ШЫМКЕНТІМ-ШЫРАЙЛЫМ

224

Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты №2 кітап-хана бөлімшесінде алдағы Қала күні мерекесіне орай еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкенттің тарихы, әдеби мұрасы, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу мақсатында    «Шымкентім – шырайлым» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. Оған қаладағы ОККЖ-ге қарасты кітапхана бөлімшелерінің 15 пен 26 жас арасындағы оқырмандары қатысты. Атап айтқанда, олардың арасында жалпы білім беретін орта мектептердің оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері болды. Байқауды кітапханашы Гүлсінай Бақхожаева жүргізді.Байқау екі кезеңнен тұрды. Бағалау үш-бес ұпай аралығында. Бірінші кезеңінде Шымкент қаласы жайлы жазылған ақындардың өлеңін жатқа оқыса, екінші кезеңінде Шымкент қаласына арналған үміткерлердің шырайлы шаһарға арналған жеке шығармасы оқылды. Мүшәйрада 15 үміткер бағын сынап көрді.

Өнер сайысына ақын, Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың иегері Құрал Көмек, ақын, аудармашы, драматург Әсет Омартегі, кітапхана қызметінің ардагері, Қазақсан Республикасының мәдениет қайраткері Перизат Бекмырзақызы Алшабаева, ОККЖ директоры Гүлсім Әлкебайқызы Шатырбекова мен оның орынбасары Гүлнар Қамбарбекқызы Ендібаева қазылық етті.

Әбжаппар Жылқышиев, Нәсіреддин Серәлиев, Омарбай Малқаров, Нәмет Сүлейменов, Қарауылбек Қазиев, Жұмамұрат Тұяқбаев, Қуаныш Төлеметов секілді қаламгерлер өз туындыларына Шымкентті арқау еткенін бәріңіз жақсы білесіздер.

Шәкіртің көп бүгінде – бұтақтарың,

Қай кеудеге шамшырақ тұтатпадың.

Өмір бойы жастарды тәрбиелеп,

Жүре берер мәңгілік кітаптарың, – деп ақын Әбілда Аймақ жырлағандай, жас ақындар мүшәйрасы да Әбілда ағамыздың «Шымкентім – шырайлым» өлеңінің атымен аталып отыр. Шайырдың осы өлеңіне сазгер Өмірзақ Оспанов жазған ән Шымқаланың әнұранына айналды. Кеш барысфнда Ғафу Қайырбековтың «Шымкентім өзге емессің, өзімдейсің», Нәмет Сүлейменовтің «Шымкентім – шырайлым», Әбілда Аймақтың «Сапар шексең Шымкентке Бөгенімнен», Дәркен Танабаевтың «Шымкентім», тағы басқа ақындардың сүйікті қаламызға арналған өлеңдері оқылды.

Мүшәйраның қорытындысы бойынша Дәркен Танабаевтың «Шымкентім», өзінің «Шымқалада ол кезде күз болатын…» атты лирикалық өлеңін оқыған Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің ІІ курс студенті Алмат Ораз бірінші орынды жеңіп алды. «Мирас» университетінің І курс студенті Сұлтан Олжас пен Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Сейдулла Алихан екінші, Шымкент университетінің ІІ курс студенті Мадина Айдарбекова мен Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Аяулым Сыбанбек, Әбдуәлі Талғат үшінші орындарды иеленді.