“БІЗДЕ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН БИТУМ ТАПШЫ…”

481


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Жолдауда ащы шындықтарды ашып айтты. Мәселен мұнайлы елміз деп мақтанамыз. Алайда, битум тапшы. Масқара!
Осыған байланысты Президент : «Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек.
Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс. Жалпы, ашығын айтуымыз керек, Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр.
Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр.
Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл – орынды. Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді»-деді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы «Келесі мәселе – еліміздің транзиттік қуатын арттыру.
Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр.Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр. Транскаспий дәлізі дамып келеді. Осы жұмыстарға әлемдегі үздік логистика компаниялары тартылады. «Қазақстан теміржолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылады»-деді.
Мемлекет басшысы: «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр.
Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен.
Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн.
Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек» деді. Президент Жолдауы ел келешегін кемелдендіруге байланысты тың ұсыныстарымен ұнады. Үшінші мегаполис Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына даңғыл жол салатын Жолдау болады деп сенемін.
Ерсұлтан Әмірбек,
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Шымкент қалалық филиалының төрағасы