Шымкенттің құрылыс саласы жаңа деңгейге шықпақ
Биыл басқарма тарапынан 113 құрылыс жобасы іске асырылуда. Мекеме қызметінің тиімділігін бағалау 8 мақсатты көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.
Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің жалпы аумағын 1 млн. шаршы метрге жеткізу жоспарлануда. Жаңадан салынып жатқан баспаналардың ішінде 570 мың шаршы метрі – көп қабатты тұрғын үйлер болса, 430 мың шаршы метрі – жеке тұрғын үйлердің үлесінде.
Былтыр Шымкент қаласында жеке және көпқабатты тұрғын үйлер санатынан 649,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынған болатын. Бірінші жартыжылдықта 276,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 101,9 пайызға артқанын байқауға болады.
Айта кетсек, бірінші жартыжылдықта негізінен жер қазу жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс қарқыны жылдың екінші жартысынан бастап артады.
Басқарманың алты айда атқарған жұмыстары жөнінде есеп берген басқарма басшысының міндетін атқарушы Б.Күздеубаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары көлемінің жылдық жоспары 135,6 миллиард теңге болып белгіленген. Бірінші жартыжылдықта атқарылған құрылыс көлемі 50,1 миллиард теңгеге жетіп, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 115,6 пайызды құраған.
Жыл басынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 4832 пәтерлі 79 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстары басталған. Оның ішінде 1224 пәтерлі 18 тұрғын үй – арендалық баспаналар болса, 3608 пәтерлі 61 үйдің кілттері – тұрғын үй несиесін алғандарға табысталмақ.
Жаңадан салынған нысандарға инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша 15 жобаны іске асыру көзделіп, оның 6 нысаны пайдалануға берілген.
Білім саласы бойынша 11 нысанның құрылысына қаржы қарастырылған. Оның ішінде 4 мектептің ғимараты жаңа оқы жылына дейін іске қосылады деп күтілуде. Мәдениет және спорт салаларында 5 нысанның құрылыстары жоспарланып, оның екі нысаны пайдалануға берілді.
Жоба-сметалық құжаттамалар әзірлеу бойынша екі медициналық ұйым мен Сайрам тұрғын алабында өрт сөндіру депосының құрылыстарын жүргізу жоспарланып, іске асырыуда.
Есеп барысында басқарманың атқарған жұмыстарын талдаған Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыс қаланың дамуына ықпал ететін маңызды сала екендігіне тоқталды. Құрылыс жүргізу қала экономикасының дамуына тұтастай әсер етіп, бизнестің құрылыс нарығына бейімделуі жүзеге асатынын, оның ішінде құрылыс материалдарының өндірісі қарқын алатынын атап өтті.
«Қаланың тіршілігі жылжымайтын мүлік нарығы арқылы өрбитіні белгілі. Сондықтан-да, құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезеңінде нақтылыққа баса назар аудару қажет. Бұл бағытта басқарманың жоспарлау қызметі құрылымының жұмысын жүйелеу керек», — деді қала әкімі.
Мұрат Әйтенов атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалауды ұтымды ұйымдастыру керектігіне назар аударып, салынып жатқан нысандарға онлайн режимде трансляция жасауға мүмкіндігі бар камералар орнатуды ұсынды. Осылайша, құрылыс басқармасы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын күнделікті бақылап, өндірістік кестенің сақталуына кепіл болмақ. Құрылыс нысандарымен тікелей эфирде байланыса отырып, жұмыс жиындарын да өткізуге болатынын атап өтті.
Кездесуді қорытындылай келе, қала әкімі пайдалануға берілген нысандарды теңгерімге өткізу жөніндегі жұмыстарды ерекше бақылауда ұстауды тапсырып, лифт шаруашылықтары тиісті талаптармен тексеруден өтіп, рұқсат қағаздары алынбайынша, көпқабатты тұрғын үйлер мемлекеттік қабылдаудан өткізілмеуі керек деп нақты айтты.