НЫСАНДАРДЫҢ САПАСЫ БАҚЫЛАУДА

201

Қалада бірқатар нысандарда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сондай нысанның бірі – өрт сөндіру депосының құрылысы. Әкімшілік іскерлік орталығынан бой көтерген нысан әкімшілік және депо ғимараттарынан тұрады.

Қазір монтаждау және ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары мен абаттандыру құрылысы 80 пайызға аяқталған. Құрылыс алаңына 80 жұмысшы, 8 техника жұмылдырылған. Қала әкімі Мұрат Әйтенов өрт сөндіру депосының құрылысымен танысып, сапасын қадағалады. Нысанның құрылысы биыл тамыз айында аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Шаһар басшысы жауаптыларға ғимараттың тиісті талаптарға сай жабдықталуын бақылауды, құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Тұран шағын ауданында 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы кешенінің және Қайнар-бұлақ саяжайында жедел-құтқару жасағының құрылыс жұмыстары 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр. Ал 2025 жылы Солтүстік-Саяжай тұрғын алабында 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы кешені салынатын болады.
Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты «Оңалту орталығында» да күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 2023 жылдың сәуір айынан қолға алынған жұмыстар халықаралық стандарттарға сай құрылыс нормалары бойынша жүргізілуде. Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекеменің басшысына кестеден кешікпеуді ескертіп өтті.
Бұл ғимараттың іргесі 1975 жылы қаланған. Қазір мұнда 167 оқушы ерекше білім берумен қамтылған, ұжымда 56 педагог жұмыс істейді. Логопед пен психолог кабинеттері, сенсор бөлмелері, израильдік технологиямен жасалған мультимедиялық білім беру жүйелері қайтадан жаңартылып, заманға сай жабдықталуда. Бес қабатты ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары биылғы жылдың тамыз айына дейін аяқталады деп күтілуде.
Білім басқармасына қарасты №3 бөбекжайбақшасында да құрылыс қарқыны қызу. Балабақшаның 55 жылдық тарихы бар. Қос қабатты ғимараттың бала саны бойынша сыйымдылығы 163 орынды қамтиды. Мұнда бүгінде 130 бала тәрбиеленуде. Мұрат Дүйсенбекұлы нысан басында құрылыс жұмыстарын балалар қауіпсіздігі үшін ережеге сай етіп жүргізуді ескертті. Осы жылдың наурызында басталған жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін бітіру межеленген.