ORDABASY: АУДАНДА БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ ПРЕСС-ТУР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

146

28 маусым – БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай ауданда пресс-тур ұйымдастырылды.

Оған облыстық телеарналар мен басылымдардың, ақпараттық сайттардың журналистері қатысып, ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.

Олар алдымен Бадам елді мекеніндегі «Jnray» ЖШС-ның 500 жұмыс орнына лайықталған тігін фабрикасында болды. Нысан 2024 жылы іске қосылған. Жоба құны 1,3 млрд.тг. Фабрикада арнайы, медициналық, спорттық, әскери киімдер тігілуде. Жалпы «JNRAY Group» тігін фабрикасы 3-кезеңмен іске асырылуда. 2023 жылы құрылысы басталып, биыл аяқталады деп жоспарланып отыр

Одан соң БАҚ өкілдері “Бөрте милка” ЖШС-ның жаңадан іске қосылған (жобаны кеңейту) сүт тауарлы фермасына барды. Нысан ағымдағы жылы мамыр айында іске қосылған. Өндіріс қуаттылығы- СТФ-ын 403 басқа ұлғайту. Жылына қосымша 3500 тонна сүт өндіру жоспарлануда.

Журналистер Бадам елді мекенінде салынып жатқан спорт кешенін де барып көрді. Спорт нысанының құрылысы 2023 жылы тамыз айында басталған. Осы жылдың желтоқсанында пайдалануға беру көзделіп отыр. Қазіргі таңда нысанда ішкі әрлеу, сыртқы әрлеу, отмоска құю жұмыстары жүргізілуде.

БАҚ өкілдерінің аялдаған тағы бір нысаны — Қараспан ауылдық округіндегі Берген Исаханов ауылындағы көше қиылысында орналасқан «Шаңырақ» қақпасы.

​Нысанның құрылыс жұмыстары «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-ы тарапынан атқарылуда. Қақпаның құрылысы маусым айында аяқталып, ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ, көше қиылысында балаларға арналған ойын алаңшасын салу, орындықтар мен жарықшамдар орнату жоспарлануда.

Пресс-турға қатысушылар Темірлан елді мекенінің іргесінен салынып жатқан «Шәмші аллеясының» құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған нысан ауданның құрылғанына 60 жыл толуына орай жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын «Armada Stroy 2020» ЖШС-і жүргізуде. Аллеяны биыл шілде-тамыз айларында қолданысқа беру жоспарланған. Онда сазгердің ескерткіші, сахна, орындықтар орнатылатын болады.

Одан соң БАҚ өкілдері аудан орталығындағы «Құртай» каналы бойындағы гүлзар, жаңа демалыс аймағының құрылысымен танысты. Нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «DosGrupp» ЖШС-і аллеяны биыл шілде-тамыз айларында қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Онда балаларға арналған ойын алаңшасы, орындықтар, жарықшамдар орнатылып, спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған.

Темірлан елді мекенінде бой көтеріп жатқан 250 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын көрген журналистерге сала мамандары спорттық-мәдени нысандар туралы ақпарат берді. Бұл спорттық нысан «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынуда. Оны мердігер жыл соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлауда.

Журналистер Темірлан елді мекені, Самал мөлтек ауданында бой көтеріп жатқан арендалық тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Қазір онда 1 қабатты, 2 бөлмелі 26 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ондаңы құрылыс жұмыстарын «Барс Құрылыс» ЖШС-і тарапынан атқарылуда.

Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде

2 223 тұрғын тіркелген. Кезектегі тұрғындарды тұрғын үймен қамту мақсатында “Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының” аясында жеке инвесторлардың есебінен Темірлан елді мекенінде 1 қабатты 26 үй (52 пәтер) және 3 қабатты 3 тұрғын үй (84 пәтер) арендалық тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде 1 қабатты 6 үйді (12 пәтер) сатып алуға келісім-шарт түзіліп, коммуналдық меншікке алынған соң тұрғын үй кезегіндегі 12 отбасыға табысталады. Аталған тұрғын үйлерді сатып алуға республикалық және облыстық бюджеттен қаржылар бөлінді. Құрылыс жұмыстарын қазан айына дейін толық аяқтау жоспарланған.

Орталық саябақта 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігіне арналған мемориалды тамашалаған БАҚ өкілдері сапарды жуырда ғана жөндеуден өткен “Мәдениет үйінде” қорытындылады. Онда аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштері бойынша баяндама жасап, әр сала бойынша жыл басынан атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Шара соңында аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков ауданның тыныс-тіршілігін БАҚ беттерінен кеңінен насихаттап, жұртшылыққа хабар таратуда аянбай еңбек еткен журналистерге алғыс жариялап, сый-сияпат табыс етті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі