ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және өзекті мәселелерді талқылау мақсатында «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Қабыл Сұлтан Абзалұлы, Дін істері басқармасы жанындағы Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Шамуратов Алихан Дилмуратұлы, Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Төлегенов Сәбит Төлепбергенұлы, аудан прокуратурасының прокуроры Алимбеков Асқар Тұрдымұратұлы, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері, генерал Исабеков Ақжігіт Қалтайұлы қатысты.
Кездесу барысында жастарға құқықбұзушылықтың алдын алу, лудомания, интернет алаяқтық және кереғар діни ағымдардың зардаптары жөнінде жан-жақты мәлімет беріліп, олардың алдын алу жолдары түсіндірілді.
Қазіргі заманда қоғамның дамуы мен тұрақтылығы азаматтардың құқықтық сауаттылығына тікелей байланысты. Құқықтық білім беру – бұл адамдардың заңды білуі, оны құрметтеуі және күнделікті өмірде қолдана алуы. Сондықтан құқықтық білім – әрбір азаматтың мәдениетінің, тәрбиесінің және жауапкершілігінің маңызды бөлігі.
Құқықтық білім беру – бұл тек заңдарды үйрету емес, ол адамның құқықтық мәдениетін қалыптастыру процесі. Адам өз құқығын, міндетін және жауапкершілігін білгенде ғана қоғамда тәртіп пен әділдік орнайды.
Мектеп пен жоғары оқу орындарында құқықтық пәндердің оқытылуы – жастардың азаматтық көзқарасын, елжандылық сезімін тәрбиелеудің басты жолы. Сондай-ақ құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен өткізілетін іс-шаралар да маңызды рөл атқарады.
Мысалы: «Құқықтық мәдениет апталығы», «Заң және біз», «Халық заңгері», «Жолда қабылдау», «Қауіпсіз жол» сияқты акциялар мен кездесулер құқықтық сана мен жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Құқықтық білім беру – қоғамның әрбір мүшесіне өз құқығын қорғауға және өзгенің құқығын бұзбауға үйретеді. Бұл – қылмыстың алдын алу, әділ қоғам құру және жастарды заңды құрметтеуге тәрбиелеудің ең тиімді жолы.
Құқықтық білімнің маңызы өте зор, себебі ол:
— Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырады;
— Құқық бұзушылықтың алдын алады;
— Мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады;
— Әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етеді.
Қорытындылай келе, құқықтық білім беру – дамыған, әділ және тәртіпті қоғамның негізі. Әр азамат заңды білуге және оны сақтауға міндетті. «Заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды, ал заңды білу – өміріңді қорғайды.»