ЖОЛ ЕРЕЖЕСІНЕ ЕНЖАР ҚАРАМАЙЫҚ!

17

2025 жылдың 9 айында Түркістан облысы бойынша 925 жол-көлік оқиғасы тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,3 пайызға өскен. Соның нәтижесінде зардап шеккендер саны 19,5 пайызға артса, оның ішінде жарақат алғандар саны 21 пайызға, қаза тапқандар саны 11,8 пайызға көбейген.

Жол-көлік оқиғаларының аудан, қалалардағы үлесі қандай? Айталық, Түркістан қаласында — 136, Жетісайда — 130, Сайрамда – 121 оқиға тіркелсе, Арыста — 64, Түлкібаста — 55, Келесте — 54, Шардарада — 47, Төлебиде — 41, Ордабасыда — 38, Созақта — 36, Отырарда — 35, Сауранда — 35, Сарыағашта — 35, Қазығұртта – 29, Мақтааралда – 24, Бәйдібекте — 23, Кентауда – 22 факті орын алған

Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі жол қозғалысы ережелерін сақталмаудан туындап отыр. Олардың ішінде белгіленген жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілердің жолды тиісті емес жерден кесіп өтуі, жол белгілері мен жол сызықтарының талаптарын орындамау, маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы бағыттағы қозғалысқа шығу немесе басып озу ережелерін сақтамаудан болатын оқиғалар аз емес.

Осы ретте облыс тұрғындары, қонақтар мен туристерден жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұранамыз. Егер жол-көлік оқиғалары туралы ақпаратты білгіңіз келсе, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің «https//gis.kgp.kz» порталындағы «Авариялық карта» бөлімінен қарауға болатынын еске саламыз.

Қазіргі таңда жол қозғалысы қауіпсіздігі – қоғам өміріндегі ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі адамдардың жол ережесін сақтамауынан туындайды. Әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі – өз қолында.

Жолда жүру мәдениеті – тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де ортақ міндет. Жаяу жүргіншілердің бағдаршам сигналдарын елемеуі немесе жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтуі көбінесе ауыр зардаптарға әкеліп соғады. Ал жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы мен телефон пайдалануы апаттардың көбеюіне себеп болады.

Жол ережесін сақтау – тәртіп пен жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір ата-ана өз баласына кішкентайынан жолда жүру мәдениетін үйретуі тиіс. Бұл – болашақта қауіпсіз қоғам құрудың басты қадамы.

Полиция қызметкерлері мен еріктілердің бастамасымен жыл сайын түрлі түсіндіру акциялары мен рейдтер өткізіледі. Мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алып, азаматтардың құқықтық және көліктік сауаттылығын арттыру.

Есіңізде болсын! Бір сәттік немқұрайлылық – өмір бойғы өкінішке айналуы мүмкін.
Сондықтан жол ережесіне енжар қарамайық! Өзіміздің және өзгенің өмірі үшін жауапты болайық.