ХАКІМ АБАЙДЫҢ ДАНЫШПАНДЫҚ ТҰЛҒАСЫ

451

Нариман НҰРПЕЙІСОВ, ОҚМПУ-нің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология
ғылымдарының кандидаты, доцент:

– Ұлы ақын, ұлт поэзиясының кемеңгері, данышпан Абайды тану, түсініп оқу – адамзат баласының қолы оңайлықпен жете бермейтін рухани биіктікке алып баратын басқыштың бір баспалдағы.

Мемлекет басшысы, Президентіміз Қ.К.Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты тарихи мәні зор мақаласында былай деп атап көрсетті: «Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты».

ХХІ ғасырда азат ел, тәуелсіз мемлекет болып тарих сахнасына шыққан қазақ халқы өз ұлтын Абайша сүйіп, өз халқын төрге шығарудың жолынан жаңылуға хақы жоқ. Туған еліміздегі есік қағып тұрған Абай күніне орай ақын жайында, соның ішінде ұлы ақынның данышпандығы жайында ой бөліссек. Адамзаттық ақыл-ойдың биігінде тұрған тұлға, хакім Абай данышпандығы деп аталатын түбі терең, тағылымы таудай биіктікке жетудің сан алуан қиын да қызық жолы мен соқпағы бар. Туған еліміздегі үшінші мегаполис мәртебесіне ие болған біздің өлкеде, Шымкент қаласында «Хакім Абай музейі» халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Тарихи музейге келген әр адам хакім сөзінің қыр-сырын білгісі келіп, ойланары сөзсіз. Біз де ойға қаламыз. Хал-хадірімізше жауабын іздеп көрдік, жай ғана іздеп көрмей қалың көпшілікпен ой бөлісуді мақсат еттік.