолды» заңсыз сақтауға және өткізуге қарсы іс-қимыл бойынша рейд өткізуде.
Мәселен Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Келес аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, трассалардың бірінде «ВАЗ-2107» маркалы автокөлікті тоқтатты. Жедел уәкілдер автокөлікті, ондағы жолаушыны тексеру кезінде 200-ден астам «Трамадол» таблеткасын тауып, тәркіледі. Сараптама тағайындалды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі тәулік ішінде Сарыағаш және Келес аудандарында «Трамадол» препаратын заңсыз сақтау мен сатудың 7 дерегі анықталды. Полицейлер заңсыз айналымнан 350-ге жуық психотроптық таблетка тәркіледі.
Бұл жайттар ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» мен ҚР ҚК-нің 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде