ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПЕРЗЕНТХАНАДА ЖЫЛЫНА 11 МЫҢ СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛЕДІ

518

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық перзентханасында болып, қазіргі жағдайымен танысты.

Бүгінде стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қалалық перзентхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артқан.

Қазіргі таңда мекемеде 53 білікті дәрігер, 171 орта, 87 кіші медперсонал жұмыс істейді. Қала тұрғындарына 153 төсек-орындық стационар қызмет көрсетуде.

Қалалық перзентхананың 6 ғимараты 2021 жылы күрделі жөндеуден өтті. Оған бюджеттен 1,7 млрд теңге қаралған-ды. Нысан толықтай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған, заман талабына сай. 2021 жылы 41 медициналық құрал-жабдық (22-і жергілікті бюджет есебінен) сатып алынды.

Жылына 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келетін нысан жаңғырту жұмыстары нәтижесінде 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалды.

Қала әкімі шаһардағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртудың маңыздылығын, ана мен баланың денсаулығын жақсарту, демографиялық көрсеткішті одан әрі ұлғайту негізгі бағыттардың бірі болып белгіленгенін атап өтті.

Шымкентте денсаулық сақтау саласына, оның ішінде ана мен бала денсаулығына барынша назар аударылып келеді. Перинаталды орталықтар соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталып, мамандардың біліктілігі арттырылды. Соның нәтижесінде дүние есігін жаңа ашқан сәбилердің күтімі едәуір жақсарды. Бүгінде перзентханаларда салмағы 500 грамдық шала туған сәбилерге де толыққанды күтім жасалып, үйлеріне шығарылуда.
Мұның барлығы ана мен бала өлімінің санын азайтып, қала халқының санын арттыруға үлес қосып отыр.

Мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек пен қолдау сапасы жылдан жылға артып келеді. Соңғы жылдары әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылып, халықты жұмыспен қамту шараларының саны артқан. Мұның барлығы, түптеп келгенде, отбасы институтының нығайып, бала санының көбеюіне оң әсерін тигізеді. Әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруы нәтижесінде Шымкенте қала халқының табиғи өсімі жылдан жылға артып келеді.