САЛ АУРУЫНА ШАЛДЫҚҚАН БАЛАЛАР ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНДА ЕМДЕЛЕДІ

390

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңажылдық құттықтауында індет кезіндегі қиындыққа қарамастан, өткен жылы көптеген жетістікке қол жеткізілген атады. Ел игілігіне қызмет етіп жүрген әрбір азаматқа шынайы ризашылығын білдіріп, Қазақстанның жарқын болашағы ел тағдырына бей-жай қарамайтын, нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында екенін жеткізді. Сонымен қатар жастарға үміт артатынын, өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасаудың  қажеттілігін атады, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады.

– Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Бұл жылды тек ұрандатып немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз, – деп атап өтті Президент.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай, қаламызда балаларға арналған іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Осы мақсатта ұйымдастырылған баспасөз туры барысында қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «№1 оңалту орталығы МКҚК» жұмысымен таныстық.Оңалту мекемесінің бас дәрігерінің орынбасары Мейрамгүл Алтаева орталықта 120 қызметкер жұмыс істейтінін, дәрігерлердің көпшілігі тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары мамандар екенін айтып өтті.

–Мұнда тірек-қимыл қозғалысы бұзылған, церебральді сал ауруынан жұту, шайнау қызметтері нашарлаған және тіл мүкістігі бар балалар мен жасөспірімдер емделеді. Науқастарға негізінен медициналық және педагогикалық, коррекциялық емдеу түрлері қолданылады. Балаларға ортопед-травматолог, неврапотолог, дефектолог, психолог, физиотерапевт және реабилитолог сияқты жоғары санатты дәрігерлер қызмет көрсетеді, — деді М.Алтаева.

Жыл басынан бүгінгі күнге дейін оңалту орталығында 583 бала ем-дом қабылдаса, емдік шаралар өз нәтижесін берген 14 сәби аяғынан нық тұрып, 12 бүлдіршін өздігінен жүріп кеткен.
Бұдан бөлек орталықта галотерапия, психологиялық оңалту, монтессори, сенсор бөлмесі, эрготерапия, ойынтерапиясы секілді қосымша емдеу шаралары жүргізіледі.
Аталған орталықта тегін ем қабылдау жергілікті емханалардың жолдамасы арқылы жүзеге асырылады.