«БІЗДІҢ ҚОЛЫМЫЗҒА СМЕТАЛЫҚ ЖОБАЛЫҚ ҚҰЖАТЫ САРАПТАМАДАН ӨТКІЗІЛГЕН ЖОБАЛАРДЫ ЖЕТКІЗІҢДЕР»

172

Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы, Әли Әбдікәрімұлы Бектаев:

«БІЗДІҢ ҚОЛЫМЫЗҒА СМЕТАЛЫҚ ЖОБАЛЫҚ ҚҰЖАТЫ САРАПТАМАДАН ӨТКІЗІЛГЕН ЖОБАЛАРДЫ ЖЕТКІЗІҢДЕР»

-Біз халықтың арасында көп жүреміз. Мен өзім аграрлық салада болғандықтан өңірлердегі ауылдарды жақсы білемін. Проблемалар көп. Елімізде атқарылып жатқан жұмыс та көп. Қаржы да мол көлемде бөлініп жатыр. Түркістан бойынша атқарылған тарихи жұмыстар елге өнеге болып та жатыр. Мына Түркістан бес жылда әлем таңқалатындай үлкен шаһарға айналды. Түркістан осындай жағдайға жетпесе бізге сын еді. Баяғыда біз осында қызмет етіп жүрген кезімізде арманымыз болатын. Кезінде Баймахан, Қадырбек бәріміз Түркістанның даму бағдарламасын, макетін жасап, бармаған жеріміз жоқ. Сол арманымыз орындалды. Қазір осы Түркістанға ие болушылар өте көп. Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да, Түркістанды айтып мақтанады. Түркістанды үлкен қала етіп көтергендеріңізге үлкен рахмет.

Әрине, осындай ірі жобаның, үлкен тірліктері басталған кезде кей тұстары ақсап, кейбір жерлерінде кемшіліктер болып жатады. Түркістан салынып жатқан кезде көгалдандыру, көріктендіру, дамыту мәселесіне байланысты және Сауранға қатысты да ескерілмей қалған жайлар бар сияқты. Бір жарым сағаттың ішінде бір кітапқа арқау болатын жайларды баяндадыңыздар.

Осы мәселелердің барлығы жөнінде бір жайды айтқым келеді. Егер, осы атқарылатын жұмыстар жөнінде жобалық-сметалық құжаттары дайын болып, ол сараптамадан өтіп, қаржы бөлдіру мәселесіне тіреліп тұрса, онда біз Мұрат Болатұлы екеуміз сіздердің адамдарыңызбен бірге қолдарынан жетектеп алып, тиісті министрліктерге кіріп, қаржы министрлігі қаржының құдайы соларға дейін барып, Премьер министрдің орынбасарларына дейін кіріп, осы Сауранға қатысты мәселелерді шешуге әрекет жасауға біз дайынбыз.

Сіздердің айтып отырған көп мәселелеріңіздің құжаты жоқ. Құжаты жоқ мәселеге қаржы бөлінбейді. Сіздер оны дұрыс түсініңіздер. Сондықтан, мына айтылған мәселелер біріншіден әкімдіктен басталуы керек. Аудан, облыс әкімі осылардың құжаттарын дұрыстап, реттеп, жоспарлап, биылғы жылға бізге мынау керек, ендігі жылға мынау керек деп бекітіледі. Құжаттар дайын болса, оған қаржы бөлгізудің өзі бір жыл уақыт алады. Мұның барлығы әкімшіліктер мен министрліктердің құзырындағы нәрсе. Бірақ, біз өзіміздің абырой беделімізбен, ауыл шаруашылығындағы тәжірибемізбен ықпал етуге қашанда дайынбыз.

Сіздерге жаңа әкім Ғалымжан Қарабайұлының келгеніне де жарты жыл ғана болды. Әкім бас болып, мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып, осы қажетті нәрсенің бәрін бір жоспарлы түрде реттеп, құжаттары түгелденген соң бізге шығуларыңыз керек. Жаңа аурухана мен емхананың құжаттарын сұрап жатырмын. Дайын секілді. Құжаттары дайын болса, әрі қарай әрекет жасайық.

Мен сіздерден екі мәселені сұрап алғым келіп отыр. Осы Сауранға су жеткізіп алу мәселесі бұрыннан бар проблема. Мен қызмет етіп жүрген кезде де осыдан он екі жыл бұрын Сауранға су жетпей жататын. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы бір кездесуде «Түркістанның айналасында біршама су қоймалары бар, тағы да бірнеше су қоймасын саламыз. Сол кезде бұл маңда суға тапшылық болмайды» деген болатын. Дәл қазіргі таңда араларыңызда Сауранда судың тапшылығын болдырмайтын жобаны ұсына алатын мамандар бар ма? Болмаса, мен су мамандарымен дұрыстап ақылдасуым керек.

Өткендегі Өмірзақ Шөкеевтің жасаған жоспары бойынша Сауранға дейін су жеткізілетін болады деген еді. Сауран ауданы Түркістан облысындағы шеткі аудан. Соңғы ауылы Майдантал, Бабайқорғанға дейін су жеткізіліп жатса, қалғандарына да жеткізілді деген сөз. Бұрындары артезиан құдығын қазғанда 50-70 метрден су шығатын. Қазір енді ол су 250-300 метрге дейін тартылып кетті деп жатыр. Олай болса, оған көбірек қаржы керек. Артезиан мәселесін жүзеге асыру үшін біраз жұмыстанып, оны облыс көлемінде нақты шешу керек. Облыс мәслихатында осы Сауран ауданын ағын сумен қамтамасыз ету мәселесін мамандарды жинап, арнайы қарауымыз керек деген ойдамын. Шақырсаңыздар ол жиналысқа келуге дайынбыз.

Ескі Иқанның мәселесі туралы. Сіздер «Казводхозға» қарағандықтан тарифтеріңіз 650 теңгеден болып отыр. Бізге «Казводхоздың» мамандарының түсіндіргені мынау. «Біз қазір Ескі Иқанның су жүйесін қайта жаңғыртып жатырмыз. Соған біз Азия даму банкінен заем алғанбыз. Сол заемның ақшасын қайтару керек. Оны пайыздық өсімімен қайтарамыз. Сол келісімді жасаған кезде біздің шаруаларымыз соған қол қойған. Шаруалардан қайтару мүмкін болмағандықтан біз оны тарифке қосып жібердік. Екі жыл төледік. Енді бір жылымыз қалды. Содан кейін тарифымыз орнына келеді. Ол қарызды уақытында төлемеу мемлекетімізге сын»,-деген әңгімені айтып жатыр. Олар «біз Иқан ғана емес, жалпы республика бойынша ортақ тарифты енгіздік», — дейді. Осы мәселемен айналысып жатқаныма төрт-бес ай болды. Мұны дұрыстап таразылап алуымыз керек. Сосын шешім қабылдаймыз.

Баймахан айтқан табиғи газ жеткізу мәселесіне тоқталар болсам, нақты ұсыныстарыңызды беріңіздер. Қазіргі таңда 2024 жылдың республикалық бюджеті жасақталып жатыр. Бұл жобалар барлық министрліктерден өтіп Сенатқа келген кезінде ғана біз араласа аламыз. Бізге нақты сметалық-жобалық құжаттары сараптаудан өткізілген жобаларды қаржыландыру қажет болған кезде ғана іске бірге кіріселік. Ағын су, ауыз сумен қамту мәселелері де нақтылықты қажет етеді.

PS: Сенаторлармен бас қосуды қорытындылаған аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы қазірдің өзінде ауылдарды абаттандыруға қатысты бірқатар жобалардың сметалық–жобалық құжаттамалары әзірленіп, сараптамадан өткендігін мәлімдеді. Бәрінен бұрын саурандықтарды сенаторлар Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбековтардың жергілікті тұрғындардан ешнәрсені жасырмай кездесуді еркін форматта өткізіп, қолдарынан келген көмектерін аямай іске құлшына кірісуге дайын екендігі қуантты. Жиналғандар ел ішінен шыққан сенаторлардың шынайы жанашырлығына тәнті болды. Жоғарыдан да, төменнен де қолдау тапқан жобалардың ғұмыры ұзақ болатындығы даусыз. Ендеше, іске сәт. Бас қосуға қатысушылар бірауыздан «келер жылдың республикалық бюджетінен Сауран ауданын абаттандыру жобаларының ойып орын алуына бірлесе қызмет етейік» деп тарқасты.

Ескендір ЕРТАЙ.